Алтын құрсақты аналарға айрықша құрмет

0 3

Тараз қаласындағы 4 722 «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлерінің қатары тағы да бір топ көпбалалы аналармен толықты. Кеше қала әкімі Ержан Жылқыбаев ұрпағының санын арттырып, елдің демографиялық дамуына үлес қосқан тараздық аналарды қабылдап, оларға «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті.

Нақтырақ айтқанда, 7 және одан көп баласы бар 9 анаға «Алтын алқа» табысталса, 6 баласы бар 28 анаға «Күміс алқа» берілді.

Батыр аналардың алдында сөз алған қала басшысы Ержан Жұматұлы әйел азаматтар барлық құрметке лайықты екенін атап өтті.

– Отбасының ұйытқысы болған аналарымыз аман болсын! Елдің тыныштығы мен балалардың амандығын тілеп, халқымыздың көбеюіне, еліміздің дамуына үлесін қосып жүрген кең жүректі асыл жандар өздеріңізсіздер. Ана болу – батылдық деп білемін. Себебі сәбилерді өмірге әкеліп, өсіріп, егемен елдің бір кірпіші болып қаланып, халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу – табандылықты талап етеді. Сонымен бірге біздің арамызда  үйдің де, түздің де жұмысын қатар алып, қоғамда айрықша белсенділігімен көзге түсіп жүрген аналар  бар.   «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» демекші, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Сондықтан қала басшылығының, қалалық мәслихаттың атынан барлықтарыңызға денсаулық, бақыт, береке-бірлік, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Ержан Жылқыбаев.

Салтанатты шара барысында ақжарма тілектер айтылып, көпбалалы аналар мемлекет тарапынан ана мен балаға жасалып отырған қамқорлыққа алғыстарын айтты.

 

Айша Құдайберген,

М.Х.Дулати атындағы

 Тараз өңірлік университетінің

 1-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.