Алматының апортын Жуалыдан ғана табасыз

0 93

Шынында да бүгінде қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа деген жанашырлық сезімі көп адамның бойынан жойылып бара жатыр. Адамдар табиғаттан ала бергенді жөн көреді. Ал табиғатты аялауды ұмыт қалдырады. Дегенмен өзінің қоршаған ортаға деген жанашырлығымен көпке үлгі болып жүрген азаматтар да арамызда жоқ емес. Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Ербол Дербісәлиевтің жаны табиғатты сүйетіні әр сөзі мен ісінен анық байқалады. Е.Дербісәлиев ағаш егіп, бау-бақша баптауды ата-анасынан, ауыл қарияларынан үйреніпті.

Ербол Дәртайұлының аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында бас маман болып жемісті еңбек етіп келе жатқанына биыл 37 жыл толып отыр. Ерекеңнің есеп-қисап, салық саласында, аудандық бюджетті қалыптастыруда еткен еңбегі елеусіз емес. Кейіпкеріміз бірқатар салалық марапаттармен қатар, аудан, облыс басшыларының Құрмет грамотасына ие болған.
Ербол Дәртайұлының жұмыстан қолы қалт еткенде айналысатын ермегінің бірі – ағаш егу, бау-бақша өсіріп, баптау. 1993 жылы аудан орталығынан сатып алған үйі қазір гүлзар баққа айналған. Содан бері тұрған үйінің шарбағын түгелдей дерлік алма, түрлі жеміс ағаштары, қылқанжапырақты, одан бөлек сәндік ағаш және гүлдермен көмкерген. Ерекеңнің ауласы негізінен ағаш, бау-бақша егуге өте қолайлы әрі сайдың жағасында орналасқан. Бүгінде шарбағында 15 түрлі 80 түп алма, 20 түп алмұрттың да бірнеше түрі бар. Жеміс ағаштарының өзі 40 түптен асады. Ал қылқанжапырақты ағаштардан (балқарағай мен шыршаның бірнеше түрі) емен, аққайың ағаштары жайқалып өсіп, айналаға көрік беруде. Мұның барлығы бір жағынан еңбек болса, бір жағынан адамның жанына жайлылық, таза ауа сыйлайды.
Жуырда Ербол Дәртайұлымен арнайы кездесіп, көздің жауын алатын бақшасын аралап көрген соң әңгімеге тартқан едік.
– Ауылда туып, ауылда өстік. Ата-әжелеріміз бізді жетектеп жүріп, үлкендерді сыйлаумен қатар, табиғатты сүюге, қоршаған ортаны аялауға, ағаш егуге, бау-бақша өсіруге үйретті. Осы үрдістің үзілмеуін өзіміз де ақсақалдық жасқа жеткенде терең ойлай бастадық.
Аудан орталығында тұрып жатқаныма биыл 35 жылдан асып барады. Алғашқыда отбасыммен біраз уақыт пәтерде тұрдық. 1993 жылы Жамбыл көшесінен жеке үй сатып алдым. Осында көшіп келгеннен бастап ағаш егумен айналыстым. Ағаштар да қартаяды. Қурай бастаған соң орнына жас көшет отырғызасың. Осылай жыл сайын жас көшеттер егіп, бауды жаңартып отырдым. Ағаш отырғызу, бау-бақша баптау да үлкен өнер. Бұл жұмыс адамнан жанашырлықты, тындырымдылықты, еңбекқорлықты талап етеді, – дейді бағбан.
Бағбан ағаш көшеттерін көбінесе Меркі ауданынан әкеліп егеді екен. Ал қылқанжапырақты ағаштардың көшетін Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласынан, кейбірін Ресейден тапсырыспен алдырыпты. Сөзіне сүйенсек, жақсылап күтіп баптасаң, алма көшеті үш-төрт жылда жеміс беретін көрінеді. Әрине, бағбан айтқандай, көп нәрсе бапқа байланысты. Басқасын айтпағанның өзінде, алма бауынан жыл сайын екі тоннаға жуық өнім жиналады екен. Отбасының қажеттілігінен артылғаны сатуға да жетеді. Алманың превосход, гала (қызыл) секілді әртүрлі сұрпы бар. Алматының әйгілі апортын да Ербол ағаның бауынан табасың. Апорт алманың үлкен болатыны соншалық, бір жылы үлкен бір алманың салмағы 820 грамм тартқан екен. Бұл да баптаудың арқасы.
Бағбан ағаш, бау-бақша өсіруден бөлек, үйде бірнеше сауынды сиыр ұстап, жылқы, ірі қара бордақылайды. 200-дей тауық, күркетауық асырап, күніне 50 данаға дейін жұмыртқа жинайды. Ауылдастарын экологиялық таза жұмыртқамен де қамтамасыз етіп отыр. Жыл сайын жылқы бордақылап, сапалы ет өндіруде. Ауыл сыртындағы егістік алқабына арпа, бидай, жоңышқа егіп, мал азығын да молынан дайындайды. Мұның бәрі еңбектің арқасында екенін айтпай-ақ түсінуге болады. Мұндай қажырлы қол еңбегін атқаруға жалғыз өзі үлгермейтіні анық. Бұл тұрғыда баудың бабын тапқан Ерекеңе тірек болып жүрген жұбайы – Күлмаш Мәсенқұлова. Еңбекқор әрі өнегелі отбасында үш қыз, бір ұл тәрбиеленген.
– Жыл сайын байқаймын, мамыр айында бауға бұлбұл, тағы басқа құстар ұя салады. Ағаштар бүршік атып, гүлдеп, жапырақ жайғанда айнала ерекше құлпырып, хош иіске бөленеді. Сондайда баудың көлеңкесінде отырып шай ішіп, демалған қандай рақат. Айнала таза ауа. Қылқанжапырақты ағаштар басқа ағаштарға қарағанда оттегіні көп бөледі. Бұлбұлдар сайрап, айнала ғаламат күйге енеді. Табиғатпен сырласу дегеніңіз осы шығар. Менің пікірімше, әрбір ер азамат үйінде ағаш егуі керек, – дейді Ербол Дербісәлиев.
«Егер бір жылдығыңды ойласаң – егін ек, жүз жылдығыңды ойласаң – тал ек, ал мың жылдығыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» дейді халық даналығында. Осыны қаперде ұстаған Ербол Дербісәлиевтің ісі көпке үлгі екені даусыз. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген осы.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.