Сұхбат

«Алыста жүрсең, ауылдың ауасын да сағынасың»

Written by Aray2005

Бұл күнде ғұмыры ғибратты бұрнағы ғасырлардағы даналардың ізімен білім мен өнер қуып, әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген Әулиеата жастары аз емес. Газетіміздің «Елге сәлем» атты жаңа айдары аясында, біз, сол жырақта, алыс-жақын шет мемлекеттерде оқуын жетілдіріп, тәжірибе толықтырып жүрген жамбылдық жалынды жастармен байланысқа шығып, «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» ғасырдың байланыс желілері арқылы сұхбат құруды құп көрдік. Бүгінгі санымызда елге сәлем жолдап отырған М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың түлегі, қазіргі таңда Түркия Республикасының Денизли қаласындағы Памуккале университетінің «Қазіргі түркі тілдері және әдебиеттері (түркология)» бөлімінде білім алып жүрген талантты жас ақын Файзулла Төлтай.

– Файзулла, жалпы, туып-өскен жердің құшағынан суырылып шығып, бұрын-соңды көріп-білмеген елде білім алу ойыңда бұрыннан болды ма? Ол жаққа барудағы алғашқы әсерің жайлы айтып өтсең, қандай мамандықты меңгеріп жатсың?
– Иә, сырт мемлекетте оқу бала күнімдегі арманым еді. Шынтуайтына келгенде, оқуды емес, саяхаттауды армандадым. Әлемнің талай озық өркениетті елдерінің мәдениетін, жауһар жәдігерлерін тамашалауға тек қиял қанатының ғана шамасы жететін. Түркияға оқуға түсуімнің өзі 1 айға жетер-жетпес уақыттың ішінде қабылданған шешім болатын. Оның алдында, яғни, бакалаврдың 4-жылы Чехияға құжаттар дайындай бастадым. Алайда, белгілі бір себептермен бас тартуға тура келді. Кейін диплом алғаннан соң Ресейге құжаттар тапсырып, емтиханына «міне, ертең кіремін…» деп жүрген жерімнен Түркияға кеттім де қалдым. Ештеңеден хабарым жоқ, тіпті, түрік тілін де білмеймін, көзімді жұмып шекара асып кеткеніме әлі күнге дейін таңғалам… Сөйтіп жүріп тіл үйрендік, түркология деген ғажап мамандыққа оқуға түстім. Қазір сол жақта тәжірибелі ұстаздардың тәлімін алып жүрмін.
– Ол жақтағы оқу жүйесін еліміздегі оқу орындарымен салыстырсақ, ерекшелігі, айырмашылығы қандай? Және Түркияда жастарға қаншалықты жағдай жасалған?
– Оқу жүйесінің Қазақстаннан айтарлықтай өзгешелігі жоқ. Дегенмен, «Мәссаған» деп таңдай қаққан кездерім де болды. Мәселен, студенттер қауымының еркіндігі, кітапханалардың 24 сағат жұмыс жасауы, мемлекеттік жатақханалардан бө­лек, жекеменшік жатақханалардың көпті­гі, осы орайда мемлекеттік партиялардың салған жатақханалары тағы бар. Осының барлығына таңданғаным рас. Себебі, біздегі партиялар студенттерге арнап әр қалаға жекеменшік жатахана салып жатыр дегенді естімеппін. Және ол жақта билік те жастармен санасады. Білім алуға, демалуға, кәсіп ашуға қолжетімді ұсыныстар мен тиімді мүмкіндіктер мол.
– Ең бірінші болып Тәуелсіздігімізді мойындаған түрік халқы қазақ баласын қалай қабылдады? Өзіңнің группалас, жаңа достарың жайлы айтып өтсең?
– Жоғарыда атап өткенімдей осы елге келе сала жекеменшік жатақхананың біріне орналастым. Мұнда ұлдар мен қыздардың жатақханасы біздегідей бір ғимаратта, бір корпуста емес, екі бөлек орналасқан. Қырық жігіттің ішінде жалғыз қазақ болдым және бір қырғыз жігіт бар. Қалғандары жергілікті жастар. Олар бізді «Бұл екеуі Ата топырағымыз – Орта Азиядан келген» деп жаны қалмай, жылы қабылдады. Ол жақта ұлтшылдық деген таным-түсінік керемет дамыған. «Біз бір бауырмыз, түбіміз түрік» деп құшағын ашып, алдыңнан күліп шыққанда еріксіз жүрегің елжіреп кетеді. Кей мұғалімдер «Бала күнімізде ұйықтар алдында Алладан Ата топырағымыз Алтай­ды бір көрсек екен деп тілейтінбіз, кейін сол Алтай тауларына барып, төбесіне шығып, жеттім-ау деп жылағанымыз әлі есімде» деп айтып отырғанда шеті мен шегі көрінбейтін самиян даланың шаңы көз алдыңа жас болып өріліп, исі мұрныңа келеді. Ал, оларға мен Түркия шекарасындағы ежелгі Троя шаһарымен замандас Тараз қаласы жайлы талай аңыздар айтып берудемін.
– Поэзияңда нендей жаңалықтар бар? Сол жақтағы жас ақындармен араласып тұрасың ба?
– Елден жырақтаған сайын қалам мен қағазға жақындай түскендей боламын кейде. Сырты көк киіз дәптеріңді ашасың да бірдеңе шимайлап отыра бересің, әйтеуір. Кезінде жазу үстелімде қазақ-орыс тіліндегі кітаптар бас қосса, енді сол мекенге түрік тіліндегі әдебиеттер де жайғасты. Тек түрік тілі ғана емес, түркі тілдес елдердің кітаптары орын алды. Қызығы, үлкен бір постмодернизм деген қазанға кіл әлем түсіп бара жатқан сынды, бәлкім түсіп кетті де. Және сол қазанның ішінен сіз қазіргі Түркия поэзиясын да оп-оңай тауып аласыз. Ал Түркия және шекаралас елдердің әдебиеті жайлы ойым, көзқарасым, түйгенім елге оралғанда өлеңімнен көрініп, жыр болып айтыла жатар деп ойлаймын. Мұнда келгелі бері өлеңдерімдегі ой да, образ да, сарын да, жанр да өзгергенін байқап жүрмін.
– Елді, туған өлкені, Әулиеатаны қатты сағынатын шығарсың…
– Иә, сағынасың… Ақ қағаздың бетіне домалаған әріптер түсе бастаған сәттерде көзімізден тамшы жас ыршып түсіп, көк сияны жуып жібергендегі күйді мен қазір жеткізе алмаспын. Кеш батқан сайын көзіңді жұмсаң болды тастарына дейін, дүбірге бөлеген сары даламның жылқылары түсіме жиі кіреді. Алыста жүрсең, ауылдың ауасын да сағынады екенсің. Туған топырақтың қадірін білу үшін, оны бір сағыну керек шығар, бәлкім. Мен сол күйді, сағынышты бастан кешіп жүргенім рас.
– Оқуды тәмамдап, елге оралғанда қай салада еңбек еткің келеді, ол жайлы мақсат, жоспар құрдың ба?
– Алла амандығын беріп елге оралған соң білім саласында жұмыс жасағым келеді.
Бұл жақта жұмыс жасап жүрген қазақ жастары аз емес. Көпшілігі демалуға келеді. Түрік халқы бізге тарихтан тамыры бір, туыс, бауыр ел ғой. Сондықтан өзімді жат жерде жүрмін деп санамаймын. Ағайынның үйінде қонақта жүргендеймін. Осы қонақтан қайтқаннан кейін, елімнің өркендеуі үшін аянбай тер төгемін.
– Жалпы сыртқа оқуға түскісі келетін замандастарыңа қандай кеңес берер едің?
– Қазақ жастары шет елдерде білім алудан қашпауы қажет. Мүмкіндік бар кезде өзімізді өзіміз мойындатуымыз керек. Мен осындағы көптеген жастарға Қазақстанның басынан кешкен бай тарихын, қазіргі жаңалықтарымен үнемі таныстырып жүремін. Себебі, бізге еліміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев зор сенім артты. Сол сенімді абыроймен ақтауымыз қажет.
– Әңгімеңе рақмет.

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР