Мәдениет

«Ана деп бас иген біз түгіл, Әлемнің алты құрлығы»

Written by Aray2005

Жер бетіндегі жаратылыстардың бәрі анадан туған. Топырақтан жаратылған жалғыз Адам ата ғана. Алла да, пайғамбарлар да, ата-бабаларымыз да бізге ананы құрметтеуді тапсырған. Ер азамат жұмаққа анасының разылығымен ғана барады екен.

Жаһандағы көзіме көрініп, көңіліме жаққан небір түрлі таңғажайып құбылыстар қаншалықты көп болса да, мен үшін соның бәрінен қымбаты – анамның бейнесі. Әлемдегі құлағым естіген бұлақтың сыңғыры, баламның былдырынан бастап тәтті ән мен күйлердің барлығынан да маған анамның «айналайын, балам!» деген үні қымбат. Анам үшін қымбат сөз –тамшыдай болсын жалған қосылмаған сөз. Себебі анам маған сәби күнімнен өтірік сөйлемеуді өсиет етіп өсірді.
Менің анам – Бәтес Садырбаеваның екі туған күні, екі туған жылы бар. Осыдан-ақ анам дүниеге келген уақыттың қандай қиын кезеңдер екенін топшылай беріңіздер. Құжат бойынша 1941 жылы деп жазылған. Бірақ өзінің айтуынша, немере ағасы 1943 жылы майданға аттанғанда «мен де барамын» деп артынан жүгіргені есінде екен. Демек, есінде қалғанына қарағанда сөйлеп, жүгіріп жүрсе 1939 жылы туған шығармын дегені рас болар. 1941 жыл емес екені анық. Туған күні де солай. Құжат бойынша 10 наурыз. Ол кезде «бидай егілгенде, егін орылғанда» деп топшылаушы еді ғой. Әке-шешесінен естіген естелігі бойынша мамыр айында секілді. 10 наурыз – біздің әулет үшін үлкен мереке.
Анам он үш құрсақ көтерген. Төртеуі шетінеп, қатарға қосылып, жер басып жүргені тоғызбыз. Бес ұл, төрт қыз. Мен жетіншісімін. Атам қазақ мал басымен емес, жан басымен мақтанған ғой. Айтуға да ыңғайлы. Үш әпкем, үш ағам, бір қарындасым, бір інім бар деп сұрағандарға марқайып та қалатын кездерім болады.
Тоғызымыздың аяқ-қолымызды бүтін етіп, суық тигізбей, ыстыққа да күйгізбей өсіруі бірінші – Алла, екінші осы анамның арқасы.
Туып-өскен жеріміз қазіргі Мойынқұм ауданы. Бұйрат құм, сорайған сексеуіл, оған ұя салған қыран құс, барлығы менің көзіммен көріп, көңілімде сақталған көріністер. Ауылда «Промкомбинат» деген мекеме болатын. Анам сонда тігінші болып жұмыс істеп, зейнетке де сол жерден шықты. Қолында дипломы жоқ болса да сол мекемеде үйретуші маман болды. Аты айтып тұрғандай, мекеме жұмысшы қауымның тұрмыстық шаруа бұйымдарын тігумен айналысатын. Қолғап, төсек қаптары, халаттар, тағысын-тағылар. Білікті басшылары өндіріске өрмек тоқуды да қосыпты. Яғни, киіз үйдің тоқыма жабдықтарын өрнегімен, оюымен әрлеп тігу. Бұл енді ерінбей еңбектене беру емес, адамның туа бітті қанға сіңген шеберлігін, ісмерлігін қажет ететін іс. Анам осы уақытта тынымсыз еңбектеніп, қолынан балы тамған өнерімен адал, маңдай ақы терімен танылып, жұмыста жұлдызы жарқырады десе де болады. Ол уақыт менің мектепке жаңадан барған кезім. Әлі есімде, киіз үйдің уық, кереге, шаңырақ ағаштарын Қарақалпақстаннан әкеледі де, киізін Қырғызстаннан алдырады. Анам соған жіп керуден бастап, өрмек тоқу, басқұр, шашақбау, бәрін қолдан өріп, тігіп, өзі дайындайтын. Жұмыста жаппай қолғап, жұмыс киімдерін жасап, жеке қол шеберлігін қажет ететін әлгі киізүй жабдықтарын үйде тігетін. Ол жұмысқа бәрімізді салатын. Бізге бұйырғаны жіп иіру, оның да өзіндік құпия-сырлары көп. Иірілген жіптерді әр түске бояу өз алдына машақаты көп, талғамды қажет ететін шаруа. Анамның қолынан шыққан матаға жан кіріп, тіл бітіп кететін. Тоқыған басқұрлары төмен қарай төгіліп тұрғанын көрсең керемет! Есік алдындағы шуаққа жіп керіп, іліп қойғанда, көргендер тамсанып, көз ала алмай қалатын. Аудандағы Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейдегі көрмеде жарты киізүй қойылған. Сол киізүйдің барлық жабдығы менің анамның қол еңбегі, шеберлігінің көрсеткіші. Анамның аты-жөні де жазылған. Оны көрген сайын менің кеудемді қуаныш кернейді. Сол киізүйдің жартысы Санкт-Петербургтағы музейге апарып қойылған екен. Кейіннен отбасымызбен ұлттық ұсталық өнерін дамытып, ат әбзелдерін де жасадық. Ағам ерді қолдан шауып, былғары қайысын қаптайтын. Қамшы өру, желдік, тоқымдарын неше түрлі ою-өрнекпен жасайтынбыз.
Қазіргі көзқараспен қарасаң, шынында ұлтымыз үшін анамыз көп жұмыс істепті. Сонымен қатар, нақышымен мазмұнды халық әндерін айтатыны бар анамыздың ән-жырға жаны құмар. Музыкалық аспаптардың ішінде баянды жақсы көреді. Сол құмарлығынан шығар, үшінші сыныпта мені өнер мектебіне берді. Сол мектепте оқып жүріп балалықпен істеген бір бұзықтығым есімнен кетпейді. Бірде парталас досымыз екеуміз отырған партамыздың беткі қабатын сыдырып тастадық. Жап-жаңа мүлік оңбай бүлінді. Сынып жетекшіміз мән-жайды сұрағанда «Анау бірінші бастап, қаламсаппен көтерді. Сосын мен ары қарай сыдырдым» деп, мұрнымды тартып, төмен қарадым. Кішкентай жүрегім қылмыс жасағанын біліп дүрсілдеп тұр. Қатал ұстаз қылмыскерді жазаламай қойсын ба? «Милиция шақырыңдар!» деп айтып жатқанда тұра қашып, анама келіп, бәрін айтып бердім, енді анам араша түседі деп тұрмын ғой. Содан анам мені жетектеп мектепке келді. Ұстаз екеумізді директордың кабинетіне алып кірді. Анам арыз-шағымды асықпай тыңдап болып, «Енді не істейсіздер бұл баламның бұзықтығына, не шара қолданасыздар?» деді. Директор: «Милиция шақырып қойдық, соттай ма, ұрып қоя береді ме, арғы жағын солар шешсін» деді. Мен қорқып араша түседі ме деп көзімнің астымен үміттеніп анама қарасам, ол кісі міз бақпаған күйі: «Онда маған мұндай бұзық баланың керегі жоқ. Дұрыс шақырғансыздар, сотталсын!» деді де, шығып кетті. Ой, сондағы қорыққаным-ай. Осы оқиға маған үлкен сабақ болып, мүлде мұндай бұзықтықты қайталаған жоқпын.
Тоғыз баланы тәрбиелеу оңай ма? Бұл жөнінде анамыздың өзіндік талаптары мен бұлжымас қағидалары болатын. Бірдеңе бүлдіріп не тапсырылған жұмысты бітіре алмай жатсақ, «Әкең келіп, мұны көрсе не істейміз? Қап, сені ме, әкең келсе айтпасам ба! Әне, әкең келе жатыр!» десе балаң санамыз «енді қайттік?» деп қорқатынбыз. Асқар тау, отбасымыздың тірегі, жүрегі әкенің аты аталса қанша дегенмен балаға сес емес пе? Кейін байқасақ, әкеміз мүлде ондай қатал адам емес екен. Қаталдық түгілі қой аузынан шөп алмайтын момын, мінезі тіпті жұмсақ болып шықты. Мінез көрсетпек түгілі көп ішінде біреуге тік сөйлеуге де батпайтын болса керек. Тіпті айлық алуға да ұялып, анамды жіберетінін мұнда біліп жүрміз ғой. Біздің көзімізше де екеуі дауыс көтеріп, «шәй» дескен емес. Бүгіндері ойласам, әкем кең жүректі, салауатты иманның адамы болған екен. Анам отбасында әке рөлінің маңызын, одан именуіміздің шарт екенін жаңағы «әкең келе жатыр» деген сөзімен ғана білдіріп, бізге отбасылық атадан келе жатқан жолды көрсетіп, санамызға сіңірді.
Өнерге ықыласты болған соң, 8-сыныптан кейін Тараз қаласындағы «Культпросоветке» түстім. Ол кезде жас өнерпаздар өнер жолын сол оқу орнынан бастайтын. Бірақ, қызықтар көбейді ме, балалық па білмеймін, емтихан тапсыра алмай қалдым. Оны анамнан жасырып жүрдім. Ақыры болмаған соң, айттым. Анам менімен бірге келіп ұстаздармен жолықты. Талапшыл, орыс кісі болатын ұстазымыз, сол күйі баға қоймай оқудан шығуыма тура келді. Мойным салбырап, ауылға келе жатырмыз. Үміт артқан баласы оқудан құлап, оның үстіне, «бәрі жақсы» деп алдап, іс насырға шапқаны анама оңай тиген жоқ. Бұрынғы мектепте партаны бүлдіргендегідей ұрысса ғой, шіркін! Жоқ, ұрыспақ түгілі ауыр күрсініп, тіл қатпады. Үйге келген соң да ауыр ойға шомып, маған мүлде сөйлемей қойды. Бұл маған оқудан шығып қалғаннан гөрі 10 есе ауыр болды десем, артық айтқаным емес. Әсіресе «Бәрі жақсы!» деп алдағаным батады жаныма.
О бастан анам мені ашық сөйлесуге баулыды. Бәрін ақылдасып келіп, дәл осы сын сағатта мені неге ғана қара басты. Осы сұрақ менің жаныма қатты батты. Содан әйтеуір, оқуға қайта кіріп, диплом алып шықтым. Содан Шымкенттегі өнер институтына түстім. Жоғарыда мәселеге тіке келгенде өте талапшыл, қайсар екенін айттым. Оқудан шығып қалғанда маған сөйлемей қойғаны – жазалағаны екен. Дипломымды әкеліп көрсеткенде бір-ақ көзі жетті ғой деймін.
Балаларының да, қыздарының да ішінде анама ең жақыны мен болдым. Біреулер «әкеме, атама тартқанмын» деп жатады. Мен анама тартқанмын. Өзіме анама тартқаным ұнайды. Мүмкін әкем ертерек дүние салғаннан шығар.
Институтта мұғалім болып жүргенде журналымның арасына сөмкемнің ішіне студент қыздар жиі хат тастап кететін. Сол хаттарды анам екеуміз оңаша оқып отыру едік. Бұл енді жас қыздардың құпиясын ашу емес, олар – бала, мен–ұстаз. Кейбір әсерлі жазған хаттарды оқығанда «Пах, шіркін! Мен қандай қыздар қызыққандай бала туғанмын» деп мақтанып та қояды. Кей кезде «Мына хатты жазған қыздың суреті бар ма?» деп сұрап та отыратын. Жар таңдағанда да анаммен ақылдасып, үйлендім. Болашақ жарымнан анамның болмысын іздедім, таптым да.
Мен осы уақытта Құдайға шүкір, анам тірі, ортамызда ақылшы болып отырса да сәл ұзасам ойлап, сағына беремін. Тоғыз баланың ойы тоқсан қиял. Соның бәрін жалғап, үйлестіріп отыру анамызға оңай шаруа емес. Осы уақытта мәдениет саласында басшылықтамын. Сол кездегі киіз үй жабдықтарын қолдан жасау – мәдениеттің негізгі мәйегі екенін түсінемін. Анамның бізді баулыған ер шабу, тұрмандарды жасау, өрмек тоқу менің айналысатын жұмысымның бір бөлшегі. Анамнан үйренген соң бұл шаруа маған қиын емес. Қазір мекемеде басшылықта жүріп, кей қызметкерлердің анасына телефонмен хабарласып, «қолым тимей жатыр» дегендерін естісем қатты қынжыламын. Анам – ақылшы данам әрі бас сауғалайтын панам сияқты. Соңымнан шәкірт еріп, іс-шараларды ұйымдастырып жүрген азамат болсам да, анаммен ақылдаспасам, тірлігімнің бір жері үйлеспеген сияқты болып тұрады. Анама сыйлық жасағанымды жария еткенді жөн санамаймын. Бірақ қайтып сағынатыным, сонша қатты сыйлайтыным дерексіз зат есім секілді ауада қала беретін бір ғайыптың құсы сияқты. Сондықтан, анам жайлы осындай толғаныстарымды ақ параққа түсіріп жүремін. Қазір анама арнап «Менің анам» деген эссе дайындап жатырмын. Көктемде келетін туған күніне үлкен сыйлығым да сол болатын шығар!

Ғани Садырбаев,
облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры

ПІКІР