"Тарих. Таным. Тағылым."

Аманат

Written by Aray2005

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Бабалардың ізімен

Қазақта «Аманатқа қиянат жасауға болмайды» деген өнеге-өсиеті мол сөз бар. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, біздің салт-дәстүріміз бен ұлттық бітім-болмысымызды айғақтап, әрдайым есте сақтайтын қасиетті қағиданың өзі десек те болады.
Туған жер мен туған ел бәрімізге қымбат. Әрбір адам туған халқымен бақытты. Қалың елдің құт-қойнауында, жердің бір төбесін жарсаң, оның түпкі жағы тұнып тұрған тарих дегендей, әлі толық ақтарып болмаған ел мен әулет-әлеуметтің өмір айғақтары көмбеде жатыр. «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер, Өзін ғана білген ұл – құлағы мен жағын жер» демекші, ата –бабамызды білмесек, біз қандай халықпыз?
«Қазақ – мың өліп, мың тірілген халық» (Жұбан Молдағалиев). Басынан талай қиын-қыстау күндерді, талай тауқымет пен зұлматты кешірсе де жоғалып кетпеген, жаудың ылаңына ұшырап, талайы табанынан тозып, тентіреп кетсе де, жерінен тәрк етілсе де одан безіп кетпеген, елдігін сақтап, ұрпағын аздырмай келе жатқан өміршең халық. Бұл ауыр да тағдырлы кезеңдерді атақты ақын Қадыр Мырза Әлінің «Ұл болып, содан құл болып, Біраз жыл естен таныппыз. Құл болып, одан гүл болып, Қайтадан өнген халықпыз» деп жырлағаны жәй ғана ақыл, ой айтуы емес.
Бұл ұрпақтар зердесінде ұдайы сақталып, ұмытылмайтын өткен өмір түйіні. Тарих тағылымы дегеніміз, алып бәйтерек – халықтың терең тамыры.
Тарихтың жаманы жоқ. Жаманы болса сабақ алу үшін, жақсысы үлгі алу үшін қажет.
Бар қазақтың ардақтысы Әулиеата – Тараз жері көнеден көкжиек тартқан шежіре. Бұл өлкеде сан ғасырлар ғұндар, сақтар ат сабылтқан. Сол жойқын жорықтар артына аңыздар қалдырған. Адамзат ойшылдары мен ғұламалары, Шығыстың ақылды адамдары бұл өңірге бір соқпай кетпеген. Дешті Қыпшақ тұсында Тараз аңыз-ертегідегідей гүлдене түскені соншалықты, Римнің рауғаштарындай құлпырған сәулет өнерінің қаласы болған. Ежелгі Тараздың бүкіл бүтін тарихын көне шаһардың 2000 жылдық тойына ұлы жазушы Әбіш Кекілбайұлы ағамыз «Талайғы Тараз» деген ғажап кітабында жазып, жұртқа тамаша тарту жасады. Біздің ұрпақтар үшін мұндай әдеби-тарихи зерттеулер мен ұлттық-адамзаттық толғаулар дәл біздің елде басқа бір қала тарихына арнап жазылған емес. Мұны біліп жүру керек десеңіз, үлкен аманат сықылды сезіледі.
Ғұлама суреткердің осы кітабын сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов өз естелігінде жазып көрсеткеніндей, сөз арасында «Тараздың тойына бір кітап жазу ойымда жүрген еді. Сол кітапты жазу маған бабалар аманатындай көрінеді», деп айтып қалыпты. Мұхит секілді алып білім иесі, сөз өнеріне бақ болып қонған ғұлама санаулы ай ішінде-ақ бірде төгіліп, бірде асып, тағы бір толқып отырып, осы туындыны дүниеге алып келіпті.
Аманат кітап халықтың ең сүйікті кітабына айналды.
Сол кітапта Тараздың ежелгі тарихын көз алдыңа әкелетін мазараттар-ескерткіштер ғимаратының осы заманға бүлінбей жеткенін бір жұмбақ құдіретке теңейді. Ежелгі Тараздың Айша бибі, Бабажа хатун, Қарахан секілді мазараты сол күйінде бізге қалай жетті? Соншама апаттан бұл ғажап ғимараттардың бүлінбей қалғанына қайран қалмасқа шараң жоқ. Халық жазушысы Шераға – Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» кітабында бұл сауалға жауапты ұлы әйел махаббаты мен Тәңірдің киесінен іздейтін болса, осы Айша бибі мазарының тарихына көп жыл үңілген әдебиетші-ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Опасыз шапқыншылардың Тараз түбіндегі бұл мавзолейлерді құлатуға шамасы келмеді ме, жоқ әлде қанды көз жаулардың өзі ғашықтық алдында дәрменсіз болды ма?» деп, бұл арасы жұмбақ мәселеге қарай ой салып өтеді.
Бұл Айша бибі мазараты жайында аңыз әңгіме біздің оқырмандарға белгілі.
Мазарат қабырғасындағы жазуды «Күз.Сүмбіле.Сұмдық өмір» деп аударған Асқар Сүлейменовтікі шынында да сұмдық ой.
Көне Тараз жерінде әрбір ғимарат жайлы аңыздар өте көп. Себебі Тараз іргесінен көлкілдеп ағып жатқан Талас өзені, Талас жазуы, Талас байлығы, Талас өңірінің адамдарының тарихы өте бай. Әулиелі жерден ат үркеді. Қырғыз Алатауынан арнасын ашқан асау Таластың ұзына бойы, үзілмес жағалауында қандай замандар болмаған, кімдерге құтты мекенге айналып, бақ-дәулет пен байлыққа кенеліп, өмір-тіршілік кешпеген… Аңыздар жеріндей болған елде ақиқатқа толы небір өлең-жырлар жазылып, ардақты адамдары бар қазаққа тірек, пана әрі көсем болған.
Сұлу қыздың бұрымындай мың бұралып, шымырлап, ширатыла ағып жатқан Талас суы темір дәуірінен бері құрдымға кетіп, кенезесі кеуіп тартылған емес. Көне жазбаларда осылай жазылған.
Сол сияқты мөлдір суы бұл өңірде де ғасырдан-ғасырға жетіп, асқан өмір бар.
Талас суы – шәрбат су. Әулие тастары тәспіге тізбеліп, Алланың нұры түскен жерде әулие адамдар болған. Бағы батыр ұлдары мен үкілі қыздарына бірдей қонған екен, берекесін бірліктен, ырысын тірліктен тапсын деген ақ бата дарыған жер екен! Бұл өңір елдің үкілі үмітін ақтаған ел болды.
Тап осы Талас өңірі жайлы айтып отырмыз. Сырлы суреткер Серік Әбдірайымұлы жазып қалдырғандай, осында туып-өскен жан Үшаралдың ұлтарақтай жерін Мысыр шаһарына айырбастай қояр ма екен? Көрнекті ақын Күләш Ахметова «Үшарал – менің Венециям!» деп жырлайды. Өкім Жайлауов та ақындық шабытын туған өлке туралы өлеңдерімен шырқау биікке көтеріп кетті.
Бір Үшаралда байтақ сөз өнерінің мол бір саласы жатыр. Бұл атырапта ақын қыздар өте көп болған ғой. Солардың ең атақтысы – Ұлбике. Ол кісінің жолын қуған сіңлілерінің салауаттысы Баян мен Жаңылдық деседі жұрт. Төрінде Жамбыл-Кененнің көркем көшінен табылған, әйгілі Төреқожа ақын тұрады.
Отты өлең-жырлары қызыл шоқтай қарып, бойына сөз дарыған ақындар елінде елді елең еткізіп, адамдар жадында жаңғырып тұратын ауызекі әңгіме де, ескі естеліктер де аз болмаған. Оның себебін ауызша әдебиетті жасайтын қалың бұқараның арманы мен ой-тілегін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ақындар болғаны айна қатесіз шындық. Қазақ фольклорының ұлт тарихындағы құндылығы осында жатыр.
Кешегі қазақ хандығы дәуірінде Ошақты жұрты, одан кейін болыстық, аудандық комитеттер делінетін жергілікті басқарудың әкімшілік орталығы болған Үшарал ауылының аумағында ғана қаншама ескі тарихтың, ата-бабалардың ізі көмескіленіп кетпей, киесі мен құдіретімен бізге жаңғырып жеткендей…
Соның бірі – ел аузында «Төрт ақын» (бәлкім, «Төрт ақым не ахун» дейсіз бе?) деп аталатын мазараттар жайында айтудың сәті келген тәрізді.

Төрт тұлға туралы

Бұл «Төрт ақын» мазараты немесе сағанасы Талас өзенінің жоталы құм бұйраттарымен астасып жатқан Қайқы елді мекеніне таяу жатқан ескі қорымда, сол маңда «Алма бағы» делінетін жерге жақын аумақта орын тепкен.
Қазіргі кезде Үшарал мен осы атамекен қоныспен еншілес Түгіскен ауылдарының қақ ортасынан өзен арнасына қарай бұрылыста көзге түсер жерде.
Сонымен, неге «Төрт ақын» деп аталады? Бұл кісілер қай заманда өмір сүрген? Олар кімдер болған? «Төрт ақын» ба, жоқ әлде «Төрт ақым» ба? деген сауалдарға жауап беру қажет.
Біз бұл атау жөнінде сол ауылда туып-өскен баланың бірі болғандықтан да жастайымнан-ақ егде кісілердің аузынан естіп өскенбіз. Құлағымда неге екені белгісіз, сол «Төрт ақын» деген қалпымен қалып қойған. Ақын кісілер ме, сол жағын ой қуалап сұрап қалмағанымызға әлі күнге дейін өкінеміз. Талас өңірінен атағы асып, Әулиеатаға жеткен Ағыбай Төлепбергенов жәкемдей шежірелі кісілердің ылғи да «Біздің ең ардақты адамдар сол зиратта жерленген. Тоқберген бабаң датқа, би адам болған. Ол кісі де сол мазаратта» деген сөзін жадымнан шығарған емеспін.
Қазіргі өркениет заман сөзімен келтірсек, бұл «Төрт ақын» мазараттары XVIII-ХIX ғасырларда қазақтың Ошақты атасының «пантеоны» болғанға ұқсайды.
Біздің қолымызда бар деректерге сүйеніп айтар болсақ, ең бастысы, ел ардақтысы болған төрт кісінің аты-жөні мен олардың көзі тірі ұрпақтарының көргендері мен жадында түйген ой-пікірлерінде еш айырмашылық жоқ.
Төрт арыс хақында алғашқы ізденіс сонау 1970 жылдары осы өңірдің перзенті, ол кезде жас ізденуші ғалым, қазіргі ірі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз Талас жеріне фольклорлық экспедиция ұйымдастырып, ел ішінде қағаз бетіне түспеген рухани мұраларды жинастыру үшін сапармен келеді.
«Түгіскен» кеңшарының атақты директоры әрі досы Сейітжан Тасыбаевтың үйінде апталап жатып, негізінен, Төреқожа ақындардың өлең-жыр, толғауларын магнитафонға жазып алады. ХVI-XVII ғасырлардың куәгері Ақкесене мен Көккесене жайында қызықты аңыз-әңгімелерді қағазға түсіреді. Сол жемісті сапарынан Алматыға оралған соң «Төреқожаның әңгімесі» деген әдеби мақаласын республикалық басылымға жариялайды.Сол әдеби зерттеу әрі эссе жанрында жазылған әңгімеде Төреқожа ақсақалдан «Төрт ақынның» мәнісін сұрағанда қарт ақын: «Ілгеріде Байсалбай,Тоқберген, Кенбай, Момын деген ақындар өткен. Соларға арнап Жалаңбас батыр жер астынан мазарат-мавзолей салдырған. Дәл салдырған жылы белгісіз, не құдіреттің болғанын білмейміз, кешегі соғысқа дейін төрт ақынның денесі бүлінбей сол күйінде жатты. Жұрт әулие тұтып басына түней берген соң ауылдағы белсенділер соғыстың алдында құлаттырып тастады», деп айтады.(М.Жолдасбеков «Асыл арналар», 2012ж.)
Тоқбергеннің есімі жалпы Әулиеата өңіріне кеңінен таныс. Адуынды, айбатты әрі ақылды кісі ұзақ жылдар бойы Талас-Тараз жеріне өз билігін жүргізген адам. Есімі әдебиеттерде жиі кездеседі. Атақты ақын Майкөттің Құлманбетпен айтысында:
«Жүруші ед Тоқбергенді халық мақтап,
Атшабар, Бәйдібектер ұран тастап.
Бәтшағар бұл сөзіңді естігенде,
Жоныңнан таспа тілер жалаңаштап», – дейтіндегі Тоқберген осы. Тоқбергеннің баласы Жалаңбас батыр болған. Ал Кенбай болса, Жаңылдықтың арғы атасы. Жаңылдықтың үлкен әкесі Бекбет те ақын болған. Өңге екі ақынның ұрпақтары осы Талас өлкесінде тұрады.
Бұл Төреқожа Ханқожаұлының сол 70-жыл­дардағы әңгімесінен алынған алғашқы дерек­тері. Жетпіс төрт жасында осы әңгімені айтып берген ақын тіпті беріде дүние салған Жаңылдықтың өлеңдерінде «Төрт ақын – төрт тұлға» туралы жыр-толғаулары болғанын да еске түсіреді.
Өкініштісі сол, ол құнды жазбалар хатқа түспей қалған. Дінсіздік пен атеизм күшейіп тұрған уақыттарда сағана, зират салмақ түгілі, өлген адамға бағыштап Құран оқудың өзіне тыйым салынған ғой. Тарихқа есесі кетіп, есеңгіреп, өзіндік «менін» көмескілеп алған халық үшін бәрі де қауіпті болатын, сол себепті етек-жеңін қымтаңқырап ұстаған. Абайлау әрекеті әсіре сақтыққа ұрындырған, қисыны кеп тұрғасын айтайық, Төреқожа ақынның сонау 1930 жылдары зұлмат пен зорлықтың салдарынан Сібірге жер аударылып, он жылға сотталған тағдырын өзі де, өзгелер де ұзақ жылдар бойы айтпай келді емес пе?…
Содан барып адамдардың «Төрт ақын» сағанасына түнеп, әулиелерден рух, тірек тілеген жағдайына кім аяушылық білдіре қойсын.
Мидай далада, Талас өзені жағалауына тақау, дөңестеу жерде төрт бірдей сағана салу, күмбез тұрғызу XIX ғасырдың жүзінде ерекшелігі адамға таңданыс туғызатын оқиға болған. Үш ғасырға жуық отаршыл империяның құрсауында болған қазақ халқы жаппай қамал салып, қаптаған қала тұрғызбаса да о дүниелік болған жақсы-жайсаңдары мен ардақтыларын арулап көміп, асыл тастан күмбез салған. Бұл Шығыс халықтары үшін ең мәртебелі, айнымас салт-дәстүрі. Ауыр күреспен өмірін өткізген қазақтар солай бола тұрса да салт-дәстүріне берік халық болған.
Осы «Төрт ақын» күмбезін Жалаңбас батыр салдырған тарихына үңілетін болсақ, бұл сахарада тегіннен-тегін қолға алынбаған болар. Өршіл рухты, ер мінезді, ұлт үшін қасық қанын қиюға дайын батыр бабамыздың Талас өзенінің шұрайлы алқабында пантеон салуы ақылды адамның ісі. Өйткені зират – жер иелерінің куәгері, ал ұлылардың атамекенін айғақтау – тірілердің өлілерге көрсетілген мәңгілік құрметі.
Жас кезінен оттай жарқырап, ел басқарған Жалаңбас батыр үшін бұл кезекті перзенттік парызы болса, туған жұрты үшін өшпес тарих болып қалды.
Тағы бір дерек көзіне зер салайық. Құйма­құлақ шежірелі қариялардың тізесінде отырып өскен Шәріпбек Шәйдікәрімов өзінің туған анасы айтқан әңгімесін былайша келтіреді: «Ошақтыда Байсалбайдан өткен бай болмаған екен. Ол кісінің аты тарихта ескерткіш болып қалған. Талас өлкесінде төрт сағана бар. Соның біреуі байлы Момын ақынға, екіншісі Тоқберген болысқа, үшіншісі Байсалбай байға, төртіншісі Кененбай бекке қойылған». («Тоғысқан жолдар түйіні», Алматы,2010 ж.)
Бұл жерде Момынды ғана ақын дейді. Бірі– болыс, бірі – бек, бірі – дәулеті асқан бай адамдардың даңқ-дәрежесіне разы көңіл бар.
Майкөт ақын «Тоқбергенді жұрт мақтап хан деседі» деп жырлауы да, «Бұл ел ат қояды, «Наурызбайлап» ұран тастап» деп келетін тұстары да бар. Жетпіс екі жасында дүние салған Тоқберген есімі, шын мәнінде, сол ауыр замандарда ел ұранына айналған.
Сол бір қаралы күндері Жалаңбас батырдың Жетісу, Арқа, Ташкент, Сыр өңірі мен Қаратаудан ағылып келіп, арда туған Тоқберген марқұмның қабіріне бір уыс топырақ салар сәтте: «Аманат – Алла тағаланың өзіне арналар сөз. Өліге деген құрмет, тіріге деген сыйымыз болмаса, бұл тіршіліктің бағасы не болмақ? Дүниенің тұтқасы «аманат» деген жалғыз ауыз сөзден тұрса, қылша мойным талша, көтердім бәрін де!» деп, әке аманатын барша халыққа айтқан көрінеді.
Тұғыры биік, өзгеден озып туған Тоқберген бабамыз ақырғы күнінің бірінде: «Ол өмірім де өркен жаяр еліммен бірге болсын, өз сүйегім туған жерімде қалсын, қайта оралар кейінгі ұрпаққа тілеулес болып атамекенімізде жатайын!» деп аманат сөзін қалдырған екен жарықтық.
Кие мен қадір-қасиетті қадірлей алған халқымыздың өмірінде дәуірден игі жақсыларды Әулиеата, Түркістан топырағына жерлеу рәсімі болғаны тарихтан белгілі.
Жалпақ жұртқа атақ-даңқы шығып, оны бүкіл халық болып қолдап, құрметтеген асыл жандарға жер астынан мазарат салудың Талас-Әулиеата өңірінде қашан, қалай басталғанын айту қиын. Алайда бұндай жағдайлар тек діни сенімге ғана негізделмеген секілді. Оның түпкі мән-мақсаты басқалай, қимас жандардың рухын қадірлеу әрекетінің бір жолы ма екен? Түнгі таудан көрінген оттай болған тұлғалы адамдар жыл-жылдардан жылжып өтер, сөнер-сөнбес, алайда мәңгі құрмет белгінің болуы елдік пен ерліктің еленуінен туындаса керек. Кімнің сағанасы болса да, ол күндіз де, түнде де адастырмайтын шырақ тәрізді.
Сағаналардың сыр-сипаты мен айналасындағы адамдарға әсері әжептәуір күшті болған. Әлгі аты аталған кісілерге жақындығы бар Сағынтай Есқараевтың белгілі өлкетанушы С.Әбсадықовқа берген сұқбатында: «Күмбездерге Ошақты атаның ең әйгілі ардақты кісілер Жалаңбас батыр жаназасын шығартып, ақ жауып арулап ақым (аманат) ретінде қойғызған көрінеді. Және «пәлен уақытқа дейін қылуетке тапсырылмасын. Денесі бұзылмай сақталынып жатады», деп аманат еткен. Кеңес өкіметі орнаған соң белсенділер жан қоя ма, мәйіттерді ашып көрсе, Құдайдың құдіреті, әлгілер сол күйінде бұзылмай жатыр» дейді…. »
Белгілі ел азаматы, кеңшар директоры тәрізді басқару қызметін атқарған Садық Сәрсенбайұлы қария «Ұшқан ұям – Үшаралым» атты кітабында «Үшарал өңірінде ертеректе небір ақындар болған деп бала кезімізде естуші едік. Ауылдың солтүстік жағында үш-төрт шақырымдай жерде ескі қорым бар. Сол қорымда қатарынан төрт күмбез болатын. Үстіне ләйлек құстар қонып отыратын. Күмбездің қасына баруға қорқатынбыз. Әулиелі жердің киесі бар, қалаған кірпіштерін Самарқанд пен Хиуа қалаларынан әкелінген, зергер ұсталары да алыстан келген екен деп келетін әңгіме әлі құлағымызда», деп жадында қалған деректі келтіреді.
Енді «Төрт ақын» атауының түпкі себебін ойын баласы сұрастырмаса да атынан-ақ бәрін түсінген сықылды.
Бұл ғасыр сұрағының жауабын Үшаралдан түлеп ұшқан аса ардақты перзенті, бар қазақтың дүлдүл ақыны Күләш Ахметова:
Бар-дағы қатар жатқан Төрт ақыны,
Текке емес одан жұрттың қорқатыны.
Ғажабы ғасыр бойы бір ғанибет,
Күмбезден қобыз күйін тартатыны, – деп жырлайды.
Әрине, даланың аты дала. Кешегі XVII ғасыр мен XIX ғасырдың өн бойында Талас өңірінде көш бастаған батыр-билер мен ділмәр ақын-жыраулардың орны тым бөлек болды. Олар әрі батыр, әрі ақын еді. Көшпелілер өмірінде дала даналығы сол қара түнек, мұнарлы күндерден сәулелі өмірге алып шыққандай еді. Ақсұңқар сынды, Ақтамберді сияқты тұлғалар қайсар батыр әрі дауылпаз ақын болған емес пе? Ұлы Махамбет те тап сондай.
Төрт тұлғаның мазараттарын тұрғызған ағайын-бауырлары мен ниеттестері ешбірін бөліп-жармай, оларды әулие тұтып, батырлығымен бірге ақындық биіктікті байыта түсіп, олардың алтын сандық кеудесін таусылмас жұрттың жүрегі деп бағалауы да ғажап нәрсе. Әулие, көсем демекші, біздің халықтың ұзына бойы тарихында ер түріктің бесігі – Түркістан мен Отырарда, Шаян мен Созақта, Әулиеата мен Талас-Таразда әулиелі мекендер аз емес. Қаратау бөктерінде Қарабура, Баба түкті шашты Әзиз, Бәйдібек баба, Бес ана, Домалақ ана, Ақишан сынды бар қазақ тәу ететін жердің құдіретті қасиеті ежелгі Талас адамдарының да қанында бар болатын.
«Төрт ақын» күмбездерінің бар құпиялы бастауы осында ма дейміз? Сонау XVII ғасырдың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» кезінен қасқайып Ақкесене мен Көккесене тұр. Таразға қарай ентелей қадам жасасаң, адамға қалың ой тастайтын, уағыз, дұға оқылатын «Төрт ақын» күмбездерінің атауы да, заты да заман толқынынан көп сыр тартады.
Кешегі 30-40-жылдары жоқшылық пен қуғын-сүргін заманда азап шеккен кісілер осы мазараттарға қонып жан сақтаса, бала көтермеген әйелдер бір Алладан медет сұрап, ойындағысы орындалған кісілердің қатары да аз болмаған.
Әлдебір рух көтеріп, аман-есен алып қалуға жәрдем тигізетін әулиелі жер деп жұрт ағыла бастағанда «дін – апиын» деп өлілердің сүйегін сырқыратып, тірілердің жағасына жармасқан қызыл жағалылар мен атеистер күмбездерді өркениет келбеті деп түсіне алмай, қиратты, сындырды, тас-талқан етті. Ал ондай сенім-нанымды, намысты аяққа таптағандардың оңғаны жоқ. Күлі көкке ұшты да кетті.
XIX ғасырдың аяғына қарай осы Үшаралда Қазақ елінің аумағы бойынша ең алғашқы дәуір мешітінің құрылысы басталып, Жалаңбас батыр мен Сапақ датқаның ұйытқы болуымен салынуы – тарихи ақиқат. Бұл жайында «Қазақ даласындағы мешіттер» деген жинақта жақсы жазылған. Ғұмыры бір ғасырдан әлдеқашан асқан тарихы бар Әбділда ишан мешіті әлі күнге дейін халыққа қызмет етіп келеді.
Көнекөз қариялар айтпақшы, осы мешітке көктемде бір топ ләйлек құс келіп қонып, балапандарын өсіріп, жылы жаққа қайтар тұста ауыл үстін жеті рет айналып ұшады деген аңызға бергісіз әңгіме бар. «Ана ауыл шетіндегі тораңғыл ағаштың бір бұтағын кессең, одан қан шығады, ол адамдардың көз жасы екен» деген әжелеріміздің ескертпесінен не ұқсақ та, керемет тәлім-тәрбие емес пе? Әулие ағаштар шоғыры әлі ну тоғай. Жайқалып өседі.
Бір қисыны бар-ау деген әңгіме ойымызға оралып отыр.
Мәшһүр Жүсіп Көпеевті білмейтін қазақ жоқ. Ертіс-Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Өте білімді, талантты адам ХХ ғасырдың басында Оңтүстік өңірді, оның ішінде Сыр өңірі мен Қаратау жағын, Тараз бен Ташкент қалаларын жаяу аралап, халқымыздың ауыз әдебиетінің үлгілерін ерінбей, жалықпай жазып алады. Жеті-сегіз жыл осы өңірлерді аралайды.
Ғұлама адамның 20 томдық мұрасын оқып отырсаңыз, діни әңгімелер де, әулие-әмбиелер туралы көп айтылады, иә, Ұлбике мұрасын да тұңғыш хатқа түсірген осы кісі. Еңбегі ерен ғалым әрі әдебиетшінің жаратылысы да бөлек жан болған екен.
Сол кісі көзі тірісінде өзіне мазарат-мавзолей салдырады. Бұл өте сирек оқиғаның көрінісін, бәлкім, жарықтық Әулиеата-Сыр өңірінде болған уақытында осы «Төрт ақын» мавзолейі туралы естіді ме, әлде келіп көрді ме екен деп ойлап қоямыз.
Сәулет өнеріне де көбірек назар аударып, бекініс-қамалдар жайында да жазып кеткен ғой.
Аса бір текті кісі 1931 жылы 73 жасында дүниеден өтер шағында мынадай өсиет қалдырады:
«Біреу жаяу шаршап келеді. Біреу көлігі жүре алмай келеді. Біреу адасып келеді. Маған қонып, паналап, аман аттанып: «Мәшһүрден шықтық!» деп үш қайтара Мәшһүрге Құдай рахмет ойласын!» десе де сол жетеді» деп.
Мавзолей ішіне, жер астына бұл кісі кітаптары мен ат-сайманын, бүркітінің томағасын, насыбайын, өз жанына, жататын жеріне қойғызған деседі.
«Төрт ақын» мавзолей-мазараттың тап қазір қиранды үйіндісі қалған. Алайда қабырғасына қаланған кірпіштерінің сапасы ерекше, археолог ғалымдар «құрылыс материалдары Самарқандтың өрнекті кірпіштерінің нақ өзі, оны ХІХ ғасырда Таразда ғимараттар салуға кеңінен қолданылған», деп айғақтап берді.
«Төрт ақынның» ұрпақтары бұл жайында не ойлап, не істеп отыр?
Төрт әйгілі кісілердің де ұрпақтары, туыс-ағайындары бар. Бертінде, ел тәуелсіздігіне қол жеткізген тұста әркім шамасына қарай бұрынғы қиратылған күмбездің қасына қызыл-гранит тастан белгі қойып, Кенбай жарықтыққа ақ кірпіштен қайтадан күмбез тұрғызуды қолға алыпты.
Тоқберген датқаның кіндігінен тараған Жаңабай 40 жыл болыс болса, күні кешеге дейін ортамызда жүрген қоғам қайраткері Әкім Садықбеков ағаны, кезінде Тараз қаласының әкімі, Парламент Мәжілісінің депутаты болған, қазір де елге қадірлі Алдияр Түсіповтерді айтсақ та жетеді.
Ел ішінде рухани жаңғыру мәселесі жаппай қолға алынып жатқан тұста осы «Төрт ақын» мавзолейі туралы бір ой жарқ етті. Оған қаншама жылдан бері «Ей ағайын! Төрт ақынның басын қайта көтеру– сіздерге аманат! Олай болмаса, аманатқа қиянат болады. Істерің алға баспайды!» деген, ел ішінде тараған сөз түрткі болды.
Аманатты орындаудың оңынан түскен кезі осы болып тұр.
Бабалардың басын қайта тұрғызу, мұсылман баласының дене топырағын қозғау күпірлік делінеді.
Сол себепті «Төрт ақын» қорымына жақын, үлкен күрежолдың бойында дәу биік ескерткіш белгі қою қажеттігі туындап, бұл ізгілікті-иманды істі бүкіл Жамбыл облысы сыйлайтын азамат Батырбек Құлекеев бастап өз қолына алды. Айтулы ғалым, профессор Сағат Мырзашев, Тараз қаласының Құрметті азаматы Болат Құлекеев секілді аяғы үзеңгіден түспеген азаматтар аманатты тірлікке үн қатып, күш біріктіріп, демде бітіріп тастады.
Үшарал мен Түгіскен ауылдарының арасын жалғап жатқан күрежолдың бойында еңселі ескерткіш қойылды.
Қайрақ тастың бетіне:
«Бұл ескерткіш белгі Алып бәйтерек –Қазақтың бірегей жемісті бұтағы Ошақты бабаның XVII-XIX ғасырларда осы өңірде өмір сүрген, ел аузында «Төрт ақын» деген атаумен әйгілі атақты би-шешен, дулығалы батырлары Тоқберген Сабатұлы, Момын Арзақұлұлы, Кенбай Бәйкелұлы, Байсалбай Жәнібекұлы және жалпы тұтас елге тұтқа болған ардақтыларының рухына арналады» деп жазылған.
Бұл ескерткіш белгі «Бабаларға тағзым» деп аталады. Оның салтанатты ашылуы 15 маусым күні болады.
Атамекенімізді аялайық, ағайын!

ПІКІР