Алтын құрсақты Айткүл

0 154

Балаға бақытым, байлығым деп қараған халқымыз «Балалы үй базар…» деп текке айтпаған. Шаңырақтың шаттығы, берекесі саналатын аналардың ұрпағына есті тәрбие беруде сіңіретін еселі еңбегі зор. Мақаламызға арқау болып отырған «Ең жас…» айдарының 29 жастағы кейіпкері Айткүл Бубеева жас та болса жеті бала тәрбиелеп отырған алтын құрсақты ана.

Қаратау қаласында туып-өскен Айткүл Әуесқызы отбасындағы 3 қыздың үлкені. Әкесі құрылыс саласында қызмет етсе, анасы аудан орталығында 30 жылдан бері медбике болып еңбек етіп келеді. Ал өзінің мамандығы мұғалім болғанымен, үнемі баламен үйде отырғандықтан бұған дейін жұмыс істемеген. Жолдасы шаруа қожалық төрағасы. Өмірлік серігімен 2009 жылы қыстың көзі қырауда танысып, көктемнің жаймашуақ кезеңінде шаңырақ көтеріпті. 17 жасында өзінен 10 жас үлкен Нұржан Сейсенбекұлымен таныстығы кездейсоқ болған.
– Осыдан 12 жыл бұрын қыста науқастанып, Қаратау қаласындағы аудандық орталық ауруханада ем алуға тура келді. Алғашқы күннен-ақ ерлер бөлімінде емделіп жатқан Нұржан біз жаққа жиі келгіштеп жүрді. Жақынырақ танысқан соң, екеуміз тез тіл табысып кеттік. Екі-үш күннен кейін мені өмірлік жар еткісі келетінін айтты. Бірақ келін болуым үшін алдымен болашақ қайын атам мені көруі қажеттігін ескертті. Сөйтіп, болашақ қайын атаммен таныстырды. Сол кезде ол кісі менімен аз-кем сөйлескен соң, менің ұяңдығым мен қарапайымдылығыма сүйсінсе керек, маңдайымнан сүйіп, «Алланың мұнысына шүкір», деп іштей күбірлеп жатты. Сол кезде ұлына атам: «Мен іздеп жүрген келін осы. Өзі сұңғақ бойлы әрі етжеңді екен. Негізінен әйелдің сүйегі ірі болса, ол өмірге батыр тұлғалы ұрпақ әкеледі. Мен болашақ келінімнен осыны байқадым. Жеделдетіп табалдырық аттат», деп тапсырғанын кейіннен естідім. Мен шынында да бойшаң әрі қарулы, иықты қыз едім. Дегенмен біз араға алты ай салып, көктемде бас құрадық. Келін болып түскен шаңырақ текті әулеттен болып шықты. Атам ауыл әкімі, аудандық мәслихаттың депутаты болған елге сыйлы адам екен.
Қаланың қызы болғаныммен, жаз шыға нағашымның ауылына баратынмын. Ала жаздай сол жақта жүріп, ауыл тұрмысына қанығып, түрлі шаруаларды игере білдім. Қолымнан көп нәрсе келеді деп ойлайтынмын. Алайда келін болғанымда білгенімнен білмейтінім көп болып шықты. Күнделікті тұрмыста жіберетін кемшіліктерімді енем білдірген жоқ. Ол кісі
7 құрсақ көтергенімен, ертеректе бес ұлы бірдей шетінеп кеткен екен. Құралай есімді қайын әпкем мен күйеуімді әулие-әмбие жағалап жүріп әзер көріпті. Жалғыз ұлдың ұрпағын жалғастырар ана болғандықтан шығар, әлі де мені еркелетіп, туған қызындай көреді. Биыл 62 жасқа аяқ басқан енемнен әлі үйренерім көп, – дейді Айткүл Әуесқызы.
Енесі бар жағдайын жасап, құрақ ұшып жүретіндіктен Айткүл дүниеге алаңсыз 4 қыз, 3 ұлды әкелгенін, өзін бақытты санайтынын мақтанышпен баяндады.
– «Қазақта келінді күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деген нақыл бар. Барған жерімде абыройымның асқақтауы ата-енемнің арқасы. Босаға аттаған күннен бастап енем ақылмен тәрбиеледі. Өзі де 17 жасында тұрмыс құрғанын, жас кезде берілген тәрбиенің қайыры болатынын алға тартатын. Үлкендердің, оның ішінде ер жігіттің жолын кесіп өтпеу, ағайындардың есімін өз атымен атамау, үйге келген қонақты қабақ шытпай қарсы алу секілді ұсақ-түйектен бастап, ата-бабадан жалғасқан салт-дәстүр, жөн-жоралғыға дейін бойыма сыналап сіңірді. Тұңғышым Үмбетәліні босанарда енемнің аурухана есігін күзетіп жүргені әлі есімде. Анам сол жерде медбике болғандықтан, өзі босандырып алды. Кенжемді босанғанда ата-енем «Сен енді шынында да көпбалалы анасың» деп ардақтап, алтыннан алқа тақты, – деп ой тербеді кейіпкеріміз.
Келін болып табалдырық аттаған 12 жыл ішінде 7 құрсақ көтерген Айткүлді әулеттің мәпелейтініндей бар. Себебі ұзақ жылдан бері әулетте ата-бабадан тек жалғыз тұяқ тарап келген екен. Нұржанның 27 жасқа дейін бойдақ жүруін әкесі Сейсенбек қария ұрпақ өрбітуге қабілетті жас әрі денсаулығы, тұлғасы келісті келін іздеуімен байланыстырды.
– Ұлым келініммен шаңырақ көтергенге дейін бір-екі қызды маған сырттай көрсеткен. Көбісі нәзік әрі ауыл тұрмысынан бейхабар болып көрінді. «Алып анадан туатынын» үнемі ескертіп, шаңыраққа етжеңді келін түсіруін сұрап жүрдім.
Біздің келісті келін іздеуіміздің ұзаққа созылғанына жан жарым қапа болатын. Ауыл болған соң бау-бақша, мал ұстаймыз. Одан да басқа күнделікті күйбең тірлік көп. Оның үстіне үй жағдайында түйетауық өсіретінбіз. Сол тірліктің барлығын өмірлік серігім Ұлуар атқаратын. Жылда түйетауық бастырып, балапанын бағатын жұбайым бір жолы «Құдай-ау, балапан бақтырғанша, бала бақтыршы маған, немере сыйлашы», деп Аллаға жалбарынып жылағанын көріп, жүрегім езілді. Көңілім босаса да ер адам болғандықтан көзімнің жасын көрсетпедім. Өйткені 30 жылдан бері үйімізде бар-жоғы 4-ақ адам өмір сүріп, расында, сәби иісін қатты аңсап жүрген едік. Бағымызға орай, шаңырағымызға келініміз құт болып келді. Жылма-жыл немере сыйлап, атадан қалған қарашаңырақ азан-қазан, у-шу мерекеге толды. Қазір ол: «Құдай ау, бергеніңе шүкір, балапан баққаннан, бала баққан оңай екен ғой», деп қуаныштан көз жасын сығып алатыны бар. Алла бізді осы бақытымыздан, ырыс-берекемізден айырмасын! – дейді С.Ізтаев.
Бір кездегі қаланың ұяң қызы жатжұрттық болып, бөтен үйге енгенде, онда да ауылдық жерге келін болып түскенде кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт күтіп тұрған екен. Ұлтымыздың санын көбейтуге қосқан үлесі бір бөлек әңгіме.
Жалпы ақ бесікке үкі тағып, үйдің берекесін келтіріп, ерінің, әулеттің абыройын асыратын – ана екені әмбеге аян. Ал олардың көпке ақылшы, кейінгіге үлгі, балаға тәлімді тәрбие беруінде ененің де сіңіретін еңбегі мол. Өмірдің өзегі, тіршіліктің күретамыры саналатын ақ жаулықты аналардың қабағын кірбің шалмаса, қолы бесік тербетуден талмайтыны анық. Айткүл Әуесқызымен тілдескенде біз осыны ұқтық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Майтөбе ауылы,
Талас ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.