Алтын құрсақты аналарға құрмет арта береді

0 2

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көпбалалы аналармен арнайы кездесті. Жалпы бұған дейін де аймақ басшысы көпбалалы аналармен кездесіп, мәселелеріне, талап-тілектеріне құлақ асып, шешу жолдарын қарастырып келеді.

Мысалға айтар болсақ, өткен жылы көптің өтініш-тілектеріне орай Таразда «Бақытты отбасы» орталығы ашылып, онда аналардың кез келген мәселе бойынша кеңес алуына жағдай жасалды. Орталықта түрлі сала мамандарымен кездесулер ұйымдастырылып, заңнама негіздері түсіндіріледі. Көпбалалы аналарға заңда көрсетілген барлық жәрдемақылар төленуде. Нысаналы топ арасында қоғамдық пікірлерге байланысты сауалнамалар тұрақты түрде алынып отырады. Жедел шешуді қажет ететін проблемаларды анықтау мақсатында әлеуметтік желілер бойынша белсенді мониторинг жүргізіледі.
Облыс әкімімен кездесуде көпбалалы аналар бала санына, табыс деңгейіне және әлеуметтік жағдайына қарамастан әр балаға 21 мың теңгеден төлеуді сұрады. Ал аймақ басшысы барлығы мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты екенін атап өтті. Мұндай жәрдемақыны енгізу – қосымша
3 триллион теңгені қажет етеді.
– Көбінесе ақшалай жәрдемақылар мүлдем басқа мақсаттарға бағытталады және балаларға жетпейді. Бүгінде арнайы әлеуметтік карта әзірленуде. Әлеуметтік карта бойынша қаражат тек балалардың қажеттілігі үшін ғана берілетін болады, – деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ аналар пәтер және жер учаскесін алу кезегінің баяу жылжу себептері, алты жасқа дейінгі балаларды тегін дәрі-дәрмекпен және бір жылға дейін балаларды қоспа-тағаммен қамтамасыз ету, тұрғын үй комиссияларына қатысу, шенеуніктердің ашықтығына байланысты ойларын ортаға салды.
Облыс әкімі бірден жауапты адамдарға комиссия жұмысына қоғам өкілдерін неғұрлым белсенді тартуды, веб-сайттағы кезек күту тізімі мен тұрғын үйді пайдалануға беру кестесін тұрақты түрде жаңартып отыруды тапсырды.
Ал облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, барлық дәрі-дәрмектер мен қоспалар жеткілікті.
Келесі кезекте Бердібек Машбекұлы тұрғындар тарапынан дәрігерлерге қатысты көптеген сұрақтар туындайтынын баса айтты. Кадр тапшылығын шешу үшін медициналық университеттің филиалы ашылғанын, ақ халаттылардың жалақысы едәуір артқанын, осыған сай сұраныс та қатаң болатынын жеткізді.
– Ең алдымен, дәрігерлердің пациенттерге деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп, кәсіби және жеке дамуына көңіл бөлу керек. Әрбір азаматқа мемлекеттік қызметтер толық көлемде көрсетілуі тиіс.
Электрондық базалар барлық бағыттар бойынша, әсіресе тұрғын үйді пайдалануға беру және кезек бойынша нақты жұмыс істеуі қажет. Сонымен қатар әрбір тұрғын өз кезегін тексеріп, рәсімнің ашықтығы мен әділдігіне көз жеткізіп отыруы керек.
Жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелер көптен бері қажетті көлемде берілмеген. Мұндағы мәселе – инженерлік инфрақұрылым тарту және барлық коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету болып табылады.
Ел бойынша ең төменгі табыс бізде, сондықтан біз өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлік бастаманы, шағын және орта бизнесті дамытуға, инвестициялар тартуға айрықша көңіл бөлеміз, – деген Бердібек Сапарбаев әлеуметтік дүңгіршектерді көпбалалы отбасылар көп қоныстанған аудандарда ашу қажет екенін жеткізді.
Сонымен қатар көпбалалы аналарды мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысуға, шағын несиелер мен гранттарды пайдалануға шақырды. Өткен жылы 7 800 адамға жалпы сомасы 4,8 миллиард теңгенің гранты берілсе, ал микрокредиттеу көлемі 5,4 миллиард теңгеден асқан.
Кездесуді қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев облыс әкімімен өтетін мұндай кездесулер тоқсанына кемінде бір рет ұйымдастырылатынына сендірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.