Алтын құрсақты Мәншүк

0 0

Әйел бақыты – Ана атану. Алайда бүгінде кейбір отбасылар екі-үш баламен шектеліп, тұрмыстың қиындығын жұмыспен байланыстыратыны белгілі. Әрине отбасы құру оңай шаруа емес. Десе де «балаларым бар бақытым» деп көпбалалы әулет атанып отырған жас отбасылар баршылық. Солардың бірі – Талас ауданы, Қызыләуіт ауылындағы Қарғабаевтар әулеті.

Отанасы Мәншүк Әлиева бүгінде алты баланың анасы. 29 жасында 5 ұл, 1 қызды жолдасы Нұрғали екеуі тәрбиелеп отыр. Нұрғали мен Мәншүк те көпбалалы жанұядан шыққан. Отағасы 10 ағайынды болса, Мәншүктің анасы Қаракөз Әлиева 2 ұл, 5 қызды дүниеге әкелген.
Мәншүк Талас ауданы, Көктал ауылының тумасы. Жолдасымен Қаратау техникалық училищесінде оқып жүргенде танысқан екен. Содан бас құраған екі жас көпбалалы отбасы болуды мақсат етеді.
– Әкем Дөнес өмір жолын теміржол саласында өткерді. Ал анам Қаракөз жетеумізді өсіріп, өз қолымызды өз аузымызға жеткізді. Жолдасым Нұрғали да көпбалалы жанұядан шыққандықтан шаңырақ көтерген бойда көп баламыз болғанын қаладық. Содан тұңғышымыз қыз болса, қалған бесеуі ұл болды. Алла Тағала құрсағыма егізді де берді. Егіз ұлдарымның есімдерін Нұрсұлтан, Ерсұлтан деп қойдық.
Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекті тұрақты түрде алып тұрмыз. Өзіміздің жеке қожалығымыз болғандықтан, Құдайға шүкір ел қатарынан қалмаудамыз. Алла берсе, тағы 2-3 бала сүйсем деймін, – дейді Мәншүк.
Иә жас ананың мұндай ниеті қандай мақтауға да лайық. Және өзге жастарға үлгі екені даусыз. Алайда алты құрсақ көтерген ана «Күміс алқаға» құжаттарын тапсырмапты. Кенжесінің бір жасқа толғанын күтіп отыр екен.
– Әрине әрбір адам баланы өз жанұясының бақыты үшін дүниеге әкеледі. 23 жасымда отау құрсам, Құдайға шүкір алты жылда алты бала сүйіп отырмын. Әр баланың өз нәсібі болады. Үкімет те көпбалалы аналарға деген қамқорлығын аямауда. Сондықтан мен жас отбасыларды көпбалалы жанұя болуға шақырар едім. Бұған тұрмыстың да, жұмыстың да қиындығын сылтау қылуға болмайды. Ең бастысы Алланың берген әрбір перзентіне қуанып, тәубә ету керек, – дейді жас ана.
Өткен жылғы мәліметке сүйенсек, облыста 5287 ана «Алтын алқа», 11033 ана «Күміс алқа» иегері атанған екен. Енді осылардың қатарынан Мәншүкті де көретін күн алыс емес.

С.Жапарұлы,
Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.