Жастар.kz

Антына адал Абырой

Written by Aray2005

Жамбыл өңірінен әскер қатарына шақырылған сарбаз Абырой Дінмұхаммед бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімінде жауынгерлік міндетін өтеп жатыр. Әрине, бұл – сарбаздар үшін үлкен абырой, асқан жауапкершілік.

Жуырда әскери бөлімнің командирі Б.Өтеуов облыс әкімінің орынбасары Талғат Момышевқа жамбылдық жас сарбазды тәрбиелеп, өсірген облыс халқына және сарбаздың ата-анасына өз алғысын жеткізіп, хат жолдаған екен.
– Әр облыстан ерекше іріктеуден өткен сарбаз­дар бүгінде «Айбын» Президенттік полкі» 0112 бөлімінде Отан алдындағы әскери борыштарын адал атқаруда. Мұнда адалдығымен және үлгілі әскери тәртібімен жауынгерлік даярлық сабақтарын үздік меңгеріп жүрген озат сарбаздар бар. Жауынгер Абырой Дінмұхаммедтің осы қатардан табылғаны – оның туған өлкесінде, отбасында және оқу орнында алған білімі мен тәрбиесінің жемісі деп білеміз, – дейді «Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімінің командирі Б.Өтеуов хатында.
А.Дінмұхаммед 1996 жылы 12 шілдеде Меркі ауданында дүниеге келіп, осы өңірдегі №1 орта мектепте білім алған. Сонан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдап, әскер қатарына шақырылған.
Бөлім командирі жас сарбаздың әскери бөлімге келген күннен бастап өзінің Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып жатқанын ерекше атап өткен.
– Абырой Дінмұхаммед әскери қызметінің алғашқы күндерінен бастап әскери өмірдің қыр-сырын үйренуге үлкен ынтасын байқатып, Отанға деген жоғары патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі-өнеге бола білді.
Жауынгерлік қызметті абыроймен атқарғаны, бөлімнің қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін бөлім командирінің бұйрығымен марапатталған. Қызметте қол жеткізген жетістіктері мен үлгілі әскери тәртібі үшін рота және батальон командирлерінен бірнеше марапаттары бар.
Жүрегі ерлікке бейім, Отан үшін от кешуден тайынбайтын жастарымыздың жауынгерлік рухы – қашанда ел тыныштығының кепілі. Мемлекетіміздің мерейін асқақтатып, қауіпсіздігін күшейту жолындағы борышын абыроймен өтеп жүрген Абырой секілді жалынды сарбаздар еліміздің қорғаны, Отанымыздың тірегі, жерлестерінің мақтанышы боларына сеніміміз мол, – дейді Б.Өтеуов.
Әскери қызметін абыройлы «Айбын» Президенттік полкінде» атқарып жүрген жерлесіміздің жетістігі кеудемізде мақтаныш сезімін тудыратыны анық. Айбынды жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде, болашақ Отан қорғаушылар ретінде тәрбиелеуде Абыройдың жақсы өнеге болары анық.

ПІКІР