Театр және кино

«Апандағы адамдар» бір жылатып, бір күлдірді

Written by Aray2005

Облыстық қазақ драма театрында Спандиярбек Мұқышевтың «Апандағы адамдар» атты трагикомедиясының премьерасы өтті. Автордың 65 жылдығына орай көрермен назарына ұсынылған жаңа қойылым өмірдің шындығын дөп баса көрсетіп, көрерменді бір жылатып, бір күлдірді. Оның трагедиялығы қарапайым еңбек адамдарының сан қилы қиындықтарға кезігіп, табиғаттың тосын оқиғаларымен де, тағы жыртқыштармен де, солар мінездес, қатыгез адамдармен де қайыспай күресіп, өз міндеттерін жанкештілікпен атқаратындығында. Ал комедиясы – шаруа жандардың басындағы қиын жағдайын көріп, біле тұра басшыларының сауық-сайран салып, бақталастыққа, тақталастыққа түсіп, арзан күлкіге айналуы.

Көрермен назарына тұңғыш рет шығарылған трагикомедияны сырттан шақырылған жоғары білікті кәсіби режиссер Рүстем Жаныаманов сахнаға әзірлеген. Ал қоюшы-суретшісі – Рахат Сапаралиева. Мөлдір Барақбаева музыкамен көркемдеп, Лаура Дүйсен балетмейстерлік қызметін атқарды.
Белгілі өнер майталманы Спандиярбек Мұқышев облыстық қазақ драма театрында ұзақ жылдар бойы актерлік етіп, 2009 жылы 55 жасында дүниеден озған еді. Ол кез келген рөлді өз деңгейінде сахналай білген шеберлігімен талайды тәнті етті. Халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің бірнеше дүркін жүлдегері, «Құрмет» орденінің иегері атанды. Ол облыстық театрда 33 жыл қызмет етіп, өнерге, еңбекке деген адалдығын табандылығымен танытып кетті.
Өмір өзгеріп, адам дүниеден өткенімен өнер мен еңбектің мәңгі өлмейтініне осы кеште нақты көзіміз жетті. Әсерлі қойылымның шебер сахналанғанын көрермен құрметімен байқатты. Әртістерге гүл сыйлаған көпшілік өнердің мәңгі құрметтелетінін тағы бір аңғартты.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА

ПІКІР