Диагноз

Әлсіздікті жою жолдары

Көктем та­биғат­тың таң­ға­жайып түрге енетін тамаша мезгілі екені белгілі. Десе де, қылышын сүйреткен қаһарлы қыстан жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы да көктемгі маусыммен тұспа-тұс келеді. Міне, осы кезеңде адамдардың бойынан әлсіздік, шаршау, депрессия секілді белгілер пайда бола бастайды.

Әсіресе, көктем мезгілінде адам ағзасындағы иммунды жүйе жұқарып, дәрумен қоры да едәуір түгесіледі екен. «Егер ерте көктемде сығылған лимон секілді солғын әрі әлсіз сезінсеңіз, тез арада өзіңізге күтім жасауыңыз керек» дейді Тараз қалалық №7 емхананың дәрігері Әйгерім Ибрагимова. Маман көктемде дәрумендердің жетіспеушілігінен ағзаның ауруға қарсы тұру қабілетінің төмендейтінін, салдарынан адам бойында созылмалы дерттердің өршитінін айтады.

– Көктемгі әлсіздіктің алдын алу үшін алдымен ағзадағы дәрумендер қорын толтыру керек. Дәрумен жетіспеген жағдайда адамның басы айналып, бойын ұйқышылдық басады. Жұмысқа деген құлшынысы төмендеп, дел-сал күй кешеді. Кейде шаш түсіп, тәбет қашып, ұйқы нашарлап, дене салмағы азаюы да мүмкін.

Көктемгі әлсіздіктің тағы бір белгісі созылмалы аурудан соң пайда болады. Дұрыс тамақтанбағаннан да әлсізденуіңіз ықтимал. Себебі, кейбір адамдар қыста ет, консервілер мен шұжықтарды тым көп жеп, ал көгеріш, жеміс-жидектерді аз пайдаланады. Соның салдарынан әлсіздікке ұшырап жатады. Сол үшін күнделікті ас мәзірінде құнарлы әрі дәрумендерге бай тағамдар мен көкөністер көбірек болуы тиіс. Сары май, жұмыртқа, балық, ет және сүт өнімдерін жиі тұтыну керек. Бұл тағамдардың қай-қайсысын алсаңыз да дәрумендерге бай, — дейді Әйгерім Қалабайқызы. Ол әлсіздікті сезінген адам үшін құнарлы тағаммен қатар, дәрігердің нұсқаулығымен арнайы «Сана сол», «Витрум», «Пиковит», «Дуовит», «Мультивитамин» сынды дәрумендерді пайдалану қажет екендігін және ұлттық тағамымыз саналатын айран, қатық, қымыз, шалап сынды сусындарды мүмкіндігінше көп ішсеңіз, әлсіздіктің алдын алуға болатынын айтады.

Бұдан бөлек, көктемгі әлсіздікті, болдыру мен қажуды басу үшін өзіңізге өзіңіз массаж жасағаныңыз жөн. Қолыңызға, желкеңізден аяғыңыздың башпайларына дейін баппен уқалап үйреніңіз. Массаж оның күні бойғы шаршауын басады, жүйкелердің жақсы тынығуына жол ашады.

Кешке қарай, таза ауада серуендеуді әдетке айналдырудың да пайдасы мол. Серуендей жүріп бірқалыпты, сосын терең тыныс алуға жаттыққан абзал. Таза ауа арқылы адамның өкпесі де сергіп қалады. Ми жасушалары да оттегімен қанығып, шаршауды басуға көп көмегін тигізеді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР