"Тарих. Таным. Тағылым."

Алтын Орда һәм Қайду хан мемлекеті

Written by Aray2005

Әңгіменің әлқиссасы Алтын Орда дәуіріне көзқарас және ұлыстардың пайда болу тарихы жайлы. Жалпы тарих тағылымында біз білмейтін тарихи оқиғалардың әлі күнге дейін сыры ашылмай келе жатқан сабақтастығы бар екенін қаншама зерттеу жұмыстарымыздан көріп жүрміз. Ұлы даланы жайлаған түркілердің тылсым дүниесі көптеген ғалымдардың ғылыми тұжырымдарын шатастырып жүргені де жасырын емес. Бір ғана оқиғаның төңірегіндегі жүріп жатқан шым-шытырық тарихи дүниелердің анықталу барысының өзі қаншама ғылыми жұмыстардың негізі болғаны ақиқат. Өйткені әрбір тарихи оқиғаны шынайы түрде ғылымға негіздеп, түп-төркінін ашу үшін де сол дәуірдің барлық жол-жосықтарын түсінуге тура келеді. Сондай әлі күнге дейін ғалымдар арасында талас тудырып, әрқилы ой-пікірдің қауызына өзек болып жүрген тарихи оқиғалардың бірі және бірегейі, бұл – барша түркі баласының басын қосқан ұлы Моғол империясының ыдырауына себеп болып, ұлыстардың өз алдына жеке мемлекет ретінде қалыптасуының басты қаһарманы болған Қайду ханның Тараз қаласы маңындағы Талас өзенінің жағасында өткізген Ұлы Талас құрылтайы еді. Тарихта өзінің биік бағасын алған осы құрылтайдың тарихи деректерге негізделген оқиғалар желісін тарқатып айтсақ дейміз. Бірақ осы ұлы оқиғаны айтпас бұрын біз артқа шегініс жасағымыз келеді. Себебі бұл құрылтайдың не үшін құрылғаны және оның себептерінің шығу негізін білу мақсатындағы тұжырымымызды Шыңғыс хан дәуірінен бері тарқатып айтсақ түсінікті болады деп ойлаймыз.

ХІІІ ғасыр әлем елдерінінің санасында ең қанқұйлы тарихи желістер мен бөрі тектес түркілердің ғаламды талап жеген тағылық әрекеті ретінде сақталып қалды. Шығыстан тозақтың жалын отындай жер бетін жайпап шыққан мұғұл тайпаларының Еуразия даласының екіден бірін ат тұяғының астына таптап дүниені дүр сілкіндірген шапқыншылығы көптеген тайпалар мен ұлыстардың жүрегін ұшырған құбыжық қорқыныш болып елестеді. Түбі бір түркі тектес тайпалардың шашыранды басын бір арнаға қосып, қатаң тәртіп пен ұлы империя құру жолындағы Шыңғыс ханның көрегендігі өзі ойлағандай ұлы Тәңірінің қалауымен іске асты. 1206 жылы Алтай тауының етегіндегі Бұрқан Халдун жотасында мұғұл руларының басын қосып, өзін ұлы қаһан жариялаған Теміршынның батысқа жасаған ұлы жорығы, 1221 жылы бүкіл Азия елдерін бағындырумен аяқталды. Өзін ұлы хандардың ұрпағы санайтын Шыңғыс хан да жаулап алған жерлерін төрт баласына бөліп берді. Үлкені Жошыға Дешті Қыпшақ даласы, Кавказ, Хорезммен бірге батыстың байтақ далаларын атының тұяғы жеткен жеріне дейін иеленуге берді. Екінші ұлы Шағатайға Мәуреннаһр, Жетісу, оңтүстік Азия елдері мен үндіге дейін билеуді тапсырды. Үшінші ұлы, тақ мұрагері Үкітайға бүкіл Мұғұл мемлекетінің билігі мен осы мемлекеттің барлық жері оның мұрасы болып есептеліп, Тарбағатай, Еміл, Шығыс Түркістан жерлерін берді. Ал төртінші ұлы Төлеге атақонысы мұғұл жерлері мен Ібір-Сібір, Қиыр Шығыс жерлерін мұраға қалдырды. Осы территориялық бөліністерден әлем тарихында бұрын-соңды болмаған ұлттар мен ұлыстардың жекелеген тарихы мен мемлекеті қалыптасатынын дәл сол кезде ешкім болжай алған жоқ. Басында бәрі бір атаның баласындай бір мемлекетке бағынып, бір тілде сөйлеп, бір ғана мақсат-мүддеде болған тайпалардың ара-жігі Шыңғыстан кейінгі төртінші қаһан болған Мөңке ханның тұсында мәңгілікке бұзылды. Мәңгі елдің мәңгілік аспаны мен дархан даласында қан судай ақты. Бұған себепші болған да сол Шыңғыстың ұрпақтарының бабасы айтқан өсиеті мен ата заңы болған жосық заңын бұзу арқылы бір-біріне қарсы шығуы еді және әр сұлтанның өз билігін шексіздікке бастау арманынан басталған-ды. Үлкен ұлы Жошыға тиген аумақ ұлы империяның ішіндегі ең үлкені болды. Қазіргі қазақ даласы мен орыс, бұлғар, кавказ, қырым, шығыс Еуропа жерлерінің барлығы дерлік осы ұлысқа қарады. Әсіресе Шыңғыс ұрпақтары арасында үлкен беделге ие болған Бату хан тұсында мемлекет аумағы тіптен кеңейді және Батудың тіккен алтын шатырына орай, бұл аймақ – Алтын Орда деп аталды. Сол дәуірдің жылнамашыларының айтуына қарағанда Бату хан өте қатал да ақылды, көреген де жомарт болған екен. Еуропа мен Азияның көптеген елдері Бату ханды ұлы хан санап, Шыңғыстың тағында отыр деп ойлаған. Мұның барлығы да оның абырой-атағының беделді болуымен байланыстырылды. ХІІІ ғасырдың тумасы, армян тарихшысы Инок Магакия өзінің қолжазбасында: «Татар әскерлерінің жетекшісі Бачу-ноян оларға кішіпейілділік пен достық пейілін білдірген соң, олар патшаның інісі, армян аспарапеті, барон Смбатты Шыңғыс хан тағында отырған Саин ханға елші ретінде жіберді. Смбат көп ұзамай Саин ханға келді … Ол өте мейірімді еді, сондықтан халық оны Саин хан, яғни жақсы, қайырлы хан деп атады» – деген дерегінен-ақ көп нәрсені байқауға болады.
Дегенмен де Бату хан қанша шексіз билікке ие болса да өзін жеке мемлекеттің иесі сезіне алмады әрі орталықтағы ұлы қаһанға бағынышты болды. Жосық заңын қатты құрметтейтін мұғұл тектілер үшін бұл заңдылық болатын. Бірақ Батудың Алтын Ордасы бүкіл Еуропа мен оңтүстік-шығыс Азия елдері үшін нағыз хан сарайының өзі еді. Ол елдер Шыңғыстың ұлы тағынан гөрі Алтын Орданың бұйрықтарына бой ұсынып, соның ғана бұйрықтарын орындады. Бұл – Бату мен Алтын Орданың атақ-абыройын әлемге асқақтатты. Осындай атақ-абыройға ие болса да Бату хан ешқашан Шыңғыстың ұлы тағына таласқан емес. Оған өзінің Алтын Ордасы мен Қыпшақ даласы ұнайтын. Иә, ұлы Қыпшақ даласы шынында да адам қызығарлықтай табиғаты керемет, ауасы таза, кең жазықты дархан пейілді шексіздігімен көз тартты, ал Бату осы сайын даланы сол бір жәннат бағында жүргендей қимайтын. Ибн Рузбиханның: «Бұл кеңістік өзендермен, гүлдермен және қызғалдақтармен жабылған, сондықтан оны Дешті Қыпшақ деп атайды… Бұл қандай Дешті Қыпшақ! Ол – жұмақтың жалғасы. Оның өрістері мен далалары Иранның бақтарынан асып түседі. Дешті Қыпшақ жердің 600 фарсағына тең. Оның көп бөлігі өзендермен жабылған. Осы елдегі гүлдердің әдемілігі әсемпаз бұлбұлдың өзін есінен айырады. Оның барлық гүлдері мен қызғалдақтары әлемдегі басқа бақтардың гүлдері мен қызғалдақтарының мөлшеріне қарағанда бірнеше есе үлкен, – деп тамсана жазғаны осыған дәлел бола алады.

Жосық заңының бұзылуы:
таққа талас. Бату ханның билігі

Ұлы империяның ыдырауының басы 1251 жылы Мөңке ханның Шыңғыстың ұлы тағына отырғанынан басталды. Ол таққа ие болысымен бірден Үкітай ханның ұрпақтарын қудалауға ұшыратып, бетбұрыс жасауға арналған мемлекеттік саясат жүргізді, оның бұл саясаты қарсыластарына ұнай қойған жоқ, сол себепті олар оған қастандық ұйымдастырып, көзін жою әрекетіне көшті. Бұл туралы орыстың моңғолтанушы ғалымы Ю.Р.Почекаев: «Үгедей немерелерінің бірі Ширамун, осы ханның ұрпақтарынан тараған басқа ханзадалармен ақылдаса отырып, өздерінен ұлы тақты тартып алғаны үшін Мөңке ханды өлтіру жайлы кеңес құрады. Ордаға келген оларды Мөңке хан үш күн жақсылап, құрметпен күтеді. Бірақ төртінші күні Ширамунның кейбір адамдарынан қандай мақсатпен жиналғанын сұрайды. Олардың кейбірі өздерінің бүлік шығару үшін ниеттеніп келгенін өз еріктерімен мойындағаннан кейін барып, хан олардың 80-ін өлтіреді. Алайда, Ширамун мен онымен бірге болған Күйік ханның балаларын, сондай-ақ, олармен келісімде болған басқа да 420 адамды кешіреді», – деп нақтылай түседі.
Мөңке хан Ширамун мен 420 адамды өлтірмегенімен оларды жер аударады. Үкітай ханның ұрпақтарының өзіне жасаған қастандықтарына қатты шүйліккені соншалық, ұлы тақтың мұрагерлері саналған олардан бас көтеретін адам қалдырмады десе де болады. Мұның барлығы да Үкітай хан өлгеннен кейінгі тақ мұрагерлерінің арасындағы бабалары айтып кеткен Шыңғыстың жосық заңының бұзылуынан өрістеді. Ұлы хан боп отырған Күйік ханның өзі де Шыңғысханның өсиет еткен жосық заңдарын бұрмалай отырып, әр ұлысқа өз ханзадаларын тағайындау арқылы түбегейлі бетбұрыс жасаған-ды.
Сөйтіп Мөңке хан да Күйік хан тұсында өзгеріске ұшыраған ата-заңдарын бұрмалауды жалғастыра отырып, «Үгедей ұрпақтары саяси төңкеріс жасауға ұмтылды» дегенді сылтауратты да, барлығын жер аударып жіберді. Соның ішінде Қайду да бар еді. Оны Еміл мен Қаялыққа қоныс аудартты. Бірақ Қайду хан мұнда да ұзақ болмай, ұлы хан ордасынан алыстау жүруді ойлап, Шағатай ұлысының оңтүстік-батысындағы Тараз қаласына келіп тұрақтады. Алғаш мұнда келген кезде Қайду ханда өзінің нағашы жұрты мекрин тайпасынан құралған 2-3 мыңдай ғана әскерден басқа ешқандай күш жоқ еді. Өзінің жеке иелігі жоқ Қайдуға бұл оңай тиген жоқ. Мұның себебі дәл сол кезде Үгедейден тараған ханзадалардың ешқайсының иелігінде толыққанды территория болмағандығынан болатын. Үгедей ұлы қаған болып сайланған кезде, бүкіл мұғұл империясының территориясын тек өз иелігі санады да, ұрпақтары үшін Шағатай мен Жошы ұлысы сияқты орталықтандырылған хандық билікті қалыптастырмады. Үгедей, Күйік хандардың тұсында Үгедей ұрпақтары жоғары мәртебені иеленіп, әскери билікті қолдарында ұстады және әрқашан осылай бабасы Шыңғыстың өсиеті орындала береді деп ойласа керек. 1251 жылы Төленің ұлы Мөңке ұлы қаған тағына отырып, ұлы қағандық Үгедей ұрпақтарынан Төле ұрпақтарына көшкен кезде ғана олар өздерінде арқасүйер нақты саяси құрылым (ұлыс) мен жеке биліктің жоқтығын сезінгенді.

Қайду ханның жеке билігінің қалыптасуы

Қайду хан – тарихшылардың айтуы бойынша 1233 жылдары ұлы ханның ордасында, Үкітайдың бесінші баласы Қашының шаңырағында дүниеге келеді. Анасы Мекрин тайпасының қызы, есімі Себкина хатун болатын. Ол әкесінен ерте айырылған соң Моңғолиядағы ұлы ханның ордасында ер жеткенше тәрбиеленеді. Атасы Үкітай ханның, ағалары Күйік хан мен Мөңке ханның барлық басқару қабілеттерін көзбен көріп, әбден шыңдалып, ұлы ордада барлық былық пен қылмыстардың, ата заңы болған жосық бітігінің бұзылуы мен бұрмалануының куәсі болады. Мұның барлығы да оның әскери шыңдалуы мен аталастарының тақ үшін бәріне дайын арам пиғылдарының арасынан дұрыс жолды таңдап шығуына керемет сабақ болып өрбиді. Осы уақытқа дейін Қайду хан ешқандай мемлекеттік іске араласпай келсе, Арық Бұғы Құбылайға қарсы шыққан кезде соны қолдап ең бірінші рет мемлекеттік іске араласады.
Міне дәл осы кезеңнен бастап, біз сөз еткелі отырған, тарихта өзіндік орны бар, Шағатай мемлекеті мен Моғолстан ұлысының негізін салушы қайраткер тұлға ретінде Қайду ханның тарихта сара жолы басталады. Арада бірнеше жыл өткенде Мөңке хан да қайтыс болып, Арық Бұғы мен Құбылай арасындағы тақ таласы басталғанда сол бір іштегі ыза-кектің жауабы ретінде бірден Арық Бұғы жағына шығып, оны қолдай жөнелді. Алғашқы ірі шайқас Монғолияның оңтүстігіндегі сары жазықта өтеді. Бұл соғыс оларға оңай тиген жоқ және екі жақтың да жағдайы мәз болмады, көптеген әскер қырылды, қаншама қан төгілді. Бірақ Арық Бұғы жеңіп шықты. Бұл жеңіс Төле ұрпақтарына кек сақтаған Қайду ханның рухын көтеріп тастады және оның болашақта өз хандығын құру мен жеңіске жету жөніндегі ниет-жігерінің айқын көзқарасын қалыптастырды. Өзіне деген нық сенімді арқалаған Қайду хан бірте-бірте айналасына аталас ханзадаларды жинап, әскер жасақтай бастайды. Оның көрегендігінің бір тұсы, ол – ең бірінші абырой-беделі жоғары, Мұғұл империясындағы азулы да айбарлы хандық – Алтын Ордадағы Жошы ұлысының ханы Беркемен достық қарым-қатынасты орнатты. Бұл достық Шыңғыс тектілердің арасында оның беделін биікке көтерді. Енді ол Шыңғыс ханзадаларының арасында Құбылайға қарсы бас қосып соғысуды үгіттеп, ашық насихат жүргізді. «Құбылайдың бабамыз Шыңғыс қалдырып кеткен жосық заңын бұзып, ата-баба дінін тәрк етіп, бүкіл көшпенді дала ұлдарының қас жауы болған Қытай мәдениетінің ықпалында кетуі – біздің ата-бабамызға және бізге жасалған сатқындық. Ұлы қаһан Шыңғыстың өсиетін аяққа басып, мұғұл халқының салт-жоралғыларын ұмытуы – бізге істелінген қастандық» деп жаһанға жар салды. Оның бұл үндеуі Жошы, Шағатай, Үкітай ұлыстарының хандарынан үлкен қолдау тапты. Тіптен айналасына көптеген әмірлер мен нояндар, ханзадалар жиналды. Арық Бұғы Құбылаймен соғысқанда әрқашан оны қолдап отырды, әскери демеу де берді. 1264 жылы Арық Бұғы Құбылайдан толыққанды жеңіліп, оған бағынғанда да оған қарсы ашық соғысудан қайтпады. Өзін ұлы қаһан санаған Құбылай да өзінің ең басты жауы Қайду екенін түсінді және өзінің ұлы хандар құрылтайына достық ниетпен Қайдуды сан мәрте шақырып бақты. Бірақ ол оның арам пиғылынан қорқып, әртүрлі сылтау айтумен үш жыл бойы бармады. Мұның аяғы үлкен соғысқа әкелетінін сезген Қайду, өзінің әскери шебін күшейтуге тырысты. Бұл үшін ол Шағатай ұлысының ханы, Құбылайдың жақтасы Алғимен соғысқа шығып, оны жеңу арқылы ұлысын күшейтуді ойлады. Алғи бұл кезде Беркемен соғысып жатқан-ды. Ал Берке болса бұл уақытта Құлағу ханмен Кавказдағы иеліктері үшін қиян-кескі соғыстың үстінде еді. Сонысына қарамастан Алғимен де соғысуға тура келді. Өйткені Алғи Құбылай тарапынан Шағатай тағына сайланысымен Мәуереннаһр өлкесіндегі Жошы ұрпақтарына тиесілі Алтын Орда иелігінің әмірлерін қырып, өз адамдарын қойған-ды. Осыдан соң Алтын Орда мен екеуінің арасында соғыс өрті бұрқ ете түседі. Беркенің Қайдуды қолдауы, онымен бауырмалдық достықта болуының себебі де осы еді, яғни, Қайду ханды қолдай отырып, Мәуереннаһрдағы өзінің әскери шебі ретінде ұстау болатын. Есесіне Алтын Орданың қолдауына ие болған Қайдуға ешкімнің тісі бата алмады десе де болады. Сол үшін Қайду оған көмек ретінде Алғи әскерінің бір бүйірінен келіп тиді. Сөйтіп, шағатайлықтарды Берке мен Қайду жеңген соң, Берке хан оған деген ризашылығы мен достығы үшін Мәуереннаһрдағы өз иеліктеріне билік етуді тапсырады. Бұл – Қайдудың абыройын одан сайын асқақтатып жібергені соншалық, ол осы өлкенің бірден-бір әміршісіне айналады. Екінші рет соғысқанда Қайду жеңіліс табады, бірақ, Алғи да көп ұзамай қайтыс болады. Алғидың өлімінен соң Қара Құлағудың әйелі Ергене хатун баласы Мүбарак шахты Шағатай тағының мұрагері деп жариялайды. Бұл Құбылайға ұнамайды да, ол ұлы хан ретінде жарлық шығарып, Шағатай – Мүтүген – Есен Дуба ұлы Барақты тақ иесі деп жар салады. Аталған жарлықтан соң, Барақ Өзкент қаласында өзін хан жариялап, Мәуереннаһрдағы Құбылайдың қойған әміршілерін алып тастап, өз адамын қою арқылы өз билігін күшейтеді де Құбылайдың өзіне қарсы шығады. Құбылай бұған қарсы Жошы ханның немересі, Шайбанның ұлы Көніші бастаған 6 мыңдық жазалау әскерін жібереді. Барақ бұл әскерді дайын тұрған қалың қолмен қарсы алады. Мұны көрген Көніші жеңістің ауылы алыс екенін сезіп, соғыссыз кері қайтып кетеді. Құбылайдың шегінгеніне масаттанған Барақ енді Қайдуға қарсы соғыс жариялайды. Себебі бұл кезде Мәуереннаһрдың көп бөлігі Алтын Орда тапсырған Қайдудың билігінде болып, оған салық төлейтін. Екі әскер Әмудария жағасында кездесіп, қиян-кескі соғыс басталады. Қайду хан жеңіледі. Көп кешікпей Қайду өзінің одақтасы Алтын орда ханы Мөңке Темірден көмек сұрайды. Адал достығы үшін ол 50 мың әскер жібереді. Барақ пен Қайду Сырдария өзенінің жағасында екінші мәрте кездескенде Қайду Барақты быт-шытын шығара талқандайды. Барақ зорға дегенде қашып құтылып, оңтүстік Мәуареннаһрға қарай ығысады. Барлық иелігінен айырылып, Жетісу, Мәуереннаһр, Шығыс Түркістанның иесі жалғыз Қайду хан болып қалады. Яғни бойына біткен дарынды қабілеті мен Алтын Орданың ханы Беркенің қолдауымен Қайду өзінің жеке билігі мен Шағатай ұлысының иесі болып шыға келеді. Дәл осы бір тұста Қайдуға қарсы шығатын ешкім болмайды. Себебі, 1266 жылы қатарынан ұлы Илхан Құлағу да, Берке хан да, Алғи хан да қайтыс болған кез еді. Ал Құбылай болса алыста, Қытай елін бағындырам деп әуре болып жатқанды, Алтын Орда болса өзінің досы, ал, Шағатай өзінің қол астында қалды, осылайша Еміл мен Тарбағатайдан бастап Мәуереннаһр, Жетісу, Қашғардың бірден-бір иелігі соның қолында қалады. Сөйтеді де өз иелігінің астаналық ордасы ретінде гүлденген Тараз қаласын таңдайды.

Тараздың бас қалаға айналуы

Қайду хан жеңілген Барақтың артынан қумайды, қайта бауыры Қыпшақ сұлтанды онымен татуласу үшін қалайда тауып, сөйлесіп келуге жібереді. Оның мұндай көрегендігі мен Шыңғыс ұрпақтарының басын қосып, татулықта өмір сүруді қалаған саналы түрдегі ойы іске асады. Өзін ұлы тақтың мұрагері деп санайтын ол, барлық Шыңғыс тектілердің ортақ құрылтайын жасап, бір мәмілеге келуді шынайы түрде қалап, бәріне өзінің астанасы Тараз қаласының маңындағы Талас өзенінің көкмайсалы шалғынды даласында жиналуға ұсыныс жасаған үндеуін жолдайды. Мұның бұл әрекетін құп көрген барша хан ұрпақтары 1269 жылы Талас өзенінің жағасындағы Кенжек қаласының маңында жиналады. Мөңке ханның ұлы хандық тағына отырардағы өткен құрылтайынан кейінгі бірінші рет өтіп тұрған бұл жиналыс – тарихта Ұлы Талас құрылтайы деген атақпен қалды.
Аталған Талас құрылтайы негізінде Мұғұл империясы ыдырап, әр ұлыс өзінің жеке билігі мен хандығын құрып, Еуразия даласында ұлттық мемлекеттердің қалыптасу негізінің бастамасы болып аяқталды. Ендігі жерде әркімнің өз территориялық мекені мен дара мемлекеттік заң құрылымы жасақталды. Осылайша бір шешімге келе отырып, келесі көктемде Барақ Әмудария өзенінің арғы бетіндегі Абаға ханның жерлеріне жайылымдық жерлер мен иеліктерді кеңейту үшін жорыққа шығады деп құрылтайды аяқтайды. Себебі осы құрылтайға дейін Барақта ештеңе жоқ болатын. Оның құрылтайда жалына сөйлегені мен Қайдудың ағалық бауырмалдығы оны жоқшылықтан құтқарып қалды. Осындай асылтекті ханзаданың туылуы Көк Тәңірінің қалауы ғой. Қайду туғанда Үкітайдың өзі осы немересінен көп үміт күткен екен. Бұл туралы Қайдудың замандасы, ғалым, сол дәуірді өз көзімен көрген Жамал Қаршы былай дейді: «Кыстай (Қайдудың әкесi) Хорасанда әкесінің қасында жүргенде қайтыс болды. Артында баласы Қайду анасының құрсағында қалды. Қайду дүниеге келген кезде, оны атасы Ханға алып барады. Ол немересін кеудесіне қысып, бетінен сүйіп тұрып: «Менің мынау кішкентай ұлым менен кейін менің тақ мұрагерім болсын», – дейді. Сөйтіп Қайдуды Алланың қалауымен жақсылып тамақтандырып, жақсылап өсіріңдер деп бұйырады».
Осы құрылтайдан байқайтынымыз сол кездегі Шыңғыс ұрпақтары арасында атағы асқақ Бату хан сияқты, Қайдудың да өз замандастары арасында абыройы сондай дәрежеде болғанын анық байқаймыз. Дербес мемлекетті құра отырып, оның астана қаласы ретінде Тараз қаласын таңдап алды. Ежелден қаншама ұлыстардың тартысы мен таласына айналған, Түркі, Түргеш, Қарлұқ, Қарахан, Қарақытай сияқты ұлы қағанаттардың астанасы болған, білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің ордасына айналған қасиетті Тараз қаласын таңдауы да тегін емес еді. Таңдап қана қойған жоқ, шапқыншылықтан жартылай қираған қаланы қайта тұрғызып, Хорезмшахтардың сәнді қаласындай хан отыратын ұлы ордаға лайықты етіп салдырды. Қорғаныс қамалдары күшейтіліп, қала іші жаңаша өзгеріске еніп, шығыстың шынайы сұлулығындай құлпырды. Осыдан бастап қаланың атауы халықтың арасында Ианги Тараз, яғни, Жаңа Тараз деп аталды. Бұл – Қайду ханның өркениетке қосқан мәңгілік қолтаңбасы мен мемлекетінің астанасы ретінде тарихтың төрінен өз орнын алды.
Алысты болжай алатын, әрбір іске қайыр-қасиет көзімен қарай алатын саясаткерлігімен құрған мемлекетінің өзі кеткен соң Шағатай ұрпақтарының иеленіп қалатынын қайран Қайду қайдан білсін?! Алтын Орданың дәуірлеуі мен дамуы, мәдениетінің өркендеуі мен өсіп-өнуі Бату ханға қалай байланысты болса, Шағатай ұлысы мен кейіннен пайда болған Моғолстан мемлекетінің де жарқырап тарих бетіне шығып қалыптасуы осы Қайдудың ақылдылығы мен көреген еңбегінің арқасы деп түсінуіміз керек. Қанша Бараққа жер беріп Шағатай ұлысына отырғызғанымен бұл аумақтың ұлы ханы Қайду болып қала берді. Осы өңірдегі хандар мен әмірлер тек Қайдудың бұйрығымен ғана тағайындалды. Жамал Қаршы: «Біздің елдің ханы — Кайду ибн Қыстаи ибн каан әл-кабир Үктай ибн Шыңғыс хан, ол 670/1271 ж. қыркүйек айының соңында Таразда таққа отырған. Ол әділетті, жомарт, жұмсақ мінезді, елдің мүдделерін түсінетін, білімді, мұсылмандарды қолдаушы, мейірімді, тапқыр хан еді, Алла оның тағдырын жеңілдетсін», – деп оны сондай биік дәрежеде мақтап сөйлейді және оның астана қаласы Тараз екенін, өзінің осы қалада хан тағына отырғанын тайға таңба басқандай сенімді баяндайды. Жамал Қаршының Қайду ханның Тараздағы сарайында екі мәрте болғанын ескерсек бұл нақтылық деп қабылдаймыз. Қайду тек ақылды басшы болып қана қойған жоқ, сол кездегі ғылым иелерін де қатты құрметтеген. Жамал Қаршыны өз ордасына екі мәрте қабылдап, оған ғылым мен білімнің дамуына үлес қосуын сұрап, ол үшін барлық жағдайды жасайтынын да айтқан екен. Жамал Қаршының өзі: «Мен оған қызметке екі рет қабылдандым: оның билігінің басында және билігінің соңында. Әрбір қабылданғанымда оның маған дарынды жан ретінде қарайтын жылы ықыласы мен игілігіне, рақымы мен құрметіне ие болатынмын. Ол өзінің ақсүйектері мен халқының жоғарғы топ мүшелері алдында маған ерекше назар аударып, мені атап өтетін. Оның билігі 33 жылға созылды, 701/1301 жылдың басында 68 жасында қайтыс болды», – деп мақтанышпен айтуы тегін емес.
Сонымен 1270 жылы көктем шыға Барақ хан елхандықтардың иелігіне, құрылтай кеңесінің бұйрығы бойынша жорыққа аттанады. Оған Қайду хан да аталас бауырлары Қыпшақ пен Чапатты көп әскермен қоса аттандырады. Бірақ Қайду хан бауырларына жасырын тапсырма береді. Егер Барақ пен Абаға хан соғысуға бетпе-бет келген жағдайда, екеуінің ол соғысты тастап шығуын тапсырады. Осылайша Барақтың жеңілуін тілеп, оның Шағатай ұлысын өзіне мәңгілік қосып алып, Үкітай ұлысының жаңа мемлекетін құруды армандайды. Шынында да Қайду тапсырғандай шайқас басталар алдында екі бауыры майдан даласын тастап кетеді де, Барақ хан Герат түбінде оңбай жеңіліп, қырғынға ұшырайды. Сол сәтті пайдаланған Қайду Ташкент маңында жатқан Бараққа оны тастап кеткен әмірлерді жазалау үшін көмекке келгенін айтып хабар береді. Бірақ Барақ олармен өз есебі бар екенін жеткізіп, көмекке мұқтаж емеспін деген сыңай танытқанын естіген Қайду хан екі түмен әскерімен оның лагерін қоршауға алады. Не керек сол түні Барақ хан белгісіз жағдайда көз жұмады. Осымен Қайду хан өз иелігіндегі бақталас хан ұрықтарынан толығымен құтылады да, 1271 жылы өзінің жеке мемлекетін құрып, Тараз қаласында хан тұғырына отырады да, мемлекетінде шексіз билікті иеленіп, өмірінің соңына дейін өзіне бағынатын қуыршақ хандарды тағайындаумен өмірін өткізеді. Қайду тарапынан Барақтың орнына сондай қуыршақ хан Шағатайдың немересі Никбай отырады. Бірақ, ол да ұзақ отырмай өлім құшқан соң оның орнына Шағатайдың шөпшегі Бұқа Темірді отырғызады. Жамал Қаршы былай баяндайды: «Бұқа-Темір ибн Кадағай ибн Бөрі ибн Мутуген ибн Шағатай таққа 671 / 1272-1273 жылдары Қайдудың бұйрығы бойынша түнгі шайқаста Никбаянды өлтіргеннен кейін барып, орнына отырды. Бұқа Темір 680 / 1281-1282 жылдары қайтыс болды».
Қарап отырсақ, Жамал Қаршы айтқандай барлығы да Қайдудың бұйрығымен тағайындалып отырған. Бұл ұлыстың ұлық ханы Қайду болғаны сол дәуірде белгілі еді. Күшейіп алған Қайду хан бүкіл қытайды жаулап алған Құбылаймен сан мәрте айқасқа шығады. Онымен терезесі тең патша ретінде сөйлесіп, келісімдер жүргізеді. Өзін әлемнің әміршісі санайтын Құбылай бұған көне алмай екеуінің арасында қаншама жойқын жорықтар болып, қаншама жанның қаны судай ағады. Бұл әсіресе, Құбылайдың 1271 жылы өз мемлекетін қытайлық Юань атауына ауыстырған кезде мүлдем өрши түсті. Себебі Қайду хан әу бастан-ақ Құбылайдың ата-баба салтынан алыстап бара жатқанын, бабасы Шыңғыс ханның құрастырып кеткен мәңгілік елінің «Алтын жосық» заңын қытайландыруын өте қатал сынға алып, оны өз аталастарына жасаған қастандық деп санайтынын айтып, мұндай сатқындықпен өмірінің соңына дейін келісе алмай кетті.
Шыңғыс ұрпақтарының ішінде дәл сол кезде осы Құбылайдан асқан адуынды империя болған жоқ, оның жай күндегі әскер санының өзі 300 мыңдай, ал соғыс уақытында 500-600 мыңдай әскер шығара алатын ең қуатты ел еді. Осындай айбынды Юань империясымен Қайдудың күресуі сол кездегі басқа ұлыс хандары үшін үш басты аждаһамен айқасқандай қорқынышты көрінетін. Бірақ бұл Қайдуды еш үрейлендірген емес, қайта ол Ата заңның сатқыны саналатын бауырын қалайда талқандауды, тіптен болмағанда оның бетін қайтаруды ойлайтын. Бар арманы Ұлы Мұғұл империясының алтын тағын қайта қалпына келтіріп, бабасы Шыңғыстай бір тудың, бір шаңырақтың астына жинау болатын. Әйтсе де мұның бәрі оңай шаруа емес еді.
1286 жылы Құбылайдың сенімді әрі ұлық әмірлерінің бірі, қаншама жылдан бері қасында бірге жүрген өзінің аталасы, Шыңғысханның кіші інісі Отчигиннің ұрығы Наян әмірші, Құбылайға қарсы астыртын әрекетке көшеді. Қытайды жаулау барысында көрсеткен еңбектері мен адалдығы үшін Құбылай хан оған көптеген қалалары бар бір аймақты еншісіне берген. Осы аумақты билей отырып, өзінің барлық күш-қуатын көтеріп алған Наянның қол астында сол кезде 300 мыңнан аса әскері бар еді. Өзінің күш-қуатына сенген ол Құбылайға қарсы әскери төңкеріс жасауды ұйымдастырып, ол үшін өзіне одақтас іздейді. Бұл туралы Марко Поло былай баяндайды: «Құбылайдың Наян есімді бір әміршісі болды. Жасы отыздан асқан жас болса да көптеген қалалар мен аудандарды иемденген аумақтың басқарушысы еді. Ол аумақ бұған 400 мыңдай атты әскер жинауға мүмкіндік берді. Бірақ оның осы жастық албырт сезімі осыншама биліктің басында тұрған оның ойын өзгертіп, адал болу мен оған деген бағынушылықтан құтылу жөнінде ой салды. 1286 жылы ол қолындағы осы бір үлкен күшке сүйене отырып билікті басып алуға қадам жасайды. Осы мақсатпен ол жасырын түрде өзінің одақтасы әрі қолдаушысы бола алатын Қайду ханға елші жібереді».
Осы тұста оған одақтас болатын Қайду ханнан артық жан жоқты, оның үстіне Қайдудың онымен қас екенін де білетін. Сонымен бір түнде Қайдуға елші жібереді. Мұның бұл әрекетін Қайду да құп алып, 150 мың әскермен оған көмекке келетінін қуана-қуана жеткізеді. Бәрі құпия түрде жасалады. Бірақ бұл қылмыстың сырын біліп қойған Құбылай бір түнде Наянның ордасын қоршап алады да, оның көзін жояды және осы қастандығы үшін Отчигиннің ұрпақтарының есімдерін тарих бетінен мүлдем сызғызып тастайды. Қайду құрған мемлекет Мәуереннаһр, Жетісу, Шығыс Түркістан мен Тарбағатай, Еміл өлкесіне дейінгі кең алқапты қамтыды. Осыншама үлкен территория Қайду империясы деп аталды. Мұның атағы дүркіреп тұрған шағында Шағатай ұлысы деген мүлдем ауызға алынбады. 1271 жылдардан бастап құрылған ұлы мемлекетін өзі өлген 1301 жылға дейін басқарды және аумағын кеңейте отырып, ұлдарына жаңа хандықтың негізін қалап берді. Осы 30 жылдың ішінде Құбылаймен, Құлағумен, ішінара Шағатай ұлысының хандарымен жер аумағы үшін айқасқа түсе отырып, өз мемлекетін биік дәрежеге көтерді. Негізінен соғыстарының көбісі Құбылаймен өтті. Ол өз өмірінде Құбылаймен ашық шайқасқа 41 рет шығып, соның соңғысында қатты жараланып, атақонысы болған Қарақорым даласында сол жарақаттан қайтыс болады. Рашид ад-Дин: «Денесін арулап, он күн жүріп, өзінің ордасы саналатын оңтүстіктегі Іле мен Шу өңіріндегі Шанхорлық аталатын биік тау етегіне жерледі. Бұл жер Тарсакент (Тараз) және Қаралық деп аталатын үлкен екі мекеннен тұрады», – деп хабарлайды.

Күйреу мен ыдырау: соңғы серпіліс

Оның жерлеу рәсімі өткесін, ол тұрғызып кеткен мемлекеттің алтын тағына оның үлкен ұлы Чапар (Джафар) отырады. Әкесінің ісін әрі қарай жалғастырған ол Құбылайдың немересі Темір қаһанмен соғысын жалғастыра береді. Чапар Қарақорымда, Барақтың ұлы Дува Әмударияда Құлағу балаларымен екі жақтап үздіксіз жорықтар жалғасын тауып тұрады. Бірақ айбынды Қайду хан кеткен соң, барлық хан ұрпақтары бұлардан тайсалмайтын дәрежеде жан-жақтан қыспаққа алады. Чапар Темір қаһаннан жеңіліп, күші әлсірей түседі. Тарихшылардың айтуынша ол әкесі сияқты ақылды, айлакер, көреген болмай шығады. Оның сол бір әлсіздігінен Қайду құрған мемлекет енді жалтақ ұлдай Дуваның тәуелділігіне қарайды. Дува хан осы сәтті пайдалана отырып, қасиетті Қайду ханның ақылға қонар ісін жалғастырғысы келіп, барлық Шыңғыс әулетінің басын қосып, ұлы Мұғұл империясын қайта қалпына келтіру жайлы құрылтай өткізуге ұсыныс жасайды. 1304 жылы Ғазан ханның ордасында барлығы бас қосып, өзара татулықпен өмір сүруді қолдайды да, Темір қаһанды ұлы хан деп тануға келісім жасайды. Бірақ мұның бәрі кейіннен сөз жүзінде қалып қояды. Осы құрылтайдан кейін-ақ сыры белгісіз, құпия жағдайда Шағатай тұқымдары Чапармен әскери қақтығыстарға барады да Чапар жеңіліс табады. Бұған арашашы болған Дува барлығын Ташкент қаласына бас қосуға шақырып істің мән-жайын анықтамақшы болады. Бірақ артынша тағы да бір белгісіз себептермен Талас даласындағы Шой-Балық деген жерде Чапардың кіші інісі Шаха ханзадаға шабуыл жасалады. Оған Дуваның кейбір әскербасылары да қосылып кетеді де Шаханы талқандап, Тараз қаласын басып алады.
Қайдудың астана қаласы Таразды кіші баласы Шаха иеленіп қалған болатын. Бірақ осы соғыстан кейін Тараз қаласы олардың қолына өтіп, қаланың болашақ өркендеуінің жолы кесілді деуге болады. Ал бұл кезде Чапар Ертіс пен Алтай таулары жағында Темір қаһанның әскерімен соғысып жатқан болатын. Бірақ өз әскері арасындағы әмірлер арасынан алауыздық шығып, ол да жеңістің дәмін тату арманынан құр алақан қалады. Қалған-құтқан шамалы жауынгерімен Дуваға келіп тығылады. Айналдырған бес, алты жылдың ішіндегі осы бір оқиғалардан соң Ұлы Қайду мемлекетінің тағы құлап, Шағатай ұлыстарының қолына толыққанды өтеді. Тарихтың сарқылмас сары бітік көзімен қарасаң Шағатай ұлысын Дува хан ешқандай қырғын соғыссыз-ақ өз қолына қаратып алады да Шағатай ұлысының негізін қалаушы тұлға ретінде тарих сахнасына шыға келеді. Осылайша Қайду мемлекеті мәңгілікке өшті.
Тәңірдің нұры түскен бір пендеден кейін тағы бір сондай пенденің өмірге келері тарихи ақиқат екенін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Мәңгілік ешнәрсе жоқ, болмайды да болмаған да. Қаншама өрелі істің үстінде тұрсаң да өрілмей қалар тірлігіңнің тіршілігін көргенде еріксіз тағдырға бас иетінің рас. Бірақ пенде өмір емес, өмір пенде емес. Өмір жалғасын тауып жүре берсе, ал пенде өз тарихын сол өмірге айшықтап жазып өмірден өтіп кете береді.
Ұлы хан, ұлы тақтың иегері, ұлы мемлекеттің негізін қалаушы, ұлы жосықты жаңғыртушы, ұлы құрылтайдың себепшісі болған Қайду хан – өз тарихын осылай мәңгілік аспанының астында мәңгілікке жазып кеткен тұлға болды.

Асылжан Дулати,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану
ғылыми-зерттеу орталығы тарихтану
бөлімінің меңгерушісі

ПІКІР