«Анамның бар қасиеті – баға жетпес қазына»

0 338

Әлімбек ЖҰМАБАЕВ,
«Al-tais Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:

Анам аса мейірімді мінезімен де ерекше жұмсақ жаратылған жан. Әкем керісінше қаһарлы, қатал мінезді кісі еді. Әкеміз де, анамыз да жұмыс істеді. Бірақ біздің тәрбиеміз толықтай анамның мойнында болды. Анамыздың тәрбиесінің әліппесі «Әкең келе жатыр» болатын. Сол сөз бізді көп жамандықтардан тыйып, игі істерге бастайтын. Ол кезеңде ел қазіргідей тым тойшыл емес еді. Жексенбі, сенбіде отбасымызбен бас қосып, демалыс күндерін бірге өткізетінбіз.
Анама ең алғашқы сыйлықты мектепте оқып жүргенде сыйладым-ау деймін. Ол кезде көбіне ұстаздың тапсырмасымен сынып болып түрлі бұйым жасаушы едік. Сол қағаздың қиындыларымен жасалған дүние болуы керек, қателеспесем. Кейін мектепті бітірген соң әскерге барғанша жұмыс істеп, ақша тауып үлгердім. Бірінші айлығымды да, кейінгілерін де түгел анама беріп тұрдым. Себебі біздің отбасымыздың қаржысы анамның қолында болатын. Әскерден келерде анама арнайы барып сыйлық алдым. Үйге кіріп келгенде анамның қуанышы ерекше болды. Сыйлығыма емес, өзімнің есен-сау келгеніме қуанды.
Менің анам лып етпе эмоцияның адамы емес, ішіне көп нәрсені сыйғыза беретін ерекше кеңдігі бар. Қуаныш, қайғы болса да шектен шықпайды. Бәріне адами, қазақи өлшеммен қарайды. Анамның бар қасиеті – баға жетпес қазына. Әсіресе анамның сабырлылығына қатты тәнті боламын.
Анам Кеңес заманының заңдарымен жүріп-тұрған адам болған соң, біздің бүгінгі жұмыстың мән-жайын көбіне түсіне бермейді. Түсінеді, бірақ онша қабылдай алмайтын болуы керек. Біз жеке бизнеспен айналысамыз. Жұмыс сан салалы болған соң, іссапарларымыздың да, жұмысымыздың да мезгілі бір ережеге байланып тұрмайды. Кеш келіп, ерте кетіп, іссапарға алысқа шығып, жұмыс ұзаққа созылатын кездер болып тұрады. Осындай кезде көп уайымдайтынын сеземін.
Анамыз қазақтың дастарқанынан көріп жүрген астың бәрін де дәмді дайындайды. Өзім үйдің сүт кенжесі болғандықтан ба, сүт көжені ерекше жақсы көретінмін. Ата-ананың ықыласы көп баланың ішінен көбіне кенжелеріне ауады. Кенжесі болған соң ба, анамның көңілі мен дегенде ерекше. Сүт көжені қашан ішкім келсе де дайындап беруден жалыққан емес. Біздің кішкентай кезімізде анамыз аудандық қоймада жұмыс істеген. Нан комбинатында еңбек еттім дегенін де естігенмін. Негізгі мамандығы – технолог. Кейін Ниетқалиев көшесіндегі «Рассвет» фабрикасында жұмыс істеп, одан РЭО бөліміне ауысты. Сол жерден зейнетке шықты. Ол тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Мен әскерден жаңа келген кезім еді.
Біздің үйдің қарсы бетіндегі ғимаратта облыстық жол-патрульдік полициясы орналасқан. Көшенің екі жағасы, есіктің алды ағылған көлік пен ығы-жығы адам. Күнде көретініміз қулықтан ада қыр қазағы, төменгі жақтан келген туыстар. Көлік алған, сатқаны бар, айыппұл төлейтіндер де бәрі біздің үйдің төңірегінде жүретін. Келе-келе сұраныстан сауда туындап, біз есіктің алдында салқын су сататынбыз. Құжатты қалай алып, қайда қол қойғызу секілді жол таппай жүргендерге анамыз кеңес беріп, бағыттаудан жалықпайтын.
Отбасылық шаруаларды анаммен ақылдасамын. Ал бизнеске қатысты дүниелермен ол кісінің ғазиз басын қатырғым келмейді. Өтірік айтпау, уәдеде тұру, кеудеңді қандай қуаныштың желі кернесе де тәкаппарлықтың желкенін жаймау секілді қағидаларға берік болуға тырысуым анамның тәрбиесінен, не болмаса ақ сүтпен келген тектегі қасиетінен бе деп ойлаймын кейде.
Мен анамның қолында, қарашаңырақта тұрамын. Жер үй болған соң шағын ауламыз бар. Сол жерге алма, өрік ағаштары отырғызылып, құлпынай егілген. Бұл енді анамның өз еңбегі. Көшіп бара жатқан көршіміздің үйін сатып алғанбыз. Ол жерді де айдап, суарып, қызанақ, қияр егілген бақшаға айналдырып жіберді. Кейде маған арнап албыраған алманы әкеліп: «Жуылған, жей ғой, балам!», деп қарап отырғанда көз алдында бәрін жеп қойсам мәз болады. Мен де елуге келіп қалған әкемін. Балаларыма бөліп бергім келсе де әдейі өзім жеймін.
Шындығында, ол бау мен бақты қарау оңай шаруа емес. Немерелері үйде кино көріп, телефон қарауды жөн көреді. Ал анам: «Бақшаның шөбін шабамыз, суарамыз», деп немерелерін шақырып жатады.
Анамның барлық ықыласын алдым деп айта алмаймын. Ана қашанда баласына риза ғой. Қаражатқа, дүнияуи нәрселерге салсаң, әрине, ол шаруалардың орындалуы оңай деп ойлаймын. Бізді қашанда қинайтыны рухани жағы ғой. Анамның жүрегінің бір нәрседен шым ете қалғанын байқамай қалсақ, сол оңай емес. Жандүниемен, жүрекпен, көңілмен жақын болу – ең бастысы!
Анам осы айтқанымдай, яғни қарапайым еңбекке сүйеніп өскен қазақи кісі. Оның Бейбіткүл деген атынан да үлкен ғибратқа толы мағына табамын. Дінге деген ықыласы ерекше. Парыз, сүннеттерге көңіл бөледі. Құран, хадис кітаптарын оқиды. Құранды түпнұсқадан оқуға талаптанып, арабша тіл сындырып жүр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.