Алыпқашпа сөз ақиқаттан алшақ болады

0 16

Әлеуметтік желіде коронавирусқа қарсы вакцина егілген орынға магниттің жабысып қалуы туралы бейнеролик тарағаны белгілі. 35 жылдық тәжірибесі бар эпидемиолог және медицина мекемелерінің дәрігерлерімен бірлесіп егу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырушы маман ретінде осы оқиғаға орай өз пікірімді білдіргенді жөн көрдім. Негізінде мені әлеуметтік желілерде белсенді тараған вакцинацияға қарсы насихаттың осындай сауатсыз материалдары қатты қынжылтады. Жалпы жұртшылықтың денінің қазір мұндай алыпқашпа сөздің ақиқатын айыра алатындай көзі ашық деп ойлаймын. Сонымен қатар жалған сөз жарға жығатынын, елді екіұшты ойға қалдыратын теріс пікірдегі үгіт жүргізушілер тиісті жазасын алатынына сенімдімін.

Негізінде әркім коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина құтыда немесе ампулада мөлдір сұйық (қоспалар мен металдарсыз) зат ретінде сақталатынын ескеруі керек. Медицина қызметкері вакцинацияны егу кабинетінде дәрігердің рұқсатын алған және өз еркімен екпе жасатқысы келген адамның қатысуымен жүргізетіні белгілі. Санитарлық ережелердің талаптарына сәйкес, егу медбикесі вакцина құтысын тоңазытқыштан шығарады, құтыдағы пластикалық төсемді алып тастайды. Сосын резеңке тығынды спиртті мақтамен өңдейді, бір рет қолданылатын инесі бар щприцтің қаптамасын ашады, құтыдан 0,5 миллиграм сұйық вакцинаны шприцпен сорып алады және оны иықтың сыртқы бетінің жоғарғы үштен бір бөлігінің бұлшық етіне енгізеді. Инъекция орны спиртті мақта тампонымен сүртіледі және ол медициналық қалдықтарға арналған контейнерге тасталады. Яғни егу кабинетіндегі вакцинаны дайындау мен адам денесіне егу ісінің барлық рәсімі вакцина салдыратын адамның жіті бақылауымен жүргізіледі. Бүгінгі таңда вакцинаның күші оны қабылдаған бір адамды ғана емес, айналасындағы адамдарды да қорғауға қабілетті. Біз адамнан адамға жұғатын коронавирустық инфекция жағдайында халықтың қорғалуын қамтамасыз ету, осы қауіпті болатын инфекциядан ауыр жағдайлар мен өлім-жітімді төмендету үшін өте көп адамға вакцина егу қажет екенін түсінуіміз керек. Тұрғындар арасында вакцинацияға қарсы насихаттың белсенді жүргізілгеніне қарамастан, адамдардың көпшілігі ковидке қарсы егудің маңыздылығы мен қажеттілігін түсінеді. Бүгінгі таңда тек облыста 100 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды және екпе алғысы келетіндердің саны күн сайын артып келеді. Біз вакцинаны жылдам егу арқылы ғана пандемияны жеңе аламыз.

Гүлфайра МИРЗАБЕКОВА,
облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының
штаттан тыс бас эпидемиологы

Leave A Reply

Your email address will not be published.