"Шабыт"

«Анам жұмысты соңына дейін жеткізбей бір тынбайтын»

Written by Aray2005

Сембек Сейдазімов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы

Анамыз Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылының қызы. Есімі – Мәрия. Әкесі Байділда деген ақсақал. Ата-анасынан жастай қалып, ағаларының тәрбиесінде өскен. Әкемізбен қалай қосылғаны бізге беймәлім. Әйтеуір әкеміз сол ауылға достарымен барғанда танысқан көрінеді.
Әкеміздің түбі таластық. Тіршілік кешкен заманы қуғын-сүргінге тұспа-тұс. Арғы ата-бабалары жайлы шежірені тарқатып, «пәленше бабаңнан түгенше атаң өрбиді» дегендей жақ ашқан емес. Тегімізді, шыққан сойымызды ғана білеміз. Әкемнің ата-анасы да өмірден ерте озса керек, көрген жоқпыз. Ел басына күн туған нәубет замандарда қуғынға түсті ме деп болжаймын, бізге нақты ештеңе айтпағанына қарағанда. Кейін келе архивтерден көп іздедік, бірақ таппадық. Тым болмаса бір парақ қағаз да қалмапты.
Үйіміз қаланың сыртындағы «Кирпичный» ауылында болды. Қазіргі уақытқа дейін соның төңірегінде тұрып жатырмыз. Отбасымызда 3 қыз, 4 ұл – жетеу едік. Қазір содан төртеуміз қалдық.
Анамыз жастайынан еңбекке араласқан шаруақор еді. Бізді де бала күннен еңбек етуге баулып тәрбиеледі. Перзенттерін айналып-толғанып еркелетуге мүлдем уақыты болған жоқ. Таң атқанда үйден шығып, күн батқанда, біз ұйықтап жатқанда келетін. Келін болып түскеннен еңбекке сүңгіді де кетті. Үйдің ұсақ-түйек жұмысы өз алдына, малдың да жем-суын қамдап, өзі қарайтын. Біз солай өстік. Ержетіп, ес білгесін ғана оны жете түсінгендеймін. Анамның бойында Аллаға да, адамға да жаққан игі қасиеттер мол болатын. Бірақ бізді маңдайымыздан сипап, еркелеткен емес. Іштей сүйсініп, жүрегімен жақсы көретін. Қуанышын да, күйінішін де сыртқа шығара бермейтін біртоға кісілердің қатарынан еді. Бірақ мен барлығын сезетінмін. Кейін келе жасы 70-тен асқан соң ғана қуанып, ренжіген кездерін сездіріп қоятын болды.
Бүгінде сол қатал тәртіп, қызу еңбекпен өскенімізге қуанамын. Шиеттей бала-шаға еңбекке епсіз, ерке болып өскенде не болар едік деп те ойлаймын.
Апаларымыз қызылшаға шықты. Анам бір күні «Мен жұмыс істеймін», деп теміржолға қарасты кірпіш зауытына орналасты. Үкіметтің жұмысы деп өз үйінің тірлігін де тоқтатқан емес. Екі жақта бірдей еңбек етті. Қолы қалт еткенде үй, ағайынның шаруасымен анда-мұнда шығады. Шықпаса жұмыс істей береді. Азаннан кешке дейін жұмыс. Біз жақта неміс, орыс сынды өзге ұлт өкілдері көп тұратын. Солар не ексе, біз де соны егеміз. Қияр, қызанақ, қырыққабат, жүгері бәрі біздің ауламызда жайқалып өсіп тұратын. Әкем жарықтықтың жақсы көретін кәсібі – жоңышқа егу. Қолымызда кем дегенде оншақты ашатұяқ ұстайтынбыз. Тауық, қаз-үйрек дегендерің өз алдына.
Әкеміз 41 жасында дүниеден озып, бар ауыртпалық анама түсті. Шиеттей баланы киіндірді, оқытты, аяққа тұрғызып, ұлдарын үйлендіріп, қыздарын тұрмысқа берді. Бәрін өзі адал, ақ, маңдай терімен тапты. Біреуден бір тиын да сұраған жоқ. Ол уақыт Кеңес үкіметінің кезеңі. Қазіргідей банк, несие атымен жоқ. Сауда-саттыққа да саусағын тигізбеді. Айлық алады, қалғаны малдан бастап үйден табылатын. Бәрі де сол еңбектің арқасы.
Мен үйленген соң біраз қолында болып, кейін үйдің жанынан жеке отау соғып, бөлек шықтық. Қалған ұл-қыздары да тұрмысқа шыққасын алысқа ұзамай, үлкен үйдің маңына қоныстанды. Анамның қолында кенже інім қалды. Менің үйім де қашық болмаған соң анамның көз алдынан ұзаған жоқпын. Сол өзім туып, кіндік қаным тамған жерде тіршілік кешіп келе жатырмын.
Балалардың екіншісімін. Жас кезімде әкеме қатты ұқсасам керек, көргендер алыстан «сен пәленшенің баласысың ғой» деп танып қоятын. Жасымда ұзын бойлы, сары бала едім. Бірақ жақында бізді бұрыннан танитын бір кісі «Сенің жасың ұлғайғалы бері анаңа ұқсап келе жатырсың» дейді. Анасына ұқсағанды кім жек көрсін, ішім жылып қалды.
Құдайға шүкір, қазір менің екі қызым мен бір ұлым бар. Олардан туған немерелерді қатты еркелетемін. Анам да елжіреп, айналып-толғанып отыратын. Бұрынғы ата-анама еркелемей өскенімнің орнын осы күнде толтырғандай сезінемін.
Біз әке-шешеміз үйреткендей, алдыңғы буын аға-апаларымызға қарап өстік. Үлкен келсе қолға су құюға дейін үйрендік. Үйден алған тәрбиемен мектепте бұзықтық жасауға қорқатынбыз. Қорыққанымыз, ол – ұялғанымыз болатын.
Бала кезіміздегі анамның жасаған тағамдарын әлі күнге дейін аңсаймын. Көбінесе ет асатын. Иісін бұрқыратып көже, сорпа пісіретін. Жай ғана орамжапырақпен борщ жасағанын-ай, өте дәмді болатын. Есік алдындағы бастырманың астындағы ошаққа аскөк салып жасаған борщты басында орыстың тамағы деп тосырқап жейтінбіз. Жай ғана қуырылған картоптың өзі ерекше болатын. Қазір ешкім ондай тамақ жасай алмайды.
Ол кезде біздің үйдің тамағының барлығы табиғи болатын. Анамыз диірменге бидай тартқызып әкеліп, нан пісіретін. Күбі пісетін, сиыр сауатын. Мал сойса іш майын шыжғырып, тоңдырып қоятын. Дүкеннен тек сіріңке, тұз, қант, керосин мен шай алатынбыз. Қалғанының бәрі үйден табылатын.
Анам орысша оқыған сауатты адам болатын. Үйде тұйық болғанымен түзде, жұмыста емен-жарқын ашық сөйлесетін. Орысша әндерді нақышына келтіріп орындайтын. Ол кісінің даусына ешкімдікі жетпейді. Орысша сөйлегенде анау-мынау орысыңнан артық десем, ешқандай қателеспеймін.
Тынбай істеген еңбекқорлығының арқасында қалалық кеңестің екі шақырылымында қатарынан талай жыл депутат болды. Кейін мен де депутат болдым. Кім білсін, ол да анама еліктегендігімнен шығар.
Мен көргелі бері анам еңбектен бір тынған емес. Кезекті еңбек демалысында тек екі-ақ күн демалады. Бір күні «Арасанға» жолдама алып бердік. Содан әрең дегенде көндіріп жібергенбіз. 3-4 күн өткен соң есіктің алдында тықыр-сықыр көбейген соң шықсақ, бірдеңе істеп анамыз жүр. «Ойбай, не істеп жүрсіз? Курортта емессіз бе?» десек, «Қойшы, еңбек етпей қайтіп тыныш жатамын, кетіп қалдым» дейді. Не дейміз, үндемедік. Ол кісінің сырын білеміз. Жұмысты соңына жеткізбей жаны тынбайтын. 70 жасқа келгенде мен сол кірпіш зауытының директоры болдым. Бір күні «Демалсаңызшы, мына елден ұят болды ғой» деп айтып едім, содан маған өкпелеп біразға дейін сөйлемей жүрді. Жасы егде тартса да зауытта балшық илеуші болып қара жұмыс істеді. Қарияға өте ауыр. Амалсыз тағы рұқсат бердім. Бірақ қара жұмыс емес, бақылаушы боласыз деп. Содан 75 жасқа толғанша барып-келіп жұмыс істеп жүрді.
Анам саналы ғұмырын бізге арнады. Біз деп үлде мен бүлдеге оранып та жүрген жоқ. Тіпті бізден ақша сұрамайтын да. Кейде өзім білдіртпей бір айлықты артық жаздырып қоятынмын ол кісіге. Атаққа, артық сөзге, артық дүниеге де қызықпады. Ешқашан өміріне шағымданып, наразылығын білдірмеген таза еді. Кейде ол кісі неге ел секілді әдемі, қымбат киімдерді кимеді екен деп те ойлаймын. Киімі болмады емес, болды. Бірақ оны киетін жерге көп бармады. Қайтыс болғанда сандықтан киімдерін шығарып, іліп жатты. Байқасақ, бір киерлері көп екен. Яғни анамда қарапайымдылық қасиет басым болған. Сөз соңында барлық балаларының атынан анамызға риза екенімізді айтқым келеді. Және ол кісінің де перзенттеріне әруағы разы шығар деген ойдамын.
Дәл анам секілді еңбекке өз еркімен жегілген жанкешті жұмысшыны зауытта қанша жыл басшы болсам да әлі көрмеппін. Анамның өмірден өткеніне көп болған жоқ. Ол кісінің жарқыраған жүзі мәңгі жүрегімде қала бермек.

ПІКІР