Алып құрылыс алаңына айналған аймақ

Қордай күн өткен сайын құлпырып келеді

0 5

Былтыр ақпан айында Қордай ауданы дүр сілкінді. Ауыл ағайындарының арасында туындаған кикілжіңнің соңы қайғылы оқиғамен аяқталды. Базбіреулер бұл жайтты пайдаланып, ұлттар арасындағы араздықты тұтандыруға тырысқанымен, билік дер кезінде дұрыс шешім қабылдады. Артынша ауданға бұрын-соңды болмаған миллиардтаған қаржы бөлініп, тұрғындардың тұрмысы түзеліп, әлеуметтің әлеуеті арта түсті. Сонымен, бір жыл ішінде Қордайдағы халықтың жағдайы қаншалықты өзгерді?

Қордайдағы қақтығыс кезінде Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында 65 нысан зардап шеккенін ел жақсы біледі. Оның ішінде 46 тұрғын үй, 18 кәсіпкерлік, 1 шаруашылық нысан болса, сондай-ақ 47 жеңіл, 9 жүк көлігі, 2 трактор және 4 тіркеме сынды 62 автокөлік зақымданды. Аталған нысандарды қалпына келтіру мен Қордай ауданын қолдауға былтыр бұрын-соңды болмаған 35,1 миллиард теңге бөлініп, 400-ге жуық жоба іске асырылды. Оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында құрылыс-жөндеу жұмыстарына 21,8 миллиард теңге қаралды. Сол арқылы аудан бойынша 3 мектептің жаңа құрылысы қолға алынып, 5 көпқабатты тұрғын үйдің, 6 ауызсу жүйесінің,
7 инженерлік инфрақұрылымның, 4 спорт кешенінің, 4 қазандықтың, 6 елді мекеннің газдандыруы мен 4 мектептің күрделі жөндеуі жүргізілді. Сондай-ақ
6 денсаулық сақтау нысаны, түрлі деңгейдегі 274 жол, 2 әлеуметтік қызмет ғимараты мен 2 су қоймасы ағымдағы жөндеу жұмыстарын көріп, 45 демалыс орны абаттандырылды.
Жекелей айтсақ, жобалар аясында 4 630 жаңа жұмыс орны құрылып, оның 2 279-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыға 13 құрылыс жобасы іске асса, одан бөлек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша 198 жобаға жан біткен.
Ал республикалық Үкімет резерві есебінен 101 жобаға 2 миллиард теңге бөлініп, оның 1,9 миллиард теңгесіне 6 елді мекендегі 96 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы 73 миллион теңгеге 3 дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 1 834 миллион теңгеге 24 жоба іске асса, аудан орталығында 884,5 миллион теңгеге 21 көше (52,8 шақырым) орташа жөндеудан өткен. Сонымен қатар Қордай, Отар және Бетқайнар ауылдарында типтік спорт кешені ел игілігіне берілді.
Бұдан бөлек «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында 7594,1 миллиард теңгеге 25 ірі құрылыс жобасы қолға алынды. Оның ішінде 13-і жаңа құрылыс болса, 8-і күрделі және 4 орташа жөндеу жұмыстары.
Ауданда баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында асар арқылы 15 үй салынып, барлығында қоныстой тойланды. Қордай ауылының «Батыс» тұрғын алқабында бес қабатты үш тұрғын үй бой көтерсе, дәл осындай 5 қабатты үй елді мекеннің «Шығыс» алқабынан да салынды. Ал Қаракемер ауылында қолға алынған коммуналдық пәтерлердің құрылысы Тәуелсіздік күні қарсаңында аяқталып, 20 коммуналдық пәтер кілті кезекте тұрған, көпбалалы отбасыларға және жас мамандарға салтанатты түрде табыс етілді.
Қордайда бүгінгі күнге дейін 7,4 шақырым жол жаңадан салынып, 343,6 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Нәтижесінде аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 90 пайызға, ал елді мекен ішіндегі көшелер 75 пайызға жетті. Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қордай, Әлжан ана, Қарасай және Еңбек сынды 9 ауылдың көшелері 100 пайыз асфальттандырылды.
Қордайлықтар үшін көгілдір отын мәселесі 70 жылдан бері «бауын тапса, байлауын таппай» келген. Былтыр бұл түйткілдің түйіні тарқатылып, 22 елді мекенді газбен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 248 шақырымды құрайтын жобаға 11 миллиард теңгедей қаражат қаралды. Нәтижесінде 41 елді мекеннің 34-і, яғни 146 600 тұрғын газға қосылып, көгілдір отынмен қамту үлесі 95 пайызға жетті.
Қордай ауданы тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 6 елді мекенге тіршілік нәрін тарту үшін 2,7 миллиард теңге бөлінді. Соның арқасында тұрғындардың орталықтандырылған ауызсуға қосылу көрсеткіші 78 пайызды құрады. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.
Өткен жылы ауданда білім саласына да баса назар аударылды. Үш бірдей мектептің құрылысы есебінен апатты мектептер мен орын тапшылығы мәселесі толықтай шешілмек. Сонымен бірге 1,1 миллиард теңгеге 4 мектептің, 3 денсаулық сақтау мекемесінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 4 әлеуметтік нысанға жаңа қазандықтар салынып, 6 әлеуметтік нысанның қазандықтары газға ауыстырылды.
Өңірде спорт нысандарын салу мәселесі де мықтап қолға алынған. 1,3 миллиард теңгені құрайтын 4 спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы биылғы жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар 7 спорт нысаны, 8 ойын алаңы іске қосылып, нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылымға қолжетімділігі 27 пайыздан 46 пайызға жетеді.
Сонымен қатар құны 5,3 миллиард теңгені құрайтын «Қордай» шекаралық өткізу пунктін қайта жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатын болса, Қордай ауылының ең үлкен Жібек жолы көшесі заман талабына сай жарықтандырылып, жергілікті халықтың сұранысы қанағаттандырылды.
Аудандағы ірі елді мекендер қатарына жататын Отар ауылында 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы да 307 миллион теңгеге жүргізіліп жатыр. Кенен ауылындағы К.Әзірбаев атындағы музей демеушілер есебінен жаңғыртылуда.
Гвардейский қалашығында құны 6,9 миллиард теңгені құрайтын биологиялық-иммундық препараттар, оның ішінде коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын зауыт құрылысы да аяқталуға таяу. Бүгінде құрал жабдықтарды жеткізіп, зауытты іске қосу 2021 жылдың наурыз айына жоспарланып отыр.

Міне, Қордай ауданында жыл ішінде атқарылған жұмыстардың дені осы. Бұрын-соңды бірде-бір ауданға бөлінбеген 35,1 миллиард теңге тетігін тапқанын аңғару қиын емес. Себебі тұрғындар 70 жыл күткен көгілдір отынның елді мекендерге кіруі – үлкен қуаныш. Сондай-ақ жолдардың жөнделіп, ауызсу тартылып, тұрғын үйлер салынып, мәдениет пен білім саласына да көңіл бөлінуі құптарлық дүние. Енді тек осынау жасалған дүниелердің қадірін түсініп, қордайлықтар бірлік пен татулықты сақтай білсе игі.

Саян ТІЛЕУЖАН,
Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.