«Алтыналмас» АҚ-ы 47 миллионнан астам қаржысын материалдық көмекке жұмсаған

0 35

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданының Ақбақай ауылында болып, «Алтыналмас АК» АҚ жұмысымен, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысып, бас менеджер Айдар Қожахметовтің есебін тыңдады.

1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында жыл сайын орта есеппен 1300 килограмм алтын өндіріліп, бір миллион тонна кен өңделеді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 254 мың теңгені құрайды. Өткен жылы кәсіпорынға 5,9 миллиард теңге инвестиция құйылды. Биыл бұл көрсеткіш 12,3 миллиард теңгеге жетеді деп көзделуде.

Пандемияға байланысты қазіргідей күрделі жағдайда жұмысшыларға айтарлықтай материалдық көмек көрсетілгені қуантады. Пандемия кезінде ұжым мүшелерінің көпшілігіне қосымша 200 мың теңгеден, көпбалалы отбасы мүшелері, сондай-ақ асырауында мүгедек балалары барлардың әрқайсысына 50 мың теңгеден берілген десек, барлығы 47 миллионнан астам қаржы материалдық көмекке жұмсалған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 594 орынға арналған «Буферлік аймақ» деп аталатын ғимараттың құрылысы аяқталған. Бұл буферлік аймақ кәсіпорынға коронавирустық инфекция тасымалдаушыларының енуінің, жұмысшылар арасында жұқтыру жағдайларының алдын-алу мақсатында құрылған.

Алтын өндіретін кәсіпорында жұмыс вахталық жүйемен жүргізіледі. Әр ауысым бір-бірімен қилыспайды. Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкерлер буферлік аймақта бес күн тексеруден өтеді. Жаңадан келгендерден ПТР-талдаулар алынады. Теріс нәтиже алғаннан кейін ғана олар жұмысқа жіберіледі. Аталған аймақтың құрылысына 7,4 миллион доллардан астам қаражат жұмсалыпты. Облыс әкімі мұндағы медпункт пен спорт бөлмелерін аралап көрді.

Ұжым жергілікті халықтың мәселелерінен да сырт қалмайды. Кәсіпорын Ақбақай ауылына ауыз су жеткізу мен қар тазалауды тұрақты ұйымдастырады, қажет болған жағдайда тиісті техника мен құралдар бөлінеді.

«Мұның бәрі мақтауға тұрарлық, компания басшылығына игі істері үшін ризашылығымды білдіремін. Десе де, сіздерді жергілікті тұрғындарды, әсіресе жастарды жұмысқа қабылдау мен дайындауға ерекше назар аударуға шақырамын», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Кәсіпорындағы кездесу еңбек заңнамасын сақтау және әлеуметтік әріптестік туралы үш жақты меморандумға қол қоюмен аяқталды.

 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.