«Алтын кірпік, ай қабақ, Жамалы жарқын айнадан»

0 0

Бұл өңіріміз ардақты атымен аталған Жамбыл бабаның тоқсан жасында қазақ қыздары жайлы жазған маржан жырындағы силуэт. Расында жыл құстары туған жерге оралуға бет бұрып, көш түзеп, бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан-жануарға ерекше сезім, күш-қуат, қасиет нұры құйылатын наурыз айы басталысымен-ақ, дәл солай адамзат ғұмырын жалғаушы аналарымыз еріксіз еске оралары анық. Табиғаттың өзін анаға телитініміз де содан болар.

Бірің білгір оқушы,
Бірің кілем тоқушы.
Бірің доктор, кейбірің
Далада алтын колхозшы,
Соны көріп қуанады,
Тоқсанға Жамбыл жеткенде, – деп өрбитін Жамбыл бабаның жоғарыдағы жауһар жыры қазақ қыздарының қайтпас-қайсарлығын, сұлулығы мен тектілігін тереңнен суреттейді. Бұл ретте:
Дәл осы көзім көрген қыздың жайы,
Жігіттің жібек арқан еркетайы.
Күлімдеп қара көзден сәуле түссе,
Секілді жер құлпыртқан көкек айы, – деп тау бұлағындай төгілетін Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңін де айтпай кетуге болмас.
Хош, енді осы мейірім иелері мерекесінің әлқиссасын әріден айта кетсек.
Сонау есте жоқ ескі заманалардағы тарихымыздың түп тамыры түркілердің тас кітаптарында тайға таңба басқандай бедерленген сегіз саны о бастан шексіздіктің белгісі, мәңгіліктің мөрі ретінде бейнеленген. Ол таңбаның пәлсапасы бабалар парасатының, ұлылар ұлағатының көрінісі іспетті.

Дәл осы белгімен адамзат альманахында, тіршілік күнтізбесінде кестеленген 8 наурыз шежірені шексіздікпен жалғаушы ардақты аналардың, аяулы арулардың мерекесі болып саналатыны да сәйкестік емес болуы керек. Сондықтан бір ананың баласындай ұлтымыз ару көктемнің алғашқы сәлемін жеткізген осы салтанатты сәтті асыға күтетіні анық.
Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы, – деп талантты ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы ана алдында қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ұлы Дала иесі атанған ұлтымыздың арғы-бергі тарихында еріне адал жар, баласына ардақты ана болуымен ұрпаққа өнеге, отбасына ұйытқы, ұлтқа ұран болған аналарымыз аз емес. Шерлі шежіреміздің қай парағын ақтарсақ та тегі асыл аналарымыздың өнегелі ісі, айшықты жүзі мен ғибратты сөзіне қанасың.
Ұмай анадан бастап, Тұмар, Бегім сұлу, Құртқа, Қыз Жібек, Қарашаш, Айман, Домалақ, Ұлпан, алашқа ұлы Абайды берген Зере әжесі мен анасы Ұлжан, шоқ жұлдыздай Шоқанның әжесі Айғаным, көмейіне бұлбұл ұялаған Ұлбике, қара домбыраның киесі қонған Дина, шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүк, желтоқсан көтерілісінің жауқазындары Сәбира мен Ләззат, адал еңбегімен халыққа үлгі болған ардақты анамыз Мәрзия Ибрагимова секілді ақылы асқан, дана аналарымыздың бейнесі асыл мұра ретінде ұрпағының санасында сақталды. Себебі шексіз мейіріммен, адамзатқа тіршілік нұрын төгіп, келешекке ақ сәуле, адал ниет нұсқап өмір сыйлаған асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі ол – Ана.
Қазақтың аяулы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова:
Көрмедім мен осындай қайраткерді,
басқар десе, басқарды аймақты, елді.
Бесігін де тербетіп, үйін де ұстап,
айда десе, комбайн айдап берді.
Қорға десе, Отанды, басын тікті,
атын жазып кітапқа асыл түпті.
Қазақ қызы жасаған ерліктерге
қайран қалды басы асау ғасыр тіпті! – деп керемет жырға өмір шындығын өзек еткен. Сол секілді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Кез келген мемлекеттің жеткен биігі, мәдениеті, оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді» деп ананың қоғамдағы төрін биікке көтерген тұжырымы бар. Отбасы һәм оның жүрегі ананың жайы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған емес. Халық даналығындағы «Дүниеде үш нұр бар: біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, үшіншісі – ананың нұры» деген терең мағыналы, мірдің оғындай ұлағат тегін айтылмаса керек. Қалай дегенмен «ерлер тарихты жасайды, ал әйелдің өзі тарих».
Аналар мен нәзік жандыларға арналмаған өнер туындылары да кемде кем. Ақындар мәңгілік жыр арнаса, жазушылар том-том романдар сыйлады. Ғалым да, шахтер де бас иетін анаға Қадір Мырза Әлі ақын;
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып.
Жауларыма жеткен жерден бітеді, – деп перзенттік махаббатын поэзия тілінде бұлбұлдай сайратса, Тұманбай Молдағалиев:
Ойнап шығам содан кейін құрақтай,
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,
Мүмкін, мүмкін ана махаббаты шығар бұл,
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай, – деп жүрек сөзін жырдан өреді. Расында аналар һәм арулар тіршіліктің мәңгілік музасы. Ана деген ұғымның өзі ең үлкен ғылымның бірегейі. Сондықтан болмысы бекзат, жаны жайсаң, жүрегі шуақ абзал аналардың бақыты мен қуанышы да шексіз болғай. Бейбіт, азат һәм тәуелсіз еліміздің Әнұранының авторы Жұмекен Нәжімеденовтың өзі:
Тербейді Ана бөбегін,
Сол арқылы тербетеді өз елін,
Құмын, тауын, өзенін.
Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –
Планетаның алақаны сияқты, – деп жұмыр тұжырымдайды.

Аналарға, аруларға, қазақ қыздарына мәңгілік жырлар мен дастандар әлі де жазылар. Оның өзіне аналардың һәм қаракөздердің мейірімі себеп. Сондықтан, «Сәулелі алтын айымсың, Бақытым сенсің, барымсың» деп ел аузынан түспей, кешегіні келешекпен жалғап келе жатқан әйелдерсіз әлем де қаңырап қалмақ. Жасай беріңіздер, мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын арулар, ұрпақпен бірге мың жасаңыздар, аяулы аналар!

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.