Әнімен әлемді таңғалдырған Қарақат

0 10

Коронавирус пандемиясына байланысты биыл «JUNIOR EUROVISION – 2020» қатысушылары өз елдерінде өнерін көрсетті. Бұл дуы басым ән додасында Қазақстан атынан шыққан Қарақат Башанованың талантына әлеуметтік желілерде тәнті болғандардардың қарасы өте көп.

Жүрек тебірентер қоңыр даусымен жазылған «Forever» әні жас талант иесінің шеберлігін айшықтай түсті. Әсем даусымен еліміздің даңқын көтеріп, халықаралық жарыста жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар екенін дәлелдей білген Қарақат бұл бәйгеде екінші орынды қанжығасына байлады. Туа біткен таланты мен күш-жігерінің арқасында ол елімізді дүние жүзіне танытып, әлемдегі талантты вокал иелерінің санын толықтырды.
Дегенмен ән әлеміне қадам басқан ару Қарақат Башанованың кім екені көпшілікке аса мәлім емес еді. Осы жетістігінен кейін ғаламтор желілерінде Қарақат туралы мәлімет іздеген адамдардың саны әжептәуір арта түсті.
Негізі Қарақат қарапайым отбасында, Алматыдан 25 шақырым жердегі Талғар қаласында дүниеге келген. Оның айтуынша, ән айту өнеріне жастайынан әкесі баулыған екен.
Бес жасынан бастап Қарақат тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және ағылшын тілдерінде де ән айта білген. Кейіннен Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатының скрипка сыныбына жеті жасында оқуға түсті. Сонымен қатар ол мұнда фортепианода ойнауды да үйренген.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтсақ, дара дауысты қазақстандық жас өнерпаздың шығармашылық жолында тек биік белестерге жетуіне тілектеспіз.

Інжу-Маржан МАДИЕВА,
Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.