«Ананың қуаты – мейірімділігінде»

0 298

Мұхамеджан ТАЗАБЕК,
ақын, «Тәлім ТВ» телеарнасының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

– Менің анам Күлбибі Сағындыққызы Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылының тумасы. Әйгілі Балуан Шолақ атамыздың бір сойдан тараған туысы. Анамыздың туыстары мен ата-апасына ықыласы, махаббаты ерекше болғандықтан, мен нағашыларыма жақын болып өстім. Сондықтан болуы керек, Балуан Шолақ бабамыздың ерліктеріне құмарлығым ерте оянды.

Біздің туып-өскен жеріміз– Шахан ауылы. Байзақ ауданының шеткері жағы, Мойынқұмның жиегі мен Таластың орта бойында орналасқан. Анамыз сол ауылдағы құтты қарашаңыраққа келін болған күннен бастап самайына ақ түскенше отымен кіріп, күлімен шығып, адал қызмет етті. Балалық шағымды ойласам, балшықтан соғылған үй, аласа мектеп, анам жұмыс істеген кітапхананың кішкентай бөлмесі көз алдыма келеді. Осы үшеуінің арасында жүремін деп неше «топлидың» табанын тоздырдым екен. Анам кітаптарды реттегенде шаңын сүртіп, ықыласпен жинайтынын көріп өскендіктен бе, кішкентай кезімнен қағаз атаулыға бейжай қарамайтынмын. Өсе келе том-том кітаптардың салмағынан белі майысқан сөрелерге сүйеніп тұрып парақтарды ақтаратын болдық. Сондықтан менің ең алғаш білімге деген құмарлығымды оятып, кітап оқуға көзімді ашқан ұстазым анам деп толық айта аламын. Ауылдағы кітапхананың табалдырығы білімге алғаш кірген есігім, аядай бөлмесі ғылымға толы бесігім болды.
Бұл ойтолғамның тақырыбы «Менің анам» болғандықтан, сүйікті анамның болмысы боямасыз әрі түсінікті болуы үшін негізгі сөзім анам мен туыстары жайлы айтылғаны дұрыс шығар.
Тілдескен сайын тілек-қалауын түсініп, тағы тани түссем екен деп, таныған сайын ғазиз анамның табандылығына таңырқай беремін. Меніңше, қазақ әйелдерінің күш-қуаты – тұрмыс тауқыметіне төзімділігі мен перзенттеріне деген мейірім-махаббатынан сияқты.
Дүниедегі жырлай бергім келетін жаныма ең жақын тақырып болғандықтан, анамның бойындағы қасиеттерін бөліп-бөліп айтайын…
Біріншіден, менің анам Шу еліндегі тамыры тереңге кетіп, жапырағы алысқа шашылып өскен текті әулеттің қызы. Әкесі Әшімбек көптің көмегіне жараған, қолының кірі бар, ауданның бойтүзері болған екен. Алаштың ардақты азаматы Асанбай Асқаровпен үзеңгілес болып жүргенін үлкендерден талай мәрте естігенмін. Аталардың дұға-тілегінен бе, тағдыр-талайымнан ба, мектепті бітіріп, Алматыға оқуға барғанымда Асанбай атамызбен тізе түйістіре жақын отырып, батасын алып, біраз кеңесін тыңдаудың да сәті түсті. Үлкен соқпақтарға түсуіме алғаш із салып берген нағашыларым болғандықтан, анам мен нағашыларыма ризашылығым шексіз. Өткенімді ойлап, болашағымды бағдарлаған сайын Аллаға сансыз шүкіршіліктер айтамын. Майдангер атамыз соғыстың соңғы жылдарын резерв армиясының сапында Иранда өткізген екен. Батыс пен Шығыстың топырағын басып, мәдениетін бойына сіңірген ол еліне мол тәжірибемен дін аман оралып, бертінде ғана бақиға аттанды. Нағашы әжем ертерек дүние салып, анам әкесінің тәрбиесінде өсіпті. Шешем отбасында үш қыз, бір ұл. Кіші інісі – Марат нағашым. Менің анам ортаншылары. Қанына қасиет сіңген Марат нағашым істің адамы, өнерпаздығы өз алдына бір төбе.
«Сөйлесе сөздің шешені, жігіттердің көсемі» деген тіркес нағашыма арналғандай. Қолы ашық, көкірегі ояу ағамыздың шаруа қожалығы бар. Адалдан мал құраған тірлігіне бір Алла береке беріп қойған. Шу ауданының Құрметті азаматы. Жазғы демалысқа барған сайын қара мінбей құр қайтқан кезім жоқ. Айтыстан жүлде алған сайын атайтын сүйіншісі мен байғазысы бір бөлек.
Айтыскер ақын інім Қайнар Алагөзовтің:
«Әкем қайтып анамның жылағаны,
Таңым шөгіп, анамның жылағаны.
Әкесіз ұл – шатырсыз үй секілді,
Күн жауса төбемізден су ағады», – деген өлеңін оқыған сайын ойланып қаламын. Себебі әкем Оразбай Нұраханұлы менің төрт жасымда кенеттен қайтыс болды. Бірақ анау айтқандай жетімдік көрген жоқпын. Бұл енді анамның тектілігі мен тәрбиесінен деп ойлаймын. Бақытын басқа жақтан іздеп, өзі тұтатқан қарашаңырақтың отын өшірген жоқ. Әкемнің туған інісі Бақытжан ағама әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шықты. Сөйтіп, мен өз отаным, өз отбасым, өскен ортамда бақытты балалық кештім.
Өзім ерекше бағалайтын анамның екінші қасиеті – ол өте сабырлы адам. Қорасында малы бар, шарбағында талы бар дегендей, еңбекпен өмір сүрді. Таң азанмен біз жатқанда тұрып кетеді, кешке біз ұйықтағанда келіп жатады. Тіпті мен осы кезге дейін анамның төсекте тынығып жатқанын көрген емеспін. Ауылдың тыныс-тіршілігінің өз қиындықтары бар, оны біз жақсы білеміз. Кеңестік кезең тарқап, ауылда таршылық басталып, жаппай жұрттың көбі қиналып жатқан кезде де анамыздың қабағынан кейістік немесе аузынан бір «Қап, мынау не боп кетті өзі» дегендей бір ауыз сөз шыққан емес.
Бір жолы анам үйдің дуалын ақтап жатып құлап кетіп, қолын сындырып алды. Елдің бәрі совхоз жұмысында болған соң ба, сынықшыға мен ілесіп бардым. Сынықшыда ауруды басатын жақпа немесе дәрі қайдан болсын, сынған сүйекті қолмен бұрап, сықырлатып салды. Сенесіз бе, сонда анамның қабақ шытып, бір «қыңқ» дегенін естіп, тіпті қиналғанын да сезген жоқпын. Сынған сүйек сырқырамаушы ма еді, сырқырайды ғой. Бұл енді анамның темірдей төзімді, тектілігінен. Анасының қиналып тұрғанын көріп тұрған баланың да жаны шырқырамайды ма, оны ана жүрек сезбеуі мүмкін емес. Тәнінің ауырғанын рухы көрсеткен жоқ. Осы сәт көз алдымнан кетпейді. Не деген төзім бұл? «Балам шошымасын» деген аналық сезім осы шығар?!
Ауылдық жердің өзінің шаруасы мен психологиялық тоқыраулары, ағайын-туыстың арасындағы ұсақ-түйек тартыстары да болып тұрады. Анамыз соның бәрінен өзін биік ұстады. Әулет арасындағы сыйластыққа селкеу түсіретін суық сөздерден алыс жүрді. Біз қашан оқудан келіп жатсақ та жарқырап, жүзінен мейірімді күлкісі төгіліп, тек жақсы позитив беруге, жақсы нәрселерді айтуға әрдайым көңілі бұрып тұратын.
Анамның үшінші қасиеті – кеңпейіл, көпшілдігі. Қарашаңырақты ұстағаннан ба, абысындарының балалары да анамды «мама» деп атап кеткен. «Мама» деген адам баласының ең бір қасиетті атауы. Өз анасынан бөлек тағы біреуді ерекше қасиеті болмаса олай атау өте қиын шаруа. Анамның марқайып жиі айтатын сөзі – ата-анасының ризашылығы мен ақ батасын алғандығы. Қарапайым қазақы әйел үшін жер бетінде мұнан үлкен марапат жоқ. Әулетінің дәулетін арттырып, сәулетін биіктеткен анам барлық марапатқа лайық деп ойлаймын. Әжем Жұпаркүл де көптің көңіліне жаққан кеңпейілді кісі еді. Қайындары «генерал» деп қалжыңдайтын. Айналасын әмірімен ықтыратын да қайраткерлігі болса керек соған қарағанда. Сол әжем дүниеден өтерде анама ақ батасын беріп, сандықтарының кілтін тапсырып кеткен ғой. Ол да бір дәстүрді ұстанған қазақы ортада өскен адам үшін үлкен мәртебе екені анық. Ата-апасынан көрген өнегесінің өрнегінен шығар, ағайынның арасын жалғау анама түк те қиын шаруа емес.
Біз бір шаңырақта бес баламыз. Үш ұл, екі қыз. Төлбасылары менмін. Әйелім Еңлік біздің шаңыраққа 17 жасында келін болып келді. Кейінгі екі келіні де осы жаста босағамызды аттаған еді. Үшеуін де өзі тәрбиелеп шығарды. Қияға қанат қағып кеткен қыздары, күйеубалаларымен де жақсы қарым-қатынаста. Бұл да бір қазақ әйелдерінің қазыналы қасиеті деп ойлаймын.
Анамның тағы бір қасиеті – алдына бір игі мақсат қойса, соған жетпей тынбайтын қажырлылығы. Үйге гүл өсірсе де сол жақсылап жапырақ жайғанынша жай таппайтындығы мен талапшылдығы тағы бар. Кітапханашы болған кезінде мекемені мұнтаздай таза ұстайтын. Қазір 5-6 жыл болды, Тараздан Алматыға көшіп келген. Кенжесімен тұрады. Осы уақытта арабшаны үйреніп, Құранды да оқып жүр. «Қажылыққа барғанда шай сұрап ішетіндей болайын» деп талпынғаны…
Рамазан айларында Құранды жас келіндерімен жарысып оқып, уақыты жетсе бір емес, тағы бастан-аяқ қатым жасауға тырысып отыратын ізденімпаздығы әлде тақуалығы дейміз бе, жүйелі түрде үзілмейді. Әлі күнге дейін «Мына айда мына құдаларды, анау айда ана ағайындарды қонаққа шақыруымыз керек» деп бәрін реттеп жүреді.
Анамның қайраткерлік сипатының бір қыры алу мен берудің жөн-жосығын, жоралғы жолын жақсы білуінде. Ағайын арасындағы қатынасты нығайтып тұратын мұның өзі – бір мектеп. Айтыстардан ат мініп, кезінде жақсылығы өткен жақыныңның жағдайына қарап, соны сыйлағым келсе, ешқашан қолымды қаққан емес. Ел іші болған соң егіні жиналмай, үйі соғылып бітпей жатқан туыстар болады әр әулетте. Соларға қаржылай көмектесейін деп сұрасам, үстемелеп ұсыныс жасап, қашанда болсын қолдап отырады. Материалдық мәселеге келгенде ата-ананың қолдауы болмаса, бала батып, кейбір істерге тәуекелі болмауы мүмкін. Мен мұндай істерді міндетті түрде мамаммен келісіп алып, сосын қалғанын қабырғаммен кеңесе беремін. Әңгімені бастарда қай туысымыздың қандай мәселесін жеткізгелі тұр деп мүмкін болса біліп қоюға тырысамын. Ата-ананың баласына бата айта алмайтын нәрсесі болмауы керек.
Естіген уағыз бойынша, әке-шеше баласына бір өтініш айта алмай, бір қажетін сұрай алмай қорқып тұрса, ол бала жаннатқа кірмейді дейді.
Анамның тағы бір қасиеті – не болса да өз ішінде тоқып, өзі ішінде қайнап, сырын сыртқа шығара бермейтіні. Менің бойымда шамалы төзім мен сөз салмағын білетін қасиет болса, ол анамның ақ сүтімен, адал тәрбиесімен келді деп ойлаймын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.