Қоғам

Ана тілге тұсау – аралас мектептен

Written by Aray2005

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан-ақ қазақ тілін мемлекеттік тіл деп танып, оның мәртебесін арттыру бағытында ауқымды шаралар қолға алынды. Дегенмен тіл тағдыры әлі де қазақтың жанына батып жүрген өткір мәселе саналатыны жасырын емес.
Әсіресе аралас немесе қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі мемлекеттік тілді оқытуда әлі де пысықтауды қажет ететін түйткілдер жеткілікті.

Жақында ғана республикалық басылымдарға берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та балабақшалар мен мектептердегі мемлекеттік тілдің мәртебесін биік ету басты назарда болатынын жеткізді. Оған қоса Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясында білім беру орындарындағы қазақ тілін оқыту сапасына қатысты нақты индикатор белгіленді. Ел дамуының барлық саласын қамтыған бұл құжатта мемлекеттiк тiлдi В1 деңгейiнде меңгерген мектеп түлектерiнiң үлесiн 2020 жылға қарай 100 пайызға жеткізу тапсырылды. Өз кезегінде аралас мектептердегі мемлекеттік тілді оқытудың бүгінгі аяқ алысына қарасақ, бұл межеге жету үшін әлі де көп күш жұмсау қажет секілді.

Қазақ тілінде сөйлеу сәннен қалып барады ма?

Неге десеңіз, сала мамандары аралас немесе қазақ тілінде оқытпайтын мектеп оқушылары арасында мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылықтың төмен екенін айтады. Тараз қаласындағы №24 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра Балғабайқызы мемлекеттік тілдің қолдану аясының тарылуы оқушылардың бұл пәндерге деген құштарлығының төмендеуіне әсер етіп отырғанына назар аударды.
– Әрине, Қазақстанда тұратын әрбір азамат қазақ тілін білуі керек. Сондықтан да аралас немесе қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті арнайы пән ретінде оқытылады. Қазір өзге пәндер секілді әлгіндей мектептерде қазақ тілін оқыту әдіс-тәсілі толық жетілген. Сабаққа озық технологияларды тарту мүмкіндігі жоғары. Мен 30 жылдан бері осы пәннен ұстаздық етіп келе жатқан маман ретінде қазақ тілін оқытып-үйретудің заман ағымына бейімделгенін толық сеніммен айта аламын.
Алайда бүгінде мектеп оқушыларына қазақ тілі озық әдістермен оқытылып жатқанына қарамастан, мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген қызығушылық төмен. Өйткені тілдің қолдану аясы өте тар. Әрі аралас немесе қазақ тілінде оқытпайтын мектеп оқушылары күнделікті тұрмыста, қоғамдық орындардағы қарым-қатынаста қазақ тілін қажетсіне қоймайды. Одан соң мемлекеттік тілді оқытуда қолданылатын оқулықтар оқу бағдарламасына сай келмейді. Нәтижесінде қазақ тілі мен әдебиетін оқу бағдарламасына сай оқыту пән мұғалімдеріне де, оқушыларға да қиындық туғызуда. Соңғы жылдары қазақ тілін Ұлттық бірыңғай тестілеу пәндерінен алып тастады. Бұрын аралас немесе қазақ тілінде оқытпайтын мектеп түлектері бұл пәннен міндетті түрде сынақ тапсыратын. Демек, оларға мемлекеттік тілді оқып, үйрену қажеттілігі болды. Ал қазір қазақ тілі тестілеу пәніне жатпайтындықтан, бұл пәнді оқып үйренуге салғырт қарау үрдісі байқалады, – дейді ұстаз.
Шындығында, мемлекеттік тілді оқытудың өзекті мәселелерін тілге тиек еткен ұстаз сөзінің жаны бар. Әрі-беріден соң ағылшын тілін ақылы негізде оқуға аңсары ауатын мектеп оқушыларының тегін оқытылатын қазақ тіліне қырын қарауы да ойланарлық жайт.

Саннан сапаға көшетін кез келді

Қазір облыста 15 орыстілді, 120 аралас тілді мектеп бар. Бұл мектептерде 58 584 шәкірт білім алуда. Демек, елдің ертеңі саналатын осыншама жеткіншектің мемлекеттік тілді өз деңгейінде меңгеруге мән бере алмай жүргеніне жіті назар аудармасқа болмайды. Аралас мектептердегі мемлекеттік тілді оқыту сапасының қай деңгейде екенін байқау үшін өткен жылы «ҚазТест»-пен жүргізілген бақылау тестілеуінің нәтижесіне көз жүгіртіп шығудың өзі жеткілікті. Облыс орталығындағы аралас және орыс тілінде оқытатын 6 мектеп-гимназияның 344 оқушысы қатысқан тестілеудің нәтижесі көңіл көншітпейді. Елбасының «Қазақстан 2050» Стратегиясына сай келер мемлекеттік тілдің В1 деңгейін толық бойына сіңіруі керек тараздық оқушылардың тестілеуге қатысқандарының 35 пайызы тиісті межеден көріне алмаған. Ал облыс әкімдігінің білім басқармасы ұсынған мәліметте мектеп түлектерінің мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші 90 пайыздың көлемінде деп көрсетіліпті. Қалай десек те, мемлекеттік тілдің мәртебесін биік етеміз десек, қазақ тілінде оқытпайтын мектеп түлектерінің қазақшасын жақсарту ісінде саннан сапаға мән берген жөн секілді.

Жаттанды білім жетістік емес

Аралас немесе қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі мемлекеттік тілдің ахуалы турасында пікір білдірген оқытушы-ғалымдар да бірқатар мәселенің шетін шығарды. Орта мектепті тәмамдап, жоғары оқу орнына түскен студенттерге қазақ тілінен дәріс оқитын ұстаздар олардың грамматиканы жетік білгенімен ауызекі сөйлеуде шорқақтық танытатынын айтады.
– Жоғары оқу орындарындағы орыс топтарында қазақ тілі пәні алғашқы курстарда міндетті түрде оқытылады. Дәл осы топтарға қазақ тілінен дәріс оқып жүріп байқағаным, қазақ тілді емес мектептерді тәмамдаған студенттер мемлекеттік тілдің грамматикасын жетік меңгерген. Алайда олар тек оның заңдылықтарын жаттап алған. Сондықтан да бұл студенттер мәтінмен жұмыс жасауға, оны талдауға келгенде тиісті нәтиже көрсете алмай жататыны бар. Әсіресе орыс топтарында білім алушылар әдеби тілдегі мәтіндер бойынша берілетін студенттің өзіндік жұмысын орындауда қиналады. Біз берген әдеби шығарманың үзіндісінің орыс тіліндегі нұсқасын оқып түсінік айтады. Сәйкесінше бұл олардың қазақ тілін еркін меңгеруіне кедергі болып отыр.
Қазақ тілінің заңдылықтарын жатқа ғана білетіндердің тағы бір кемшілігі – олардың сөздік қорының төмен болуы. Қолданыстағы сөздік қорларының төмендігінен олар ауызекі сөйлеуде қатты қиналады, – дейді М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасының аға оқытушысы Жанат Айнақұлова.

Білікті маман мәселенің бәрін шеше ала ма?

Әріптесінің ойын құптаған Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасының доценті Әйгерім Байымбетова да аралас мектептерде қазақ тілінен сабақ беретін маман дайындаудың өзекті мәселелеріне тоқталды.
– Қазір аралас немесе орыс тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ балалары да білім алады. Олардың қазақылықтан тамыр үзбеуі үшін әлгіндей мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту қажет-ақ. Күні ертең латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиі білім беру мекемелеріне енгізілгенде аралас және орыс мектептерінің оқушылары бұл үрдістен шет қалуы мүмкін. Ал оларға қазақ тілі оқытылса, сәйкесінше латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиі де үйретіледі.
Бұған қоса көпшілік бұл пәнді оқытудың өз ерекшелігі мен қиыншылығы бар екенін біле бермейді. Мұндағы ең өзекті мәселе, ең әуелі, мамандардың сапалы құрамын қалыптастыруға байланысты болып отыр.
Бәрімізге белгілі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушылығына тек қазақтілді мектептердің түлектері таңдау жасайды. Есесіне олардың көбі орыс тілін жетік біле бермейді. Өз кезегінде ұстаздың таза қазақтілді, ал оқушылардың орыстілді болуы олардың дәріс кезінде өзара байланыс орнатуына кедергі келдіреді. Сондықтан біздің университетте «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» бойынша маман даярлау қолға алынған. Бұл мамандыққа көбіне 3-курста қазақ топтарындағы орыс тілін жақсы меңгерген студенттер іріктеледі. Сәйкесінше олар университетті тәмамдаған соң жұмыссыз қалмайды. Өйткені бұл мамандықты меңгеруге ниетті студенттер аз. Маман даярлаушы кафедраның профессор-оқытушылары студенттердің білім беру ұйымдарындағы өндірістік тәжірибелеріне қатысып, олардың оқушылармен тығыз байланыс орнатуына кедергі келтіретін жайттарын анықтап, маман дайындау үрдісінде осы мәселелердің шешімін табу басты назарда, – дейді Ә.Байымбетова.

Қазақ тілі мемлекетті құраушы ұлттың ғана тілі емес. Ол – мемлекеттік тіл. Ресми қарым-қатынастың құралы. Алайда оның қолдану аясының тарылуы бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіре түсу қажеттігін айқындайды. Әсіресе қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде мемлекеттік тілді оқытуда туындаған түйткілдердің өзектілігі ойлантпай қоймайды. Есесіне бұл мәселелерді оңды шешу арқылы күнделікті тұрмыста қазақ тілін қолданылатын жаңа буынды қалыптастыруға болады. Сондықтан да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді аралас мектептердегі қазақ тілін оқытудың хал-ахуалына көңіл бөлуден бастау қажеттігі ешқандай дау тудыра қоймас.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР