"Шабыт"

«Анам мінезді кісі еді»

Written by Aray2005

Кез келген адам бірінші анасына қарыздар. Ана алдындағы парыз ешқашан өтелмейді. Бұл анық. Жалпы шешем қатал адам еді. Кейде орынсыз ыржақтап, қалжыңдап, «әпке, жеңеше» дегендерді тыйып тастайтыны бар болатын. Анамның осы қасиеті менде де бар. Сол үшін біреуге ренжісем мәймөңкелеп тұрмаймын. Қатты айтып салатын мінез анамнан дарыған. Достарым дос боп жүріп сатып кеткен болса, мен ешуақытта кешірмейтінмін. Сол жағынан анама ұқсаймын деп ойлаймын. Ал қоғаммен байланыста әкеме тартқанмын. Жымиып күліп жүремін. Әкем басшылық қызметте болғанымен өзін халықшыл, қарапайым ұстайтын. Университетте сабақ беремін ғой. Жұмысқа барғанда адамдарға жылы қарап, жымия қарап жүремін. Себебі олар менің атағымнан немесе жасымнан қаймығады әрине, соны білемін де қарапайым болуға тырысамын. Менің дәрежем, рухани дәрежем де биік қой. Соның бәрін міндет қылғым келмейді. «Мен лауреатпын, мен сондаймын, мен ондаймын» деп ешуақытта ешкімге оғаш мінез көрсеткен емеспін.
Мектеп біздің үйдің жанында орналасқан еді. Анамның бір сөзінде айтқаны бар, мен бірінші сыныпқа барып жүрген кезім болуы керек. Сабаққа бара жатып, «Биеу-екеу таба наааан!» деп айғайлайды екенмін. Ол дегенім, таба нанды екі бүктеп, сөмкеме сал дегенім екен. Тілім «р-ға» келмегендіктен, «биеу-екеу» деп айтатын болуым керек. Мен мектепке 6 жасымда барыппын. Сол есімде қалғаны анам кітап-дәптерлерім салынған сөмкеме таба нанды екі бүктеп салып жіберетін.
Анам мені еркелеткенде «Ой, тентек» дейтін. Тентек дегенде мен шын мәнінде бұзық болдым. Далаға, көшеге шығып жүргенде танымайтын балаларға тиісіп, төбелес шығарып жүретінмін. Төбелес шыққаннан кейін мен ұрамын, ұрғаннан кейін оның әкесі шығады. Әкеме, анама айтамын. Олар бірақ ұрыспайтын маған. «Азайтсаңшы» дейді. «Азайт» дегені тиіскенді, төбелескенді қойсаңшы дегені ғой.
Есейіп, ел қатарына қосылған кезде көп жағдай есіңде қала бермейді. Балалық шақ ең тәтті кез ғой. Ең бір қасиетті кез деп айтсақ болады. Есейгеннен кейін мен де пендемін, басқалар сияқты қызметтің жақсысын қалағың келеді. Пайда тапқың келеді. Көзге түскің келеді, жақсы шығармалар жазғың келеді. Енді ана дегенде, әке дегенде баланың еске алатын жағдайы өте көп. Кейде жазып қойғым келеді. Бірақ уақыт болмай қалады, кейін өкінесің. Негізі біз Шу ауданында тұрғанбыз. Сол кезде бір дефицит зат келе қалады ауылға. Шешем алып ұшып кезекке тұрмай ма? Сол кезек болып жатқан жерге мен батпырауық деген ойыншықты сүйретіп келгенмін ғой. Үсті-басымның бәрі лай, батпақ, біреумен төбелестім бе, әйтеуір кіріп келгенімде анаммен бірге кезекте тұрған біреу «Ой, какой грязный мальчик» деп орыс әйел айтып қалыпты. Сонда анам «Это мой мальчик» деп қолымдағы батпырауығыма қарамастан, «Ой, күшік-ай, жүр үйге» деп алып кеткені есімде.
Анамның көзі тірісінде мен дүниеден өткен әкемнің басына үлкен тастан қаланған ескерткіш қойдым. Ол кезде біз қалада Жамбылда (қазіргі Тараз қаласында) тұратынбыз. Анам бірге барды. Мінезі қатты кісі. Ескерткіштің ашылуына жүздеген адам келді. Қаладан 18 шақырым қашықтықтағы жер. Соны ашуға барғанымызда анамның көзінен жас шыққан жоқ. Мен таңғалдым. «Ескерткішін қойдың, Әкішім қойды ғой, рақмет», дейді ғой деп ойлағам. Басқалар болса жылар еді, үндемеді. Үйге келгеннен кейін: «Балам» – деді, – Жұрттың көзінше жылап, беделіңді кетірме. Қанша ашулансаң, үйіңде ашулан. Сенде мінез бар, білем. Ешнәрсеге қарамай төбелесіп кетесің. Соныңды азайт алдымен. Одан кейін қой оны. Бүгін сен төбелесіп ұрдың. Күндердің күнінде сенен әлдеқайда күшті біреу келіп, сенің басыңды жарып кетуі, көзіңді шығарып кетуі мүмкін. Сондықтан менің саған өтінішім, ұрысып айтпаймын. Сұрап айтамын, төбелесті қой балам», деді. Мен шынында төбелесті қойдым. Біреулер келіп тиіссе де аулақ тұрамын. Ол кезде тиісу деген қалада көп болатын. Мен орысша жақсы сөйлейтіндіктен «Мне жалко тебя. Я бить тебя не буду» дейтінмін.
Мен Розаға «Менің анама ұқсайсың» – деп, талай мәрте айтқанмын. Мінез жағынан, қайсарлығы да енесіне ұқсайды. Ал өзімнің түрім, бейнем жағынан әкеме қатты келетін сияқтымын.

Әкім Тарази,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

ПІКІР