Жастар.kz Қоғам

Антикафе, антикинотеатр, үрей бөлмелері…

Бос уақытыңызды қалай өткізіп жүрсіз?

«Жастар — біздің болашағымыз. Оларды жаңа заманда өмір сүруге үйрету — біздің міндетіміз» дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға үміт артып. Әрі Ұлт Көшбасшысының келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауы, болашаққа шабыт сыйлап, жігерлендіріп отыр. Бүгінгі таңда жан-жақты өркендеп, білімнің биігін, ғылымның шыңын бағындырып жүрген кейінгі толқын аз емес. Жаңа заманмен бірге адамның өмір сүру дағдысының да ерекше өрбіп келе жатқаны мәлім. Біліммен бәсекелескен, дәуірден дәурен туған тұста тұғырлы тарихтың аманатын арқалаған бүгінгі ұрпақ бұқараның басты назарында. Өйткені, Елбасымыз айтқандай, келешектің кемел болмағы жастардың қолында. Осы орайда «Алты алаштың аманатын арқалаған егемен елдің бүгінгі ұрпақтары алтын уақытын қалай бағамдап жүр?» деген сұрақ туатыны хақ. Біз осы сауалға жауап іздеп көрдік.

Қай адамның болмасын қолы қалт еткенде, мерекелер мен мерейлі даталарда, отбасы, дос-жарандармен жанға жайлы, жағымды жерде демалғысы келеді. Бұл тұрғыда облыс орталығында мәдениет үйі, театр, кітапхана, киноорталық сынды руханият ордалары мен сәнді саябақтар жетерлік. Алайда, «Жиған тергенің тойға шашылсын» деген жастар жағының мәдени тынығуға мән бермейтіні қынжылтады. Көптің тілегін ескергендіктен болар, соңғы уақыттарда жаңа форматтағы ашылған «антикафе», «лабиринт», «үрей бөлмесі», «антикинотеатр» сынды орындар Тараз төріненде пайда бола бастады. Аталған жерлерді көзбен көру үшін алдымен өзіміз жиі еститін антикинотеатрға бардық. Ол жердің қожайыны Нұрлан Бисенбаев өзіміздің замандас екен. Мұнда келушілердің мерекелік шарасына орай бөлек-бөлек бөлме бар. Әр бөлмеде ән шырқасаң караоке, зеріксең компьютерлік ойындар, жанға жайлы жабдықтармен қоса қалаған ас мәзірге тапсырыс бересің. Кіру құны адам басына сағатына 1000 теңгеден. Алғашқы ашылған жылы қымбаттау болған екен.
– Келушілер саны күн санап артпаса, азайған емес. Басым көпшілігі мектеп оқушылары мен студент жастар. Негізінде мұны шетелден қарап дәл солай Таразда жасадым дей алмаймын. Түгелдей дерлік өзімнің фантазиям десем де болады. Әрине, басқа қалаларда мұндай орындар бар. Бірақ дәл, мен жасағандай емес. Әр жақтан көрген ерекшеліктерді өз қиялымда топтастыра отырып, жастарға лайық жаңа форматтағы демалыс орнын қалыптастырдым. Мұның алдында қос қабатты үйлерді жалға алып, ішін түрлі сипаттармен сәндеп күндігіне жалға бердім. Жалпы, менің ізденісімде дайын, ұқсас дүние жасай салу жоқ. Жасаған нәрсе ерекше болуы үшін ол басқаға ұқсамау керек, неғұрлым басқа сипатта болса, соғұрлым халыққа да өтімді болмақ. Сондықтан, өлкемізде жоқ нәрсені жасауға тырысамын, – дейді жас кәсіпкер.
Жалпы, жоқтан бар жасап жүрген Нұрлан сияқты жас кәсіпкерлер аз емес. Соның бірі – Алмас Мекемов. «Антикафе» деген дүние шығыпты дегенді естіп қызыққанымыз болмаса, барып көрмеген екенбіз. Келгендегі мақсатымызды айтып, аты мәлім антикафенің ішіне ендік. Кіреберістен бастап кілем төсеген. Алдыңғы бөлмеде шағын үстел тенисі, тағы басқа ойын орындары, одан арғы түкпір бөлмеде біріне бірі ұқсамайтын жұмсақ орындықтар мен іші мамық мақтаға толған алып ойыншықтар шашылып жатыр. Бөлменің бір қабырғасына түгелдей кино көруге арналған проэктор қойылған. Тып-тыныш жерде еркін отырып, әңгімемізді бастап кеттік.
– Антикафеміз жұмысын бастаған шақта басқа жақта да мұндай жерді өзіміз сынды жастар ашқан болатын. Олардың барлығы ай өтпей жатып-ақ жабылып қалды. Негізінде бизнес мәселесінде алғашқыда құлдырау болатыны белгілі жайт. Бастапқы сәттен-ақ келушілер саны көп бола қоймады. Әлі де солай, мүлде аз деп те айта алмаймын. Бірақ, мұнда бір кірген адам кемі үш-төрт мәрте айналып соқпай қоймайды. Жайлы жерде жақсы демалғандарын айтып, алғыстарын жаудырып кетіп жатады. Мақсатым – тек табыс көзі ғана емес, жан-жақтан келген жерлес әрі қонақтарға көңілдерінен шығатын қызмет көрсете отырып, уақыттарын қызықты өткеру, әрі осы жерде танымайтын тараптармен тоқайласып, алдағы уақытта дос болып, бітеқайнасып кетсе деген ой болатын. Келушілердің басы-қасында жүріп түрлі интеллектуалдық ойындар ұйымдастырып тұрдым. Алайда, кірісінен шығысы көп шаруа болғандықтан бұл кәсіпті жабуға тура келді. Мысалы, айына үш жүз мың теңге түсті делік. Оның екі жүз мыңы жалданған орынға кетсе, қалғаны су, газ электр көзі сынды коммуналдық төлемдерге жаратылады. Ойын-сауыққа қатысты техниканың барлығы дерлік электр қуатымен жұмыс істейді ғой. Шынымды айтсам, өзге кәсібімнің ақшасын осыған құйып отырдым, – дейді ол. Тағы бір түсінгеніміз, антикафеге ас-ауқатты өзіңмен бірге ала келуге болады. Оған ешқандай тыйым жоқ. Адам басына сағатына небәрі үш жүз теңге. Бір жақсысы, мұнда ішімдіктер сатылмайды екен. Алмастың өзі мұндай зиянды нәрселерді сатуға, келушілердің өздерімен алып келуіне түбегейлі қарсы. Әйтпесе, өзге қалалардағы антикафелерде алкоголь өнімдері самсап тұратын көрінеді. Сөзі мен әрекетінен шынайылық пен іскерліктің ілтипаты сезілетін жас кәсіпкердің бүгінде аз уақыт болса да келушілердің қызығушылығын арттырған кәсібі қызметін тоқтатқан. Айтуына қарағанда мұндай демалыс орнын қала тұрғындары түсіне бермейтін сияқты.
Жаңашылдыққа жаны құмар жастарға ғана емес, кәсіпкердің өзі айтқандай, отбасы немесе достармен жиналып көңілді отырыс жасауға таптырмайтын орынның жабылғанын естігенде біз де «әттеген-ай!» деп қалдық. Сұхбатымызды аяқтар тұста бір топ бозбала кіріп келді. Алмастың іле-шала «Енді жұмыс істемейді, жабылдық» деген сөзі жігіттердің көңілін күрт түсіріп қойды. Жастардан сыр тартып, әңгімелесе кеттік, студенттер екен.
– Бұл жерге келгеніміз бірінші рет емес. Жиі келіп тұратынбыз. Күнделікті тірліктен зеріккенде бір сәт осы жерде бас қосамыз. Негізі біз қатарлы жастардың басым көпшілігі даңғаза-шуға толы диско клубтарда көңіл көтереді. Олар үшін демалыс сол болса керек, ал бізге осындай жер ұнайды. Кейде өзіміздің концерттік шараларымызға дайындалып аламыз. Көпшілікпен келетін жер ғой. Өзіміз сынды бейтаныс жастармен тартысты ойын өткізіп, танысып, қызықты уақыт өткізуге болады. Мысалы, монополия, мафия, империя сынды ойындар күнделікті өмірде, тіпті бизнес тактикаларында да кездесетін әдістерді үйретеді, – дейді Самат Кеңесбаев есімді жігіт.
Аталған жастардың тағы қызықтайтын жері квест түріндегі «үрей бөлмесі» екен. «Пила», «Астрал» секілді фильмдердің негізінде жарық көрген бұл ойын Америкадан бастау алған. Қаламызға келгеніне екі жылдың көлемі болған бұл ойын форматы өз келушілерінің жан рахатына жиі бөленген. Үрей бөлмелерін іздеп барғанымызда ешқайсысын бұрынғы орындарынан таба алмадық. Бірінде басқа орталық ашылса, кейбірі жабық тұр. Бұл жөнінде қала жастарынан сұрастырып едік, бүгінде «Астралдан» басқасы жұмыс істемейтінін айтты.
«Мың рет естігенше, бір рет көр» деген желеумен арман болған «Астралға» біз де бас сұқтық. Бұл ойынның шарты да күрделі екен. Бірнеше досымызбен қараңғыдағы арнайы жабдықталған жертөлеге кірдік. Одан кейін біріміздің қолымызға кісен салынса, енді біріміз торға қамалып қалдық. Содан кейін сұрақтар қойыла бастады. Әр сұраққа жауап берген сайын қорқынышқа толы қараңғы үрей бөлмесінің есігі ашыла бермек. Математикалық, логикалық жұмбақтардың жауабын ойланып тұрғанда, үрейге толы дыбыс пен қорқынышты бейнелер одан сайын есімізді шығарып жіберді. Жұмбақтардың барлығын шешкен соң бірақ шығады екенбіз. Ұйымдастырушының «Берілген бір сағат уақыттың ішінде жұмбақтарды таппасаңыздар небір сұмдықтар тыныштық бермейді» дегені рас екен, артымыздан тісі жоқ ток арамен (бензопила) қорқынышты фильм кейіпкерлері тұра қуды. Үйтіп-бүйтіп шығар есікті әрең таптық. Алғаш ашылған уақытта мұндай лабиринтті жертөлеге келушілер көп болыпты. Бірақ, «Екінші мәрте қай жерде не барын біліп тұрған жан үшін бұл аса қызық емес» дейді бұл араға бұрын да бас сұққан досымыз Мейірбек Қалқабай. Неліктен жастардың сұранысына ие болған ойын алаңдарының жабылып қалғандығы енді түсінікті болды.
Иә, «Жайлы демалыс – жақсы жұмыс кепілі» деген нақыл бар. Сонымен жастардың қалауы мен сұранысын арттырған бірқатар жерлерді аралап, көзбен көрдік. Әулиеатаның қалтарыс-бұлтарысында қаптаған кафелер мен ойын-сауық орындары да келушілерден кенде еместігін байқадық. «Бағалай білгенге бақ қонады» деген де аталы сөз бар. Қарбаласы көп қарт қаланың жастары бос уақытын босқа өткізбесе екен деп тіледік.

Елдар БОРАНБЕК

ПІКІР