Ән әлемінде әуелеген Әулиеата жастары

0 42

Әлемді жайлаған қатерлі індет талай өмірге балта шапса да, өнерге шектеу бола алмағаны жүрек жұбатады. Жаратылысынан бостандықты, табиғатынан еркіндікті қалайтын адам баласы үшін шектеумен ғұмыр кешу оңай емес. Десек те ой мен қиял, идея мен шығармашылық ешқандай шекараға шегенделіп, қамалға қамалып қалмайтыны бесенеден белгілі. Оған дәлелді алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Жамбылдың жас таланттары жыл басынан бері жаңа әндерімен жан жадыратып, заманауи бейнебаяндары арқылы көңіл қуантуда.

Жас та болса сахнаның сәніне айналып, соңғы 4-5 жылда облыс жұртшылығы ғана емес, республикаға танылып, қазақ эстрадасында өзіндік өрнегімен жарқырап келе жатқан «Әдемі-ай» дуэтінің әншілері Әсел мен Әсем Тілеубердиеваларды бұл күнде білмейтін жастар, әнсүйер қауым кемде-кем. Тараз топырағынан түлеп ұшып, қазіргі таңда белгілі эстрада жұлдыздарымен бірге түрлі өнер жобаларына атсалысып жүргеніне көрермен көзі куә. Бұған дейін де екі бейнебаянмен көпшілікке танылған бұл дуэт жуырда «Сенесің бе?» атты әнге үшінші бейнебаяндарын түсіріп, көрерменнің ықыласына бөленуде. Бұл ретте біз де ән әлемінде әуелеп ұшқан әулиеаталық жерлестерімізді жаңа бейнебаяндарымен құттықтап, қуаныштарымен бөліскен едік.
– Қазіргі таңда ән өнері менің өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналып кетті деп айтсам, артық болмас. Сондықтан түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден алыстасам да жаңа бейнебаянның жарық көруіне, көрерменнің көңілінен шығуына барынша атсалыстым. Бұл біздің «Әдемі-ай» дуэтінің репертуарындағы «Сенесің бе?» атты әнге түсірілген бейнебаян. Әннің шығу тарихы да өзім үшін тереңде жатыр. Себебі жүрек түкпірінен сыр шертеді. Қанша жерден шын ғашық болса да қыз баласы сезімін ашық айта алмайды ғой. Сол іңкәр сезімді осы әнмен әуелете, иесіне жеткізгіміз келді. Ән өте көңілді нұсқада жазылды. Сөзін белгілі ақын Оразбек Қиынбаев, ал әнін шымкенттік жас сазгер Бағжан Тасов жазып шықты. Осы әнге бірден ғашық болып, жарыққа шығаруға бел будық. Ән шыққаннан кейін елімізге белгілі үлкен киноларды түсіріп жүрген тәжірибелі, өз саласының шебері Қанатжан Мырзағалиев деген керемет шығармашыл жанмен таныстық. Ол «Бизнес по казахский» секілді белгілі киноларды түсіріп жүрген талантты азамат. Сол кісінің тәжірибе кеңесімен бейнебаянымызды түсірдік. Түсірілімнің басы-қасында өзі жүрді. Бейнебаянға еліміздегі ең жас режиссер Күмісай Бейсебаева атсалысты. Режиссер ретінде қыз баласына жүгінгеніміздің де себебі сол, ол біздің жан дүниемізді жақын түсіне білді. Клиптің түсірілуіне алдын ала екі ай дайындық жұмыстары жүргізілді. Бірақ түсірілім барысы сюжеттік емес, тректік бағытта өрбіді. Яғни тек өзіміз ғана басты кейіпкер болдық. Осылайша екі ай дайындалған ісіміз бір-ақ күнде жүзеге асты. Бейнебаянымызға бас-аяғы 2 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Жұмыс барысында соңғы үлгідегі техникалар пайдаланылды. Қазір жаңа бейнебаянымыз «Той-думан», «Жұлдыз TV», «Евразия» арналарында айналымда. Аллаға шүкір, көрермендердің ыстық ықыласын естіп жүрміз. Енді келесі бейнебаянымызды ашық аспан астында түсіреміз деген жоспарымыз бар. Өнер әрдайым ізденіс пен шығармашылықты талап ететіндіктен, алдағы уақытта бұдан да керемет бейнебаянмен, әндерімізбен көпшілікті қуанта береміз, – дейді Әсел Тілеубердиева.

Өнердегі қаракөздеріміз осылайша ән әлемінің сәніне айналып жатса, тағы бір талантты жас Орынбасар Бақытұлы таяуда әнін өзі шығарған «Тағдыр» бейнебаянымен көрермендердің көңілін баурап алды. Бұған дейін облыстық, республикалық ән байқауларында орындаушылық өнерімен танылып келе жатқан Орынбасар енді сазгерлігімен де тәнті етуде. Талантты жас тұңғыш бейнебаянын Таразда түсіріп, жерлестерін де, замандастарын да желпіндіріп тастады.
– Әннің авторы өзім. Сөзі белгілі ақын ағамыз Мұхтар Шахановтыкі. Ән шыққаннан кейін белгілі айтыскер ақын Айтмұхамет Исақов ағаммен кеңестім. Ол кісі бағасын, батасын берді. Жарыққа шықпай тұрып бұл ән айналамдағыларға бірдей ұнаған жоқ. Дегенмен аранжировка жасайтын маман іздей бастадым. Карантин уақытында тараздық талантты азамат Мақсат Алтыбаев Алматыдан туған жерге жолы түсіп, сол кісі аранжировкасын жасап берді. Ән оның да көңілінен шықты. Әнді жазып алғаннан кейін бейнебаян түсіргім келді. Осылайша өз өңірімізден режиссер іздедім. Бейнебаянның толық сюжетін жас режиссер, «Kaz.production» студиясының директоры Елжан Жармұхамедов жазып шығып, дайын болғанда бір-ақ маған ұсынды. Сюжет маған бірден ұнады. Клипті Тараз шаһарының орталығындағы кофеханада, кафеде және өзіміздің Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында түсірдік. Осы бейнебаянның арқасында Алматы қаласында өткен «Жұлдыз таңдауы» атты үлкен тележобаға қатысып қайттым. Сол жерден «Жаңа тыныс» деген марапатқа ие болдым. Жасыратыны жоқ, бейнебаянды көргеннен кейін көңілі босап, хабарласып, риясыз ризашылықтарын айтқан замандастарым да табылды. Өйткені әнде қосылмай кеткен екі тағдыр бар. Жастар үшін махаббат тақырыбы қашанда маңызды болғандықтан жалынды жүректерден жол тапқанына қуандым. Арасында ауыр ән деп айтып жатқандар да жоқ емес. Осы ән, бейнебаян арқылы мен қатарластарымды тағдырдың жазуымен өмірді қатыгез көрмей, қиындықтарға мойымай, төзімді болуға шақырғым келді. Өзім үшін бұл бейнебаян үлкен стимул болды. Әлі де үлкен шараларға шақырту алып, тыңдармандарым көбейіп жатыр. Алла жазса, алдағы уақытта да адамзатқа, жастарға ой салатын дүниелерді жарыққа шығарсам деген жоспарым бар, – дейді Орынбасар Бақытұлы.

Қорыта айтқанда, топырағы текті Әулиеата жастары өнерде өз өрнектерін қалыптастырып, ел сенімін еңбекпен ақтап, толағай табысқа талмай ізденетін талапшыл, талғампаз, төккен тер мен талантының арқасында жетуді көздейтіні көңіл марқайтады. Біз де өз кезегінде шығармашылықтың шыңына ұмтылған өрендерге жалынды жігер, шалқар шабыт тіледік.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.