Астанаға 20 жыл

Әлжан анаға құрмет

Астананың 20 жылдық мерейтойына тарту ретінде Қордай ауданында да ашылып жатқан нысандар аз емес. Солардың қатарында алғашқы болып Қасық ауылдық округінің Әлжан ана ауылында жаңа музейдің ашылу салтанаты өтті.

Мерекелік жиынға аудан әкімі Болатбек Байтөле, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева және ауыл тұрғындары қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ұйытқы болуымен аз ғана уақытта тұрғызылған нысанның мердігері – «Аль-Аркаржан и К» ЖШС. Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Болатбек Байтөле ғимарат құрылысын сапалы әрі белгіленген уақытта бітіріп, пайдалануға берген мердігер мекеме директоры Бақытжан Мырзамұратовқа алғысын білдірді. Ал, осы ауылдың тұрғыны, Елбасының бала күнгі досы, ауданның Құрметті азаматы Тұрғанбек Тұрысбаев ертеректе Әлжан ананың қолынан талай дәм татқанын айтып, ауыл тарихына тоқталды.

Ашылу салтанатынан соң жаңа нысанның ішінде қаумалай енген жұртшылықты кіреберісте облыстық «Үздік экскурсовод» байқауының жеңімпазы Әйніл Абдуалы күтіп алып, жәдігерлермен жеке-жеке таныстырды.

Үлкен бір зал және шағын бөлмелерден тұратын музейде алдымен ауыл тарихына қатысты құжаттар мен фотосуреттер көшірмесі қойылған. Одан әріректегі бөлімде ауылдан шыққан белгілі азаматтар туралы мәліметтер топтастырылып, қазақтың зерлі шапаны мен кимешек, домбыра, бесік, қолдан жасалған торсық, астау, кесе сынды көптеген тұрмыстық бұйымдар өз орындарын тапқан. Ал, төрге жаңа технология жемісі – сенсорлы дүңгіршек қойылса, оның оң жағындағы бұрыш Елбасы отбасына арналған. Яғни, Нұрсұлтан Әбішұлының анасы Әлжан анамыз осы ауылдың тумасы болғандықтан, музейге барынша Президент пен оның анасы жайлы құнды мәліметтер жинастыру көзделіпті.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР