Аңызбен астасқан аймақтағы атаулар

0 8

Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұнды мақаласында «Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.
Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды», деп келелі кеңес айтқан болатын. Осы ретте тасы тарихты, топырағы толғауды, құмы құндылықтарды бауырына басып жатқан киелі Әулиеата жері адамзаттың көмбе-көмбе көне шежіресінің кені десек, асып айтқандық болмас. Ғазиз ғұн мен текті түркінің таңбасы қалған осынау байтақ дала мәңгіліктің куәсі, мыңжылдықтардың көзі һәм Тәңірдің жауһар жәдігері емес пе?.. Бабалардың ізі сайрап жатқан туған өлкенің әрбір сай-саласы тағылымға толы. Әрбір аудандағы табиғатына тіл жетпес орындардың атаулары да талай сыр сандықтың кілті іспетті. Оның тауарихы көпшілікке бірдей белгілі деп тағы да айта алмаймыз. Осы ретте аймақтағы бірнеше орындарға тоқталып, аңызбен астасқан тылсым атауларына тоқталып өтуді жөн көрдік.

Қосақтың құпиясы

Байзақ ауданындағы Қосақ ауылы талайға таныс мекен. Бірақ оның атауы көпшілікке беймәлім. Қосақ атауының шығу тарихы туралы ел аузында екі түрлі аңыз бар екен. Оның бірінде осы жерді бір кездері мекен еткен Қосақ деген би болған көрінеді. Ол жылқыға бай болған деседі. Десек те оның шын есімі Қосақ деп аталмаса керек. Сансыз биелерін қосақтап сауғандықтан халық ол кісіге «Қосақ» деген айдар тағып, осы мекенді де сол бидің атымен атаған көрінеді.
Ал екінші бір аңызда осы ауылдың маңында үлкен өзен болыпты. Сулы жердің табиғаты тіл жетпес көрікті болатыны секілді, бұл мекен де сұлулықтан кенде болмаған. Жағасы жан мен малға жайлы осы өзенді екі аққу мекендеген екен. Жаз жайлау осында келген халықтың таң азаннан кеш батқанға дейінгі ермегі осы қос аққу болыпты. Ауыл жастары да осы өзеннің бойына жиналып, ән салып, алтыбақан құрып, әуелеген күйдің үніне қос аққу да өзінше үн қатып, су бетінде би билеп, онсыз да сұлулығы аңызға айналған мекеннің көркіне көрік қосқан деседі. Кейін кенеттен су кемерінен тасып, ел су астында қалған көрінеді. Осы уақыттан бастап халық шайылып кеткен өзеннен қос аққуды көре алмағаннан соң бұл жерді «Қосақ» деп атап кеткен екен.

Жауынды жорық…

Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылы маңындағы ежелгі қалашықтың және оның тұрғындарының атауы тарихта «Шығыл» деп аталған деседі. Қаһарынан адам шошып, атынан ат үркетін әйгілі Ескендір Зұлқарнайын Талас өлкесіндегі елге жеткенде қатты нөсер жауып, лайсаң болып, жолдар езіліп, жер-дүние батпаққа айналып, әскердің жолын бөгепті. Оған налыған Ескендір Зұлқарнайын: «Айн жикл аст», депті. Мұның қазақша мағынасы «неткен батпақ» деген ұғымға жақын. Кейін сол жерде үлкен қорған салынады. Сол қорған да, ондағы жұрт та «шегіл» (шығыл) аталып кетіпті. Оғыздар Жейхұннан жоғары Шынға дейінгі жердің бәрінде тіршілік ететін түркі тайпаларын «шегіл» (шығыл-жікіл) деп атаған көрінеді.

Жөні бөлек Жолбарысқамал

Жуалы ауданындағы Қошқарата, Боралдай өзендері мен Ұзынбұлақтың қосылған жеріндегі алапты жұрт «Үшқаспа» деп атайды. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» атты тарихи трилогиясында бұл жер «Үшащы» деп көрсетілген. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс кезінде осы Қаратаудың ең құйқалы, қордалы жайлауын жайлаған.
Жазушы Е.Тұрысовтың «Бәйдібек» атты кітабынан үзінді келтірсек, «Қаратау атырабын жаудан тазартуды армандаған Төле би, Жолбарыс ханмен бірге Ұлы жүздің орда туын Балабегеннің шығысындағы Дегерес биігіне көшірген еді». Ұзынбұлақтың көкмайса жотасында атағы дүркіреген қалмақтың бас батыры Ботхишар жекпе-жекте Өтеген батырдың найзасынан жайрап, мүрдем кеткен соң басынан бағы тайған қалмақтар тоз-тозы шығып Қошқаратаға, үш сүңгіп өрлеп, шығысқа – Қаратау жонын асып, қарасын біржолата батырады. Сонау жасынды жорықтардың ежелгі елесіндей келер ұрпаққа жер сақтаған, ел сақтаған белгісі – Жолбарысқамал, Садырқамал, Байқамал деген аты қалды тарихта.
Сиқым Рысбек батыр кітабында Е.Әбілдаұлы мынадай мәлімет келтіреді: «Үшқаспа жайлауын Жолбарысхан өлтірілген соң жоңғарлардың хонтайшысы Қалдан Сереннің өзі иемденген еді», деп жазады.
Бұл тарихи мәліметтерді қорыта келе Жуалы ауданының Қошқарата өңіріндегі Жолбарысқамал атты жер Ұлы жүздің ханы Жолбарыстың есіміне байланысты қойылған атау деп білеміз.

Тарихы тағдырлы Қызылсай

Қордай ауданының Ауқатты ауылдық округіндегі Қызылсай ауылы тарихта өзіндік орны бар ауыл. Бұрынғы кездердегі Өрікті, Сарыбұлақ, Жолдысай, Қарағаш, Жансай өзен-бұлақтарының бойларындағы мекендер Алатау сілемдерінің күнгей бетіне орналасқан қазақ ауылдары болатын. Тұрғындары мал өсіріп, егін еккен.
1916 жылғы патшалық Ресейдің бодауындағы қазақ халқының азаттық үшін көтерілісінде осы ауылдардың да азаматтары еркіндік үшін қолға қару алып, күреске шыққан.
Патша әскерлерінен жеңіліс тапқан көтерілісшілердің тірі қалғандары тау сағалап қашуға мәжбүр болған. Сол кезде қашқан көтерілісшілерді табу себебімен патша жендеттері бейбіт ауылдарды атып-асып, ұрып-соғып, ат аяғына таптатып аяусыз жазалаған. Қашқан көтерілісшілерді іздеп жүрген патша әскерлері Жансай ауылына кіріп, көтерілісшілерді тап деген сылтаумен ауылдағы адамдарды (олардың көбі қарт адамдар, әйелдер мен балалар болған) аяусыз қырғынға ұшыратқан. Бір ауылды түгелдей қырып, жазықсыз адамдардың қаны судай аққан. Бір ауылдан бір-екі-ақ адам тірі қалған көрінеді.
1926 жылы қырғынның 10 жылдығына арналып ескерткіш тас орнатылып, ауыл тұрғындарының әрқайсысы ескерткіш түбіне бір-бір тастан үйген. Ауылды сол кезден бастап «Қызылсай» деп атаған.

Шалдовар атауы қайдан шыққан?

Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге сүйенсек, ертеректе осы өңірде емдік шөптерден дәрі жасайтын бір қария болған көрінеді. Сырқатына дауа таппай дәрі іздеп жүрген кісілерге сол төңіректе тұратын адамдар «іздеген дәрі-дәрмегіңіз шалда бар» деп, сол сөзден «Шалдовар» сөзі шығып кеткен деседі.
Ал этимологиясына келсек – бұл атау сөздің мағынасы өзбек және қырғыз тіл­де­рін­де сақталған. Өзбекше «чалдивар» – (разг.) заброшенный, запущенный двор, раз­ва­ли­ны (Узб.-русск. словарь. М., 1959, 5131-б.) Қырғызша «чалыбар» – зат, қандай да бір бүтін нәрсенің қирап, бүлінгендігі, қалдығы. Чалдыбары чыгу – бұзылу, тамтығы шығу, керек емес болу. Мысалы: Бұл үй – чалдыбары шыққан ескі үй екен (Бөкенбаев., Қырғыз тілінің түсіндіру сөздігі. Фрунзе, 1965, 678-бет).

Құм құйыны Желтауда

Мойынқұм ауданындағы Ақбақай жері Бетпақдаланың Мойынқұммен қойындасып, Арқамен жанасатын тұсында жатыр. Балқаштың батыс жағында Алматыдан, Тараздан бірдей қашықтықта 500 шақырымдай жерде орналасқан. Демек Ақбақай – Арқа, Жетісу, Бетпақ үшеуінің кіндігі. Осынау үш өлкенің бойындағы барша қасиеттер кіндігіне келіп қиылысып, Ақбақайда тоғысып тұрғандай көрінеді. Сондықтан Ақбақайдың ауасы басқа жердікінен бөлек болып келеді. Арқаның ақырған аязын, құмның аптап ыстығын, оңтүстіктің құтырған желін осы жерден табасың. Сондықтан Ақбақайдың аспанында ұшқан құстың қанаты күйеді, жерінде жортқан аңның тұяғы тозады. Шөлінде жортуылдаған жолаушы түтеп қалады. Өйткені ұлан-ғайыр даланы қалай шарласаң да тамақ жібітер су таппайсың. Жаздың шіліңгір ыстығында жер өз-өзінен түтіндеп тұрады. Тау-төбе, қырқа, қыраттар да өрт шалғандай қарақошқылданып, тұнжырай түнере көрінеді. Тау-тастан шашырай лапылдаған ыстық леп бет шарпиды. Ал құйынды дауыл бұл маңайдың үйреншікті «ауруына» айналған. Сондықтан осы атырапты бабаларымыз бұрыннан «Желтау» деп атап кетіпті.

Мөлдіреген Мөрбұлақ

Бұл Талас ауданының орталығы Қаратау қаласының оңтүстік шығысындағы бұлақ. Бұлақ таудың жақпар тастарының тұңғиық түбінен қайнап шығады. Суы шипалы. Бұлақ көзінің үстінде Алланың аты жазылған мөрдің таңбасы бар екен. Таңбада Алланың қасиетті аты ап-анық оқылатын көрінеді. Бұл мөр Мұхаммед пайғамбардың арқасында және Қаратаудың жақпар тасында ғана басылған деген аңыз бар. Жаратушының мөрі басылған жақпар тастың түбінен қайнап шыққан бұлақты жергілікті халық қасиетті «Мөрбұлақ» деп атап келеді.

Мінсіз сұлу Мақпал тау

Т.Рысқұлов ауданындағы Таластың жоғарғы ағысының бойында ескі бекініс орны жатыр. Сол жерде жаугершілік заманда Мақпал деген сұлу үшін екі ел соғысып, қырғын болған деген аңыз тараған ел арасында. Аңыздың желісі бойынша Мақпал Таластағы ханның келіні, яғни ұлының жары болған. Бүкіл Таласта Мақпалмен теңесер сұлу болмапты. Хан қартайған шағында хандықты ұлына береді. Ұлы жауға қарсы соғыстың бірінде ерлікпен қаза табады. Жау Таластағы елге жаушы жіберіп, Мақпалды әйелдікке сұрайды, ал ел жаудың талабын қабыл етпейді. Мақпал елін жау шапқыншылығынан сақтап қалу үшін өзін-өзі толқыны тас тілген асау Талас өзеніне тастап жіберіп, мерт болыпты. Мақпалдың қазасынан кейін жау оның елін жайына қалдырады. Халық Мақпалдың денесін тауып алып, бекіністің түбіне қояды. Жиналған жұрт Мақпалдың қабіріне бір-бір уыстан топырақ салады. Содан биік төбе пайда болады. Төбе де, бекіністің құландысы да «Мақпал» деп аталады.

Шоқтығы биік Әуезов шоқысы

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов Оңтүстікке сапарында сол кездегі Сарысу ауданының орталығы Байқадамнан жаңа орнаған «Түркістан» астық совхозына бара жатқан жолда Үлкен Ақтау сілеміндегі жолдың оң қанатындағы биік шоқыға шығып, айналаға әбден сүйсіне қарап, Қаратау тарихынан терең ой толғаған екен. Сол кездегі аудан басшылары жазушының терең тебіренісіне, теңіздей толғанысына тәнті болып: «Мұха, бұдан былай сіздің табаныңыз тиген осы биік «Мұхтаршоқы» деп аталсын», деген екен. Басқалары да бұл ойды бірауыздан қоштаған деседі көзкөргендер. Дегенмен кейінгі жылдары осы атау ел жадынан көмескілене бастағандай.

Шудағы Шоқпардың шежіресі

Өте ертеде Райымбек баба, Жиренше шешен, Шоқпар батыр үшеуі әңгімелесіп келе жатыпты. Сонда Жиренше шешен: «Әй, Райымбек, сен әулиемін дейсің. Әулие болсаң айтшы, кейін өлгенде сенің сүйегің қай жерде қалады? Мен ше? Шоқпар батыр ше?» деген екен. Сондай әулие Райымбек: «Мен өлгенде менің сүйегім қайнаған халықтың аяғының астында қалады», депті. Сол рас екен. Әулие Райымбектің сүйегі қазіргі Алматы қаласында өзінің есімімен аталатын үлкен даңғылдың бойында жатыр. Басына кесене-күмбез тұрғызылған. «Ал сен, Жиренше, сүйегіңнің қайда қалғаны белгісіз болады», депті. «Шоқпар батырдың сүйегі өлген жерінде қалады», деген екен. Шындығында, Шоқпар батыр Балқаштан Қырғыз еліне өзінің тұлпарымен шауып келе жатқанда басындағы құлақшыны қазіргі Құлақшын стансасының тұсында жоғалады. Өзі қазіргі Кербұлақтың тұсында Шоқпар өзенінің басталар жерінде қаза болады. Содан бері батырдың құлақшыны жоғалған жер «Құлақшын» деп, ала айғырдың өлген жері «Ала-Айғыр» стансасы атанып, өзі жан тапсырған жер «Шоқпар» аталып кетеді.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.