Диагноз

Ананың сүті – баланың құты

Written by Aray2005

«Фигура» сақтаймын деп, бөбекті емізуден бас тартуға болмайды

Бүгінде «Елімізде нәрестелерін емізуден бас тартатын аналар саны артуда» деп педиатрлар дабыл қағуда. Салдарынан балалардың аурушаңдығы да көбейген. Зерттеулерге сенсек, «заманауи» аналардың бауыр еті балаларын уызына жарытпауының себебі өздерінің дене мүсінін сақтау мен карьера қууына қатысты көрінеді.

Қала тұрғыны Айман Орынбасарова – баласын емізбеген аналардың бірі. Ол бұл әрекетін сүтінің аздығымен түсіндіреді.
– Мен жиырма бес жастан асқанда тұрмысқа шығып, көп ұазамай ана атандым. Бірақ, баланы дүниеге әкелгеннен бастап сүтім өзінен-өзі тартылып кетті. Перзентханада балам қатарынан 2 күн жылап, дене қызуы көтерілген соң білікті дәрігерлер тексеріп, балаға сүт жетпей жатқанын айтты. Содан бастап қосымша тамақпен әлдендіретін болдым. Кейін 3 айдан 1 жасқа дейінгі аралықта ешкінің сүтін құтыға құйып тамақтандыруға көштім. Бір қызығы, менімен қатар босанған құрбыларым «Дене бітімімді сақтаймын, спортпен айналысуым керек» деген секілді болар-болмас себеппен нәрестесін емізуден бас тартып жатты, – дейді ол.

Ал, бөбегін саналы түрде ана сүтінен айырған Айтұрған Оғанқызының баласын емізбеуінің себебі мүлде басқа.

– Босанғанда баламды емізіп жүрдім. Емізулі ана болған соң, сүт көп болсын деп ас-ауқатты жақсы жеп жүрдім. Оның үстіне толуға да бейімім бар. Не керек, қатты семіріп кеттім. Бойымдағы өзгерісті байқадым да, сол мезетте қызымды емізуді тоқтаттым. Қазір қосымша тамақтың түр-түрі бар ғой. Бөтелкемен-ақ өсірдім сәбиімді. Қазір ешкімнен кем емес, шауып жүр, – дейді Айтұрған.
Ресми мәліметтерге сүйенсек Қазақстанда 1 жасқа толмаған сәбилердің 40 пайызы қосымша тағаммен қоректенеді екен. Ал, «ЮНИСЕФ» балалар қорының сараптамалық деректеріне сүйенер болсақ, елімізде 6 айлық жасқа дейінгі сәбилердің шамамен 40 пайызы тек қана емшек сүтін еметін көрінеді.

Осы орайда, «ZHANUYA» емханасы бас дәрігерінің ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Карина Сәбденова нәрестені белгілі уақытқа дейін емізу түрлі инфекциялық ауруларға душар болудан сақтайтындығын айтып отыр.

– Сәби алғаш дүниеге келгенде ана мен баланың арасы қалыптасуы үшін табандылық пен аздаған шыдамдылық керек. Босанған соң ананың омырауы ісініп, ауырсынулар пайда болуы мүмкін. Сол кезде аналар шыдамсызданып, сәбиін емізбей жатады. Бала үшін алғашқы айларда емшек сүтінің маңызы зор. Ана сүтінде баланың өсуіне, дамуына және денсаулығының мықты болуына қажетті нәрлі заттардың бәрі бар және оны бала жеңіл сіңіреді. Әсіресе, ана сүтінің құрамында түрлі дәрумендерден бөлек баланы сырқаттан сақтайтын қорғаныш секілді 500-ге жуық пайдалы заттар бар. Ал, жасанды тамақтарда олардың тек 40-50 пайызы ғана кездеседі. Ана сүтімен қатайған балалар қосымша тағамдармен қоректенген сәбилерге қарағанда жүйкесі тыныш әрі бауырмал болып келеді, – дейді Карина Құдайбергенқызы.

Сонымен бірге, дәрігер баланы 2 жасқа дейін емізу керектігін жеткізді. Сол кезде ана мен бала арасындағы қарым-қатынас одан ары нығаяды екен. Тіпті қасиетті Құран Кәрімде де баланы кемі екі жыл емізу қажеттілігі жайлы айтылған. Ал, атақты Ибн Сина осыдан бірнеше ғасыр бұрын емізу жайлы: «Балаға барынша өз анасының сүті берілуге тиіс. Өйткені, ана омырауын­да­ғы сүтте зиянды нәрсені кетіру тұрғысынан үлкен пайда бар» депті.

Өкініштісі, балаларға арналған жасанды биологиялық тағамдардың көбеюімен бірге, сәбиін емізбейтін аналардың да қатары артып барады. Баланы емізуден бас тарту тек сәбиге ғана емес, олардың аналарына да кері әсерін тигізеді дейді дәрігерлер.
Ал, сіз қалай ойлайсыз?

Айжан Өзбекова

ПІКІР