Мәдениет

«Ән-жырым саған, туған ел!»

«Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстан Республикасының Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Ән- жырым саған, туған ел!» атты концерті өтті. Танымал сахна сайыпқырандарының қатысуымен құйқылжыған көркем саз, кестелі өлең өрілген кеш өнер мерекесіне айналды.

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында өткен сазды кешке жиналған халықтың қарасында қисап жоқ.

Ел жадында жаңғырып, жүрегінен ойып орын алған елуден астам ән мен бірнеше күйдің, 2 драмалық спектакль музыкасының авторы биыл жетпістің желкенін керді. Талантты тұлға бұл жасқа өнердегі жолына өнегелі із тастап, толағай табыстармен, жеңісті жетістіктермен жетіп отыр. Дарабоз дарын иесінің мерейтойы аясындағы есеп беру кешіне өзінің өнердегі әріптестері, талантты шәкірттері Бағдат Сәмединова, Мақпал Жүнісова, Алма Аманжолова, «МузАрт» тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Саят Медеуов, Жанболат пен Жазира, Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуалиева, «Меломен» триосы, Нұрболат Абдуллин, «Айтұмар» тобы, Ернар Айдар, Сая Махамбет аянбай атсалысып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Шара барысында Мейрамбек Беспаев пен Тоқтар Серіков көпшіліктің көңіл пернесін ән құдіретімен дөп басып, халықтың мақтанышына айналған ұлағатты ұстаздарын сахна төріне шығарды. Салтанатты сәтте даңқты жерлесіміз Алтынбек Қоразбайұлы сөз тізгіндеп, туған елге тағзым етті. Сондай-ақ, кеш барысында ел назарына сазгердің жас кезінен сыр шерткен суреттері ұсынылды.

– Мен Әулиеатада дүниеге келіп, осы өңірдің азаматы болғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Кіндік қаным тамған Меркідегі 70 үй тұратын шағын ауылда туылғаныма қуанамын. Сол жерде әкеммен бірге мал бағып, соғыстан кейінгі қиыншылықты көріп өстім. Ал, өнер деген өлкеге алғашқы қадамымды 15 жасымнан сол кездегі Жамбыл қаласындағы мәдени ағарту училищесінде бастадым. Орысша білмейтін қазақ баласы осы өлкеде тұңғыш рет күйсандықты көрді. Өз шығармашылығымдағы «Бозторғай», «Сырғалым», «Шашбаулым», «Қара кемпір» секілді жұлдызды туындыларымның басым көпшілігі осы Жамбыл жерінде дүниеге келді. Сол үшін барлықтарыңызға алғысым шексіз. Сіздер барда мен әлі «Айхай, 25»-темін, – деп сазгер Арғынбай Бекбосыновтың сөзіне жазылған «Аяулы Таразым» атты жаңа әнді халыққа таныстырды.

Алматы қаласы әкімдігінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен, танымал эстрада жұлдыздарының орындауында сазгердің «Елге сәлем», «Таразым», «Таудағы көктем», «Қараша қаз, қай­да­сың?», «Менің-дағы бір аққуым бар шығар», «Әгугай домбыра», «Сағындым Кенен атамды», «Үш қоңыр», «Жайлауда» және жаңа әндері шырқалды.
Кеш соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз алып, өнер майтал­манына шапан жауып, темір тұлпар мінгізді.

– Өткен тарихты айтпағанның өзінде бүгінгі замандастарымыздың арасында қазақ өнерін өрге сүйреп, мәдениеттің дамуына өзіндік үлесін қосып жүр­ген, бүгінде елдің мақтанышына ай­нал­ған жерлестеріміз жеткілікті. Соның ішін­де, әрине, бірі де бірегейі Алтынбек Қоразбайұлы. Міне, бүгін сіз бен біз осы тамаша кештің куәгері болып отырмыз. Кешке атсалысқан өнер қайраткерлеріне алғысымызды білдіреміз. Осындағы елдің атынан алдағы белестерге бұдан да үлкен жетістіктерге жете беруіңізге тілектеспіз, – деді Асқар Исабекұлы өз сөзінде.

Ал, өнер қайраткері осы концерттен түскен 1 миллион 700 мың теңге қаржыны Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназияда ашылған IT-сыныбын жабдықтауға берді. Қайраткердің бұл қайырымдылығы көпке үлгі болары анық.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР