Қазақстан халқы ассамблеясы

Аналар кеңесінің атқарған жұмысы ауқымды

Written by Aray2005

Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Яғни, туған жерге деген патриоттық сезім де, адалдық та жанұядағы ата-ананың тәрбиесі арқылы қалыптасады. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан консультативті орган ретінде еліміздің барлық аймағынан аналар кеңесі құрылды.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты аналар кеңесі 2014 жылы өз жұмысын бастады. Осы уақыт аралығында ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды сақтау мақсатында баянды бастамалар қолға алынып, іске асырылуда. Бұл кеңестің құрамына белсенді аналар мүше ретінде қабылданған. Олардың қатарында ұстаздар, дәрігерлер, этномәдени орталықтарының жетекшілері бар. Осылайша аналар кеңесі отбасындағы ұрпақ тәрбиесі, ажырасудың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық сынды өзекті мәселелерді шешуге оң септігін тигізіп келеді. Сонымен бірге қайырымдылық мақсатпен көпбалалы, жалғызбасты аналарға, жетім балаларға, мүгедектерге және басқа да панасыз, көмекке мұқтаж жандарға моральдық, материалдық жәрдем көрсетеді.
Айта кету керек, бүгінде өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде барлығы 55 аналар кеңесі жұмыс істеуде.
– 2017 жылы облыстық аналар кеңесі
2 байқау, 9 «дөңгелек үстел», 15 кеңес,
5 көш­пелі отырыс өткізсе, былтыр 92-ден аса іс-шараға мұрындық болды. Оның ішінде 8 қайырымдылық шарасы, 9 «дөңгелек үстел», 18 кездесу, 22 әңгімелесу, 12 отырыс пен 1 форум ұйымдастырды. Сонымен бірге өткен жылы аналар кеңесі аз қамтылған отбасынан шыққан 10 ауыр науқас балаға 1миллион теңге көлемінде қайырымдылық жасап, Тараз қаласындағы №1 қарттар үйі мен Қабылбек Сарымолдаев атындағы балалар үйін қамқорлықтарына алды. Сондай-ақ жыл сайын «Жүректен–жүрекке», «Мектепке жол» акцияларына ұйытқы болып келеді. Осы шаралар аясында облыстық аналар кеңесі
2 миллион теңгеге демеушілік көрсетті.
Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қайырымдылық керуені» науқаны аясында облыстың Меркі, Сарысу, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Жуалы, Қордай аудандарында аналар кеңесінің көшпелі отырыстары ұйымдастырылды. Байзақ ауданында әйелдер арасында деструктивті ағымдарға жол бермеу мақсатында «Қоғамдық сананы жаңғыртуда адамгершілік-рухани тәрбие берудің тиімді механизмдері» тақырыбында жиын өткіздік. Бұдан бөлек Қордай ауданында жергілікті дүнген ұлты қыздарының арасында тұрмысқа тым ерте шығу, жат ағымдарға ілеспеу жөнінде, Сарысу ауданындағы Арыстанды ауылын мекендейтін күрді этносы әйелдерімен, Меркідегі түрік, өзбек этностарымен туыс адамдармен қыз алмасудың генетикалық зардабы туралы, Жуалы ауданында Президент Жолдауының отбасы әл-ауқатын көтерудегі ролі жайында кеңестерге ұйытқы болдық, – дейді облыстық аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миржапова.
Бүгінде қоғамда болып жатқан барлық өзгерістерге аналар кеңесі бейжай қараған емес. Әсіресе, отбасындағы құндылықтарды сақтауға нәзікжандылардан құралған бұл кеңестің әсері зор. Осыған орай қазіргі таңда аналар кеңесі «Отбасы және медиация» атты жобамен қоғамдық негізде жұмыс жасап жатыр. Олар «Қоғамдық келісім» мекемесінің медиация кабинетімен бірлесе отырып, былтырғы жылы 12 отбасын ажырасу ниетінен қайтарған. Сол сияқты ұйым мүшелері қоғамдық-саяси шараларға да белсенділікпен атсалысуда. Облыстық аналар кеңесі төрайымының орынбасары А. Плетневаның айтуынша, ұйым мүшелері еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де атсалысып келеді.
– Былтыр аналар кеңесі Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуін іске асыру бойынша жиын өткізіп, келелі мәселелерді кеңінен талқылады. Сондай-ақ этномәдени бірлестік жетекшілерін, әйел меценаттарды, кәсіпкер әйелдерді қатыстыра отырып, «Рухани жаңғыру – жетістіктер тарихы» атты кеңейтілген отырыс өткіздік.
Өткен жылы аналар кеңесінің мүшелері Тараз қаласындағы мектеп оқушыларымен, колледж студенттерімен кездесіп, отбасы құндылықтарын нығайту, отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, жат қылықтардан бойды аулақ ұстау сияқты маңызды тақырыптар бойынша әңгімелесу жүргізді. Жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерімен «Қыз тәрбиесі», «Қыз, әйел, ана» тақырыптарында дөңгелек үстел отырыстары да ұйымдастырылды, –дейді облыстық аналар кеңесі төрайымының орынбасары А.Плетнева.
Тағы бір айта кетерлігі, ақ жаулықты аналардың бастауымен былтыр Достық үйінде «Болашақ бесіктен басталады» атты облыстық аналар кеңесінің форумы өтті. Жиынның мақсаты – «Қазақтану» бағдарламасы бойынша еліміздегі бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті, отбасылық құндылықтарды сақтау және өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру, қазақ халқының тарихы, өнері, дәстүрлері, философиясы туралы ақпаратты басқа этнос өкілдерінің қабылдауына ықпал етуге негізделді.
«Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, отбасы мен орынтақтың тірлігін қатар ұстап келе жатқан нәзікжандылардан құралған аналар кеңесінің атқарған жұмысы ауқымды. Алдағы мақсаттар да айқын. Ендеше, өскелең ұрпақты өнеге шуағына бөлеуді мақсат тұтқан кеңестің байыпты бастамаларына сәттілік серік болғай!

Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР