Амановтың ақталудан басқа амалы жоқ

0 29

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте көктемгі егіс науқанының қорытындысы талқыланды. Кеңесті ашқан Бердібек Машбекұлы жауапты науқан сәтті аяқталғанын, алайда әлі де болса көңіл аударатын мәселелер бар екенін ашық айтты.

– Көктемнің кеш келуіне қарамастан егіс науқаны ойдағыдай аяқталды. Берілген тапсырмалар орындалды. Ендігі мақсат – еңбекті еш кетірмей, күзде жақсы өнім алу. Ойдағыдай өнім алу үшін алдымен суды үнемдеп, дұрыс пайдаланған жөн. Егіс алқаптарын тыңайтқышпен құнарландыру да маңызды мәселе. Одан кейін ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына, басқа да жауаптыларға қанша мәрте тапсырма берілгенімен, биыл да үшінші, төртінші репродукциялы тұқымдар егілген. Сапасы нашар тұқым егіп отырып, мол өнім алу туралы қалай айтамыз, – деді Бердібек Сапарбаев.
Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 768,5 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 46,8 мың (6,5 пайыз) гектарға артыпты. Аудандардың барлығында егістік алқабы бірнеше есеге ұлғайған. Тек Байзақ ауданында ғана көкөніс және бақша дақылдары 2020 жылмен салыстырғанда аз орналастырылған. Ал мал азығы 230 мың 122 гектарға себіліп, 2020 жылмен салыстырғанда 13 514 гектарға артыпты.
Ағымдағы жылы тұқымның сапасын арттыру бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілген екен.
– Биыл себілген элиталық тұқым көлемі 12 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға артты. Сіздің тапсырмаңыз толығымен орындалды. Жалпы биылғы жылдың өнімі үшін 94,4 мың тонна тұқым себілді.

2020 жылы күздік бидайдың «Бригада» элиталы тұқымының 518 тоннасы Шығыс Қазақстандағы тұқым шаруашылықтарынан алынып, егілді. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Сонымен қатар Алматы облысында орналасқан «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандарымен бірігіп, әр ауданда тұқым өсіру шаруашылықтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Яғни әр ауданда ашылған шаруашылықтар диқандарды жоғары сұрыпты бидайдың тұқымымен қамтамасыз ететін болады, – деді Қайрат Тілеубайұлы.
Осы орайда өңір басшысы тұқым өсіру шаруашылықтарының санын көбейтуді тапсырды. Ал облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітовтың сөзіне сүйенсек, облыста 7 элиталық тұқым шаруашылығы жұмыс жасайды екен. Өңірдегі тұқым шаруашылықтары өткен жылы 21 мың 501 тонна тұқым өндірген. Көктемгі-күзгі дала жұмыстарына қажетті 94 453 тонна тұқымның 7,6 пайызын 7 шаруашылық қамтамасыз етіпті.
Баяндамасын жалғастырған Қ.Аманов ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, тыңайтқышпен қамту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Облыс бойынша жалпы
12 189 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Ағымдағы жылы техникалардың жаңару көрсеткішін облыс бойынша 10 пайызға жеткізу көзделген. Бүгінгі күнге жаңару көрсеткіші 2,7 пайызды кұрап отыр.
2021 жылы егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету бағдарламасына 1,0 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 936 шаруашылық 8,0 мың тонна тыңайтқыш алып, жоспар 26,8 пайызға орындалып отыр. Мойынқұм, Қордай, Шу және Т.Рысқұлов аудандарындағы шаруашылықтар тыңайтқышты өте аз қолдануда, – деді Қ.Аманов.
– Минералды тыңайтқышпен қамтуға бөлінген қаржы өте аз. Өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігімен жұмыс істемейсіздер. Республика бойынша егістік көлемі бойынша алғашқы бестікке енеміз. Қомақты қаржы алып, тыңайтқышты шаруашылықтарға үлестіріп, жерімізді құнарландырып, мол өнім алуға болады ғой? Әрине болады. Ал сіздердің бас қатырғыларыңыз келмейді.
Шаруашылық төрағаларымен де түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді. Диқандар да өздерінің қаражатына тыңайтқыш алсын, – деді Б.Машбекұлы.
Кемшіліктерді жойып, жұмысты жүйелеуге уәде берген Қайрат Тілеубайұлы келесі кезекте су үнемдеу технологияларын енгізу тапсырмасының қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады.
– 2021 жылға әр ауданға су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша индикатор бекітілген. Бүгінгі күні 40,5 мың гектарға енгізіліп, жоспар 101,2 пайызға орындалды. Сонымен қатар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 144 жаңбырлатып суғару қондырғысын шаруашылықтарға лизингке беру жоспарланып, нақты 117-сі берілді.
Шаруашылықтарды қолдау бағытында 2021 жылы жалпы субсидиялау бағдарламаларына 17 196,3 миллион теңге қарас­тырыл­ған. Бүгінгі күнге барлық бағдарламалар бойынша
4 870,4 миллион теңге (28,3 пайыз) 1 253 шаруашылыққа субсидия төленді. Өңірдегі жалпы шаруашылықтармен салыстырғанда 7 пайызды құрап отыр.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы құрылымдарын несиелендіруге 12,4 миллиард теңге облыстағы қаржы институттарына бөлінді. Бүгінгі күнге 776 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 7,0 миллиард теңге несие берілді.
Жалпы өсімдік шаруашылығын қолдау мақсатында 3,9 миллиард теңге бөлініп, бүгінгі күнге 561,6 миллион теңгесі игерілді,– деді баяндамасын қорытындылаған Қ.Аманов.
Басқарма басшысының баяндамасын тыңдап, ахуалмен жан-жақты танысқан облыс әкімі бірқатар өзекті мәселеге назар аударды.
– Мемлекет тарапынан егін шаруашылығына бөлінген қаражат 5 айда 15 пайыз ғана игерілген. Біз неге бөлінген қаржыны игере алмаймыз. Аудандарға барғанда қай шаруа қожалық төрағасын сөзге тартсаң да субсидия алмағанын немесе ала алмай жүргенін айтады. Қаржыны толығымен игеріп, одан кейін бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қосымша ақша сұрауға болады ғой. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын несиелендіру бағытында атқарылған жұмыстарға да көңіл толмайды. Ескі техниканы өткізіп, орнына жаңа техника алу жұмыстары да тоқтап қалды. Неге жалғаспады? Ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін шығаратын біріккен кәсіпорын да құрылмаған.
Жалпы басқарманың жұмысы «сен тимесең, мен тиме». Талдау жоқ. Аудандардан мәлімет жинауды ғана біледі. Мұндай басқарманың қандай қажеттілігі бар. Егер басқарма мамандары шаруашылықтарға барып, диқандармен кездесіп, пікір алмасса, шағымдарына құлақ асса, көп мәселе ушықпай, дер кезінде шешілер еді. Шағын қаржы ұйымдарының да жұмысын нөлге бағалауға болады. Берілген несие сомасын көрсең жағаңды ұстайсың.
Ашығын айту керек, ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бірігіп жұмыс істемеуінен көп кедергіге тап болып отырмыз, – деген облыс әкімі не себепті Байзақ ауданында бақша дақылдарының егістік алқабы азайып кеткенін сұрады.
Басқарма басшысы Байзақ ауданында көкөніс және бақша дақылдарының 2020 жылмен салыстырғанда төмен болу себебі су жүйелеріне жүргізілген жөндеу жұмыстарының бітпеуіне байланысты екенін тілге тиек етті.
– Су тапшылығы сіздерге жақсы сылтау болды. Судың көлемі былтырғыдан кем емес. Ауыл шаруашылығы басқармасы, «Қазсушар»-дың филиалы көктем келмейтіндей арқаны кеңге салып жүрдіңіздер. «Қазсушар»-ға тапсырма беріледі. Орындалмайды. Байзақ ауданындағы жұмыстарыңыз аяқталған жоқ. Нәтижесі қалай болды?! Көкөніс, бақша дақылдарының егістік алқабы азайып кетті. Сендердің жұмыстарыңның салғырттығын неге диқандар тартуы керек. Былтыр бітетін арықтар, каналдар әлі бітпеген. Егер ертең Шудағы «Тасөткел» су қоймасының суы Шу мен Мойынқұм ауданына жетпесе, филиал басшысы ретінде, Қазыбек, басыңызбен жауап бересіз, – деген Б.Сапарбаев күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімдерінің есебін тыңдап, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітовке, басқарма басшысына бірқатар тапсырма берді.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.