Алтыншы сессияда №6 мектептің мәселесі қаралды

0 4

Аймақтағы суармалы алқаптарды кеңейту мен өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беретін мектептердің талапқа сай болуы кезек күттірмей кезең-кезеңімен шешілетін мәселелердің көш басында тұрғаны белгілі. Бұл мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс алтыншы сессиясында қаралды.

Жиын  барысында алдымен облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков осы сәттен бастап сессия отырыстары «Aitube» арнасы арқылы және «Facebook» парақшасында тікелей эфир арқылы көрсетілетінін жеткізді. Бұдан кейін сессия отырысын ашып беріп, жүргізіп отырған облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Жетібаев күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбековаға сөз берді.

– Облысқа жыл басында 120 миллиард теңге көлемінде трансферт қаражаттары түскен болатын. Бүгінгі республикалық бюджеттік нақтылау барысында республикалық бюджеттік комиссияның қолдауымен облысқа қосымша 35 миллиард теңге трансферттер бөлінді. Сонымен бүгінгі күнге бюджетке республикадан бөлінген трансферт көлемі 155 миллиард теңгеге жетіп отыр. Сонымен қатар облыстық бюджеттік кіріс көздерін 6,2 миллиард теңгеге ұлғайту есебінен  біраз шығындарға ұсыныстар жасалды. Ерболат Байұзақұлы Мойынқұм ауданы Қарабөгет ауылдық округіндегі үш елді мекеннің каналдарын тазалау арқылы суармалы алқаптарды кеңейту мәселесін ұсынған болатын. Расында ауыл халқы егіспен, мал шаруашылығымен айналысу нәтижесінде табысын еселеп отырғаны баршамызға мәлім. Сол себепті өткен жылы арнайы осы Мойынқұм ауданына 50 миллион теңге қаржы бөлініп, 2018 жылы құрылған механикалық жасақтың көмегімен каналдарды тазалау жұмыстары жүргізілген. Ол жұмыстар жалғасын тауып, каналдарды тазалау мәселесіне қатысты механикалық жасаққа жылда қаржы бөлініп отыр. Сіздің айтқан ұсынысыңыздағы Құмөзек ауылына қатысты нысанның бізге сметасы келіп түскен жоқ. Дегенмен кешелі бері Мойынқұм ауданымен бірлесіп бұл мәселені көтеріп отырмыз. Биыл бөлінген қаржы шеңберінде тиісті құжаттар толық ұсынылған жағдайда мәселені шешуді ұсынамын. Екінші Ерқанат Нұрбапаұлының тарапынан Тараз қаласындағы №6 орта мектебінің спорт залдарының жоқтығы мәселесі айтылған болатын. Яғни жапсарлас құрылыс жүргізу мәселесін де білім басқармасымен бірлесіп атқаратын боламыз. Бүгінгі күнге мектепке талдау жұмыстары жүргізілді. Бұл мектептің құрылысы 1937 жылы жүргізілген. Бірақ типтік ғимаратқа орналасқан. Мыңнан аса оқушысы бар. Білім саласында үш жылға арналған картаға қаржы бөлінген. Сол қаржы шеңберінде, яғни биылғы жылға бөлінген қаржы шеңберінде бұл мәселенің де шешімін табуды ұсынып отырмыз. Осы ұсыныстарды қолдауларыңызды сұраймын, – деді Гүлдана Әлімжанқызы.

Сессияның отырысына онлайн форматта қатысып отырған депутаттар тарапынан айтылған аталған ұсыныстар бірауыздан қолдау тапты.

Сессия отырысында облыс аумағындағы қала құрылысы жоспарларының кешенді схемасын бекіту мәселе бойынша да шешім жобасы мақұлданды.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.