"Алтын бесік"

Әлжан ана ауылының әлеуеті артып келеді

Written by Aray2005

«Алып анадан туады» дейді дана қазақ. Шынында да түн ұйқысын төрт бөліп, перзентіне жылулығын сыйлаған ана қандай құрметке де лайық. Тарихта тағылым алар Айғаным, Зере сынды аналар да өнегелі өсиетімен, өркенді істерімен өзінен кейінгілерге үлгі көрсетті. Бұның барлығы рух пен сана арқылы жалғасқан ұрпақтар сабақтастығы.
Қарапайым ауылдан шығып, ақылы һәм парасаттылығымен алты Алашты таңғалдырған аяулы аналар тағылымы төл тарихымызбен тығыз астасып жатыр. Перзентіне «Атаның емес, адамның баласы бол» деп баулыған сондай үлкен жүректі жанның бірі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты дүниеге әкелген Әлжан ана.

Қордай ауданына қарасты бұрынғы Қасық ауылында туған Әлжан ана жастайынан бойына далалық дегдарлықты, ұлттық тектілікті сіңіріп өседі. Әкесі Бұқарбай мен анасы Дүрияның да болмысы бөлек, рухы биік жандар болған. Ал, ағасы Бөлеген кезінде сол Қасық колхозын басқарған. Ол кісінің ауылға мәдениет үйі мен мектеп салдырғаны көнекөз қариялардың әлі есінде. Сондай-ақ ел басына күн туып, ашаршылық нәубеті дендеген тұста жоқшылық зардабын тартқандарға қол ұшын беріп, қайырымдылығымен танылады. Кейіннен орталық партия комитеті Бөлеген Бұқарбайұлын әуелі Красногор ауданындағы Ворошилов колхозына партия ұйымының жетекшісі етіп қызметке жібереді. Одан соң аудандық партия комитетінің нұсқаушысы етіп тағайындайды. Алайда, қазақ үшін дәуір тынысы тарылған тұста елдің игі жақсыларымен бірге Бөлеген де «халық жауы» деген жаламен қамаққа алынады. Міне, осындай тауқыметті бастан кешкен Әлжан ана Шамалғанға келіп, сол жерде жол құрылысшыларының бригадирі болып жүрген Әбіш Назарбаевпен қауышады. Тағдыр тоғыстырған жандар бірге жүріп, қызылша мен бидай егеді. Осылайша нәсібін адал еңбектен тапқан отбасы қазақы қалып, ұлттық ұстанымнан айнымай ғұмыр кешеді. Ұлт көшбасшысы туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» атты фильмде Әбіш ақсақалдың осы еңбекқорлығы мен кісілігі, өзгені өзекке теппейтін жанашырлығы ерекше көрініс тапқан. Әкенің осынау бір қасиеті кейіннен ұлының бойына дарып, бала Нұрсұлтан өте зерек болып өседі. Әке мен ананың бейнетті өмірін Елбасы «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында да суреттейді.
«Соғыстан кейінгі кезең, қырқыншы жылдардың аяғы мен елуінші жылдардың бас кезі. Анам колхоздан күтіп-баптауға бір гектар қызылша алады. Көктемнен бастап алғашқы қар түскенге дейін бір толастамайтын азап еңбек. Тұқым сепкеннен кейін ми қайнатқан ыстық күн астында бел жазбай жүріп, осынау гектардағы егісті сиретіп қолмен жұлуды елестетіп көріңізші. Бұл ғұмыр бойы есте қалады. Ал, ақырында қызылша тамырлап, піскен кезде оны үлкен пышақпен тазалап, тиеп, өткізіп, содан соң Боралдай қант зауытына барып, бір жарым қапшық қант алу үшін колхоздан берілетін анықтамаға қол жеткізу керек. Еңбеккүніңе алатының сол ғана, ал ақшалай соқыр тиын да төленбейтін», – деген естеліктен еселі еңбек пен бес батпан бейнеттің нақ өзін көруге болады.
Әлжан ана ақындығымен, шешендігімен, тапқырлығымен де елдің құрметіне бөленген жан. Мемлекет басшысы бір сұхбатында: «Өзі қарапайым, сауаты жоқ адам болса да өмірден үйренгені, көрген-білгені көп анам әр уақытта көз алдымда жүрегімді елжіретіп тұрады. Қиын шешімдер қабылдар кезде түсіме кіріп, ақыл беріп кетеді», – деп анасына деген сағынышын жүрекжарды сөздерімен жеткізеді.
Елбасындай перзентті тәрбиелеп өсірген осынау нар тұлғалы ананы дәріптеу мақсатында былтыр Қасық ауылын Әлжан ана ауылы деп атауды мұндағы жұрт бірауыздан ұсынады. Бұл бастама облыс әкімдігі тарапынан қолдау тауып, елді мекен толықтай жаңарудан өтеді. Ауылда атқарылған ауқымды жұмысқа аталмыш аймаққа барған іссапарымызда көз жеткіздік. Шынында, Әлжан ана ауылы адам танымастай өзгеріпті. Елді мекендегі еңсесі тіктелген жұмыстарды бізге ауыл әкімі Қарлығаш Исағұлова баян етті.
– Әлжан ана ауылында қазір 4 446 адам тұрып жатыр. Тұрғындарға 1 мектеп, 3 балабақша, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория және мұражай қызмет көрсетуде. Ауылдың кіреберісіне Әлжан ананың құрметіне стела қойылып, жан-жағы толықтай жаңғыртылды. Сондай-ақ 7 көше күрделі жөндеуден өтіп, жарықтандыру шамдары орнатылды. 778 түтіні түтеп тұрған үйге толықтай көгілдір отын тартылған. Енді биыл ауызсу құбырлары жүргізілуде. Халық орталықтандырылған тіршілік нәріне келер жылы қол жеткізеді. Осындай жаңғыртудан өткен Әлжан ана ауылы қазір Қордай ауданындағы ең әлеуметтің әлеуеті артқан елді мекендердің бірі саналады, – дейді Қарлығаш Тынышбекқызы.
Мұндағы жан жадыратар өзгерістерді ауыл әкімімен бірге аралап көріп, таңдай қақтық. Әсіресе, Әлжан ана мұражайы көз сүйсіндіреді. Музейдің кіреберіс ауласына Әлжан ананың еңселі ескерткіші қойылса, іші тұнып тұрған тарих. Мәселен, мұражайдың маңдайшасына «Ару ана, батыр ана бәрінен биік екен, мен сені мәңгілік сүйіп өтем» деген сөздер таңбаланса, музейдің алғашқы бөліміне ауылдан шыққан батыр аналардың бейнелері қойылған. Одан әрі ертедегі ағаш ыдыс-аяқтар мен тоқыма бұйымдар орналасса, Балжан Бөлтірікова бастаған ауылдың атақты адамдарына да орын берілген. Және сол тұлғалардың кезінде қолданған құнды жәдігерлері де музейден көрініс тапқан. Бұдан бөлек «Рухани жаңғыру» бұрышы әзірленіп, Астананың 20 жылдығына орай ауылда ашылған нысандардың бейнеролигі үлкен теледидардан беріліп тұр. Ал, мұражайдың екінші бөлігі толықтай Елбасы мен Әлжан анаға арналған. Әсіресе,
«Анасының тыңдап өскен ертегісін,
Елбасы сен халқымның тірегісің,
Әлжандай туып-өскен бұл өлкеде,
Елбасының нағашысын білемісің?» деген өлең жолдарымен өрілген Мемлекет басшысының нағашыларына арналған бұрыш айрықша әсерлі шыққан. Мұнда Әбіш ақсақалдың әулетінің шежіресі, Әлжан ананың түрлі суреттері және Ұлт көшбасшысының нағашылары туралы деректер көптеп келтірілген. Сондай-ақ Президенттің анасы туралы жазған естеліктері өткен күннен сыр шертіп тұрса, Әлжан ананың қолданған тас диірмені келушілердің назарын бірден өзіне аударуда.
Елбасына арналған бұрышта 1991 жылы Мемлекет басшысының Қасық ауылына келгендегі естелік суреттері мен Президенттің кітаптары бір-бірімен үндесіп, керемет үйлесім тапқан. Тағы бір айта кетерлігі, мұражайда балаларға арналған мультимедиялық бөлім де қызмет көрсетуде. Онда балғындар әлемдегі таңғажайып орындарға арнайы көзілдірік арқылы саяхаттай алады.
Ауылдық мәдениет үйінде де Әлжан ана туралы көп естеліктер қойылған екен. Былтыр толықтай жаңғыртудан өткен мәдениет үйінің жоғарғы қабаты Әлжан ананың құрметіне арналып, түрлі деректермен толықтырылса, төменгі қабатында әжелер ансамблі, домбыра үйірмесі және «Нұрсұлтан» би ансамблінің орталығы орналасқан. Елбасының есімімен аттас би тобында 70 балғын тәрбиеленіп жатса, олар небәрі 5 жылдың ішінде республикалық додаларда бірнеше мәрте топ жарған. Одан бөлек Мәдениет үйінің бір бұрышынан №3 Әлжан ана «Модельді ауылдық кітапханасы» құрылып, халыққа қызмет көрсету орталығы да осында ашылыпты. Мұнда бүгінде тұрғындарға 7 түрлі бағыт бойынша қызмет көрсетілуде. Кітапхананың өзі толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталып, Елбасының кітаптарымен толыққан. Сондай-ақ мәдениет үйінің бір бұрышынан ақсақалдар алқасына да орын берілген. Осында ұлағатты ұстаз Зираш Әбдімәлікқызы Әлжан ананың қасиеті мен Елбасының балалық шағы туралы тағылымды естеліктер айтып берді.
– Әлжан әпкеміз жастайынан еңбек пен бейнеттің дәмін татып өсті. Алайда, ешқашан сырт көзге шаршағанын сездірмейтін. Тынымсыз еңбек етіп, ата-анасы мен бауырларының қолқанаты болып жүрді. Ал, жол құрылысында жүріп Әбішпен кездескеннен кейін, Әлжан әпкеміз ұзатылып, ол кісіден көз жазып қалдық. Тек Айдапкел есімді бауыры соғыстан оралған кезде ғана Әлжан ана кішкентай Нұрсұлтанды ертіп ауылға келді. Осыдан кейін болашақ Елбасы жазғы демалысын нағашыларының қасында өткізетін болды. Ол Бекен есімді нағашысымен бірге біздің үйге де сан мәрте келген. Иван есімді клубтың қызметкерімен ілесіп, тұрғындарға кино қойғанды ұнататын. Сондай-ақ клуб ішінен ашылған кітапханада газет-журналдар оқып, сағаттап отыратын. Тіпті, Айман Әуелбекова есімді кітапханашының бала Нұрсұлтанды клубтан әрең сүйреп шығарғанын да сан мәрте көргенмін. Сонда бала Нұрсұлтан ымырт үйірілгенше кітапханадан шықпай, әдебиетпен сусындаушы еді. Кейін Елбасы ауылға келгенінде сол клубта жиналыс өткізіп, кездесу соңында әлгі кітапханашы Айманды іздеді. Және алдына келген Айманға «Апай, білесіз бе, сіз мені талай мәрте кітапханадан қуып шығып едіңіз» деп әзілдеген болатын. Ал, Айман болса «Мен сенің өкімет болатыныңды білмей қалдым ғой» деп бір күлкіге қарық қылғаны бар.
Осылайша біз Әлжан әпкеміздің өсиетті әңгімелерін тыңдап, бала Нұрсұлтанның қызықтарына куә болдық, – дейді Зираш әжей өткен күнді еске алып.
Иә, Әлжан ананың ерекше қасиеті мен өсиеті, бала Нұрсұлтанның зеректігі жайында ауыл ағайындарының арасында айтылатын тағылым аз емес. Әсіресе, елінің бағына біткен баланы өмірге әкелген Әлжан анамыз қандай құрметке де лайық.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ
Қордай ауданы

ПІКІР