Алматы облысының ауылдарын су шайды. Жамбылға да қамданған жөн  

0 23

Алматы облысында бірнеше ауыл су астында қалды. Нақтырақ айтсақ, Ескелді ауданына қарасты Ешкіөлмес, А.Алдабергенов және Көксу ауданының Талапты ауылы топан су астында қалып, халық мектептерді паналап отыр. Бұл жайында  Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

«8 ақпан күні түнде Алматы облысының ТЖД-ға 3 елдімекенінде 40 жеке тұрғын үйдің ауласын су басқаны туралы хабар жетті. Құтқарушылар Ескелді ауданы Ешкіөлмес ауылында оқиға орнынан 10 адамды эвакуациялады. Олар орта мектепке орналастырылды. Мотопомпалардың көмегімен су сорғытылды. ТЖД-да жедел штаб құрылды. Хабарласу үшін жедел желі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта арықтарды тереңдетіп, бөгет салып жатыр», – деді ресми өкіл  Талғат Уәли.

Су басқан ауылдарға Алматы облысы ТЖД-ның 67 қызметкері мен 15 бірлік техника, 18 мотопомпа, жергілікті атқарушы органдардан 28 қызметкер, 5 бірлік техника және 5 бірлік мотопомпа, АПБ 7 қызметкер, 3 бірлік техника жеткізілген.

Әрине көршілес өңір тұрғындарының амандығын тілейміз. Жамбыл облысында да ағын суға қатысты мәселе көп. Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын аймаққа қарасты бірқатар аудандарды су шайған. Күні ертең көктем келе жатқанын ескерсек, бізге де бұл бағыттағы жұмыстарды ширатып, қазірден қамданғанымыз абзал.

Leave A Reply

Your email address will not be published.