Ән тәрбиесі әлсіреп барады

0 5

Бүгінде бүлдіршіндеріміз мереке сайын шетел әндеріне билеуді әдетке айналдырды. Мұның себеп-салдары неде? Бұл елімізде бүлдіршіндерге арналып жазылған қазақша әндердің аздығынан ба? Әлде балабақшаларда бүлдіршіндерге музыкалық білім беру сапасының төмендігінен бе? Бәлкім, ұлттық құндылықтарымызды ескермей, көрінеу аяқасты етудің бір көрінісі болар?

Дәл қазіргі уақытта біз 5 жасында музыка жазып, концерт беретін, ағыл-тегіл өлең шығарып, ересектер секілді елжіретіп ән салып, ауада қалықтап билейтін буынсыз биші балалар туралы жаңалықтарды да жиі естіп, біліп жүрміз. Неге? Себебі еліміздің шартарабын әсем ән мен тәтті күй кернеумен-ақ тұр. Жер де – ән, көк те – ән… Теледидар тетігін басып қалсаң да, радиоқабылдағыш құлағын бұрасаң да ар жағынан ән саулап жүре береді.
Жастарымыз, тіпті бүлдіршіндеріміз де осындай әндерге емініп, ұялы телефондарын құлақтарына таңып ұйықтайтын болды. Ең бір өкініштісі, жер-көкті қазақ пен шетел музыкасы түзілісінен пайда болған «будан әуендер» жаулап барады. Соңы жақсылыққа апарып соқпасы да белгілі. Жаһандық әуендер жасөспірімдердің ділін бұзып, мінез-құлқын өзгерте ме деген қауіп те жоқ емес. Көршілес Ресей телеарнасының арнайы хабарларында ретро және заманауи әндердің өз тыңдармандары ән мазмұны мен тәрбиесі төңірегінде екі жақ болып айтысады да жатады.
Ал біз мазмұны, маңызы, берер тәрбиесі қандай екенінде шаруамыз болмайды. Әнді талқылауды емес, тыңдауды ғана білеміз. Көбінесе, шетелдік туындыларды. Ән байғұстың араласпайтын жері, «құйысқанға қыстырылмайтын» қылтасы қалмауға айналды. Мерекелік және атаулы күндерді былай қояйық, нашақорлық пен шылымқорлыққа қарсы, денсаулыққа, білімге, спортқа қатысты, басқа да қоғамдық саяси мәні бар науқандық шаралардың барлығы да әнмен әдіптеліп, күймен «күптелетін» болды. Үлкендер жағы – тойда, жасөспірімдер мен бүлдіршіндер – мектептер мен балабақшаларда ән салып, аядай сахнаны азан-қазан етіп жатқаны. Бұл жақсы ма, әлде…
Бүйте берсек, біздің жас ұрпағымыз біржақты – тек ән тәрбиесімен ғана өсіп-жетіліп, басқа пәндерді жылы жауып қойып жүрмей ме? Әлбетте, жөнімен пайдаланса, ән тәрбиесі әлеуетті-ақ. Адамды мейірімділікке, жұмсақтыққа, сезімге де тәрбиелейді. Ұлттық қалпымызға келудің, болмысымызды бұзбаудың да кепілі.
Жалпы біздегі ән тәрбиесі қандай деңгейде? Балабақшадағы, мектептегі жеткіншектердің де тыңдайтыны Қайрат Нұртастың, Ернар Айдардың және тағы басқаларының хит әндері. Жаңадан тұсауы кесіліп жатқаны, күн сайын эфирден тарайтыны бар, осы күнгі қазақ әндерінің басым дені «сүйдім, күйдімнің» төңірегінде. Махаббат әндерін балабақша бүлдіршіндері де, әскери бөлім сарбаздары да айтады. Мұндайға «әй» дер ажа, «қой» дер қожа табылмай тұр.
Мұң-зары басым, «жылауық» әуендер онсыз да психикасы әлсіз жасөспірімдерге әсер етіп, бірсыпырасының қиялиланып көпқабатты үй балконынан секіріп кетіп, «сезім құрбанына» айналып жатқанын да «ұзынқұлақтан» естіп қаламыз. Тәттіні көп пайдалансаң, аузың уылатыны секілді, жас әншілеріміз «тәтті сезімге бөленуді» насихаттауда тым шектен шығып кеткен сияқты. Радио эфирімізде бағзы кездегідей, «Батыр бала Болатбек», «Ортеке», «Біз лагерьге барамыз», «Туған ел», «Ақ көгершін» секілді Отан, туған жер, ерлік, бейбітшілік, елдің бақытты тұрмысы, табиғат, бақытты балалық шақ жайлы ұлттық нақыш-иірімге толы әуeндер неге аз? Ән қоржынымыз тақұл-тұқыл ма, әлде?
Қалай болғанда да өсер ұрпағымыздың өмірді шынайы ұғынатын, жан-жақты ойлайтын, кемел ақыл иесі ретінде қалыптасып жетілуін ойлар кез жетті. Бізге таңдайы тұнық балалар әндері керек-ақ! Әлбетте, ән тәрбиесінің жас ұрпаққа ықпалы, әсер ету күші, әлеуеті ерекше екенін жоққа шығарғалы отырғанымыз жоқ. Балабақша мен бастауыш сыныптардың ең көп пайдаланатыны – осы балаларға арналған әндер. Ал олардың сапасы мен деңгейі төмен болса, тәрбие де төмен болатыны анық. Әсіресе, баланың жасынан ділін, тілін түзеу, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға баулудағы рөлі ұмытылмауға тиіс. Баланың танымын, өзіне лайық әлемін, ой-санасын, тілін жетілдіруде ата-ана үшін де, тәрбиешілер үшін де ұлттық музыка жауһарларынан, балалар әндерінен асқан көмекші құрал жоқ.
Рас қазіргідей компьютерлік технологиялар дамыған заманда жасөспірімдеріміз музыка тасқынына тап болып отыр. Оларды негізінен біз де, қоғам да емес, ұялы телефондар мен смартфондар тәрбиелеп жатқаны белгілі. Мысалы, «Балапан» телеарнасын ауыл баласы болмаса, қала баласы көріп, тамашалай қоймайды. Өйткені, смартфон түрлері ауылға әлі толық жете қойған жоқ. Жалпы, қазақ музыкасының қоры тақұл-тұқыл деп айту да қиын. Оның бірсыпыра мысалын жоғарыда да айттық. Бүгінде алдын ала дайындалып, қолданысқа енгізілген балалар әндерінің караокелері, «минусовкалары», хит әндері де көп-ақ. Оларды тегін көшіріп алуға да болады. Тек балабақшалардағы музыка пәндері оқытушыларының бұл тұрғыда талмай ізденуі, балалар әндерін таңдай білуі керек сияқты. Осыған орай олардың қатарын шығармашылықпен жұмыс істейтін жас мамандармен, әуесқой сазгерлермен толықтырудың да мезгілі жетті деген ойдамыз.
Облыстық, қалалық және аудандық білім басқармалары мен бөлімдері тарапынан музыка пәні оқытушыларының, караокелер мен музыка сабақтары жоспарларының байқауларын ұйымдастырудың да маңызы зор. Қазіргі заманауи технологияларды қолдануда да ептілік таныту, балалалар әндері антологиясын шығару арқылы бұл істі бір ізге түсіру де қажет-ақ. Осы орайда әрбір мерекелі һәм атаулы күнге орай өзіндік мәніне сәйкес қазақша әндерді топтастырып, композиторынан, ақынынан рұқсат алу арқылы, арнайы «Play-жинақ» жасау және оны балабақшаларға тегін тарату керек сияқты.
Ал сіз қалай ойлайсыз, әлеумет?

Баймаханбет АХМЕТ,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.