Жастар.kz

Ән салсаң, Жанболаттай сал!..

Ұлы дала елінің жүрегі іспеттес Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының халық шығармашылығы орталығы «Жан-жүрегім Астана» атты ән байқауын ұйымдастырды. Жамбыл аудандық мәдениет үйінде өткен сайысқа өнерімен өрге жүзіп, өңірлерден іріктеліп шыққан талантты жастар қатысты.

Байқауды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастығы Дүйсенәлі Бықыбаев ашып, ізгі тілегін білдірді. Үміткерлер Астанаға арналған және патриоттық рухтағы бір ән орындап, өзара бақ сынасты. Дегенмен, дода болған жерде дүлдүлдердің дараланып шығатыны белгілі. Жас таланттардың арасынан Жамбыл ауданының әншісі Жанболат Таласбай топ жарып, бас жүлдені иеленді. Оған 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табыс етілді. Жезтаңдай Жанболат әншілік өнердің әкесінен дарығанын және оны ұстаз тұтатынын жеткізді. Салтанатты сәтте:
– Жерлестеріммен бірге әкемнің үмітін ақтағаныма өзімді бақытты сезінемін, – деді ол қуанышы қойнына сыймай.
Ал, бірінші орынға тігілген 100 мың теңгені сарысулық Мейіржан Омаров олжалады.
– Тумысымнан дарыған дауысымды біліммен ұштастырып, шеберлікке баулыған ұстазым – Рая Айтақова. Қандай жеңіске жетсем, бәрінде ұстазымның үлесі зор, – дейді 20 жасар өнерпаз Мейіржан Талғатұлы.
Үміткерлердің орындаушылық шеберлігін бағалаған қазылар алқасының төрағасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Әуезхан Салабеков бұл байқаудың ел ішінің – өнер кеніші екендігін тағы бір мәрте дәлелдегенін жеткізді.
– Бұл байқауға аймақтардан іріктеліп келгендіктен де бағалау бізге өте қиын болды. Дегенмен, таланттан бөлек, әнді нақышымен орындаудағы кәсіби шеберлік те басты рөлге ие. Үміткерлер арасында бойында бар дауысын меңгеру және дыбыс тазалығын сақтауда қателіктер кездесті. Дегенмен, табиғи талантты жастарымыздың бары қуантады. Енді солармен кәсіби мамандар жұмыс істесе, біздің өңірден нағыз өнер жұлдыздары көптеп шыққалы тұр, – деді ол.
Жүлделі орындармен қатар, барлық қатысушыларға Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Қамар Қарасаева
Жамбыл ауданы

ПІКІР