«Ана-Дала» балаларды қуантты

0 4

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің табиғатты аялау, ел ішіндегі бірлікті сақтау сынды өнегелі мазмұнын жас ұрпаққа жеткізу мақсатында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ана-Дала» атты жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Қойылым балаларды ойын-сауықпен қуанта отырып, Отанды сүйіп, қоршаған ортаны қорғауға шақырды.

Сәнтөре Пірмановтың ертегі-қойылымын сахналаған – режиссер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Анар Сағымбекова. Қоюшы суретшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева.
Қойылым биік шаңырақ іспетті бәйтеректің түбіне келген кейуананың мейірімімен айналаға нұр шаша игі тілегін ақтарып, маңайына барша төлді шақыруымен басталды. Балалардың сүйікті кейіпкерлері күшік, сүп-сүйкімді балапандар мен құлыншақ атқан таңмен таласа табиғатты тазартуға кіріседі. Осы кезде ортаға шыққан жыл басы – тышқан елден кеткісі келмей, мәңгілік билік үшін залымдық пиғылын жандайшаптарымен бірге жүзеге асыруды жоспарлайды. Ертегі желісі бойынша алып бәйтеректің тамырын кеміріп құлатса, 12 жыл бойы билікке өзі ие боламын деген дәмемен зұлым ойын іске асыруға кіріседі. Тышқанның бұл пиғылы өткен тышқан жылындағы бүкіл елді әбігерге салған тәжтажалдың тірлікке қарсы шапқан қарусыз майданын байқатты. Кеміргіштің кесірлі қылығының жолын бірлескен күреспен мейірімді Ана-Дала, Ақтөс, Айшөжек, Күншөжек, Гүлшөжек пен жүйрік құлыншақтың әрекеттері ел басына күн туғанда ортақ мақсатқа жұмылып, игі іс тындырған халықтың бірлігін көрсетті. Ізгілікке жұмылған мейірімді жандарға шығыс елінің сиқыршысы да келіп қосылды. Алайда алпыс айлалы қулық сиқырға да дес бермей, астыртын күшке көшкені ақ халаттылардың еміне ырық бермей, мутацияланған вирусты жоюға жұмылдырылған қарқынды күрестен көрініс берді. Кішкентай кейіпкерлерді залым күш құрсауға алғанда мейірімді Ана Тәңірден тебірене тілек тілеп, арамдықты ауыздықтауға жәрдем сұрады. Осы сәтте сахнаға Қызыр ата шықты. Ақ сақалды атаның батасы ақ жаулықты ананың тілегімен үндесіп, жақсылық жеңіп шықты. Бұл дүниеде қаншама айлакерлікке барып, қара бастың қамын күйттеген арам ниеттілерді бәрібір әділдік жеңетінін, тіршіліктің бір-біріне деген сүйіспеншілігін тудырар махаббатқа ешбір қаталдық дес бере алмайтынын жеткізгендей әсер сыйлады.
Жақсылықтың жеңісі думандатқан тойға ұласып, Мықтыбай мен Жықтыбай күрес өнерін көрерменге ұсынып, ұлы істердің бастаушысы болған Ұлы күн – Наурыз мерекесі салтанат құрды.
Той ортасында думандатып жаңа жылдың иесі қоңыр бұқа келіп, тіршіліктің тамырын кемірген тышқанды тықсыра қуып шықты. Дарқан пейілді халқымыздың салтымен сиыр жылынан мол ырзық, ырыс, ынтымақ күткен ертегі кейіпкерлері жүрекжарды лебіздерін ақтарып, Наурыз жырын шарықтатты.
Қойылым барысында кішкентай көрермендерді бірге ойната отырып, игі қасиеттерге баулыған кейіпкерлер Ана-Даланы Индира Мустафаева, Қызыр атаны Жандос Ильясбеков, сиқыршыны Абылай Аубакиров, бұқаны Абзал Дәулетбақов, тышқанды Ерасыл Аманбек сомдады. Тіршілік үшін күрескен күшікті Жорабек Төлеген, құлыншақты Зарина Асан, Гүлшөжекті Сымбат Нұрпейісова, Күншөжекті Әсем Қондыбаева, Айшөжекті Аружан Райымбек, Мықтыбай мен Жықтыбайды Қасым Келесбек сахналады. Ал тышқанның жандайшаптары қос қасқырды Азамат Шәкенбаев пен Медеу Ердалиев, қаракүшті Нұрсұлтан Маханов, айлакер түлкілерді Жадыра Құлтаева, Ризат Қылышбаева бейнеледі.
Қойылымның соңы балалардың мерекелік өнеріне жалғасты.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.