Алматы облысының әкімдігі Мұқағалидың аруағын қорлады

0 40

Алыс жолдан шаршап келіп, ашынғаннан үш сөйлем жаза қойып едім, жер-әлем дүбірге толып кетіпті. Мен ғана емес, көбі Мұқағали ақынның қысқа бойлы образын қабылдай алмай жатыр екен.

Кешегі жазбадағы үш ауыз сөйлем ақынның тұлғасына деген жанашырлықтан жазылды. Менімен сөйлескен адамның бәрі осы ойда. Демек, мүсінші Кәкімов Қадырхан ағамыз қанша жерден «классик» болса да Мұқағалидың тас тұлғасын қашап шыға алмағанын айтуға хақымыз бар. Мұны былай қойып, аталмыш ескерткішті ақынның ұрпағынан бастап, қазақтан шыққан кейбір зиялылар құптады екен деп (егер расында солай болса), көмейге кептелген сөзді іркіп қалып, ақын әруағына қиянат жасағым келмейді.

Осы «шедевр туындыға» мемлекет қалтасынан 62 миллионға жуық қаржы жұмсалғанын білдік. Былтыр, қаламгерлік жолдағы ұстазым, өнердегі әкем Дидахмет Әшімханұлының ескерткішін ұрпағы Daulet Ashimkhan бар болғаны 23 миллион теңгеге (мына қаржының үштен бірі) тұрғызды. («Қаржы абаттандыруға кетті» деген жауапты еститін болсам, оның да құнын есептеп бере аламын).

Енді Мұқаң мен Дидағаңның ескерткішін өздеріңіз салыстырып көріңіздер! Қайсысы жанашырлықпен жасалған? Қайсысы қаламгердің шынайы келбетін көрсетіп тұр?

Жазушы Д.Әшімханұлының ескерткіші.

Мұқағалидың ескерткіші.

Алматы облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Marlen Kolbaev мырза! Мына Мұқағали атамыздың «жуанмойын, қазанбас» ескерткіші сіздердің қырағы көздеріңізден қалай өтіп кетіп жүр? 62 миллион теңгеге қандай «ғажап» мүсін тұрғанын облыс әкімі Амандық Баталов мырза біле ме?

P.S. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» деуші еді қазақ. Сол айтпақшы, ауданның ішкі саясаты мен баспасөз қызметі бар кінәні маған артып, ақпарат құралдарына «суретті дұрыс түсірмеген» деген уәж айтыпты. Менің суретім фонға аспанды алып, таудың бір қырын жанама көрсетіп, әсем-ақ шығып еді. Ескерткіштің кем-кетігі мейілінше жасырынып тұрған. Ал, ендеше, осы постқа әкімдік жариялаған рәсімнің өзін салайық. Мархаббат. Не өзгерді? Алатаудай асқақ рухты Мұқағалидың бойы ұзарып кетті ме?

Бұл – маған артылған уәждің біріншісі. Екіншісі, «ескерткіш жасалып жатқанда қайда болып едің?» дейді. Оған жалғыз жауап бар: «Үйде жаттым». Демократиялық қоғамда өз ойын ашық айтып, жақсыны жақсы, жаманды жаман деген адамға осындай сұрақ қойыла ма? Мысалы, «әкімдік бір тұлғаның жалаңаш тұрған мүсінін жасады» делік. Бұған халық наразылық танытса, олар «ескерткішті жасап жатқанда қайда болдыңдар» деп бұқараны айыптай ала ма? Жоқ! Семейде Қортық-Абайды салғанда әкімдік халықты, яки халық өкілін дәл осылай кінәлап пе еді? Тағы да жоқ!

Сондықтан, аудандық ішкі саясат пен баспасөз қызметінен логикаға сиымды «айыптау» табуларын сұраймын!

 

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.