Апта аяғына дейін жауын жауып, бұршақ түсуі мүмкін

0 0

Биыл көктем ерте шықты. Дала төсінде науқан қызып, көктем иісі сезіле бастағаннан-ақ тыңнан түрен салған диқандар егін алқаптарына дән сеуіп, аяқтауға жақын қалды. Әйтсе де соңғы бір-екі күнде аспанды қара бұлт торлап, күн көзі бір ашылмай-ақ қойды. Бұл көктемнің шындап күшіне енгенін көрсетсе керек.

«Жер тоймай, ел тоймайды» дейтін диқандар үшін жауын құт болғанымен, мұндайда шопан атаулының әбігерге түсетіні анық. Садырасы күрелмеген албар өз алдына, толассыз жауған нөсер жауын отар ішіндегі жаман-жәутік, кәрі-құртаңды басқа бейнет етіп, жаңа туған төлге обал жасап жататыны бар. Осы орайда біз малмен бірге күн қабағын баққан шопандар үшін бір керегі болып қалар деген оймен алдағы ауа райының қандай болатынын анықтап көрген едік.
– Жауынның толассыз жаууы диқан­дардың да қолын байлайды. Егіншілікке анау айтқан зиян келе қоймас, бірақ көктемгі дала жұмыстарын кешеуіл­де­те­ті­ні анық. Мұны ата-бабамыздың «Сәуір айы – шаруа айы», «Сәуір айы –
сулы ай» деуінен аңғаруға болады. Бұл айда жауын-шашынның көп болуы – табиғи заңдылық. Өйткені осы айда біз күтпеген жауын-шашыннан бөлек, «Бесқонақ» атты бір апталық жауын, найзағай ойнап, күн күркірейтін «Қызыр қамшысы», екі-үш күндік суық желді (кейде жауынды, кейде жауынсыз) «Тобылғы жарған», ай бел ортасынан ауғандағы «Отамалы» секілді құбылыстар жылма-жыл қайталанып келіп отырады. «Жауын қашан толастайды?» деген сауалға тоқтайтын болсақ, бір күндік ақ жауын немесе боз жауын сәуір айының 25-27-сі аралығында болуы мүмкін. Кей жерлерде жауын желдетіп жаууы да ықтимал. Бірақ ек-үш күн шелектеп құятын жауын болмайды. Тек күнұзаққа майдалап, сіркіреп жауып тұрады. 27-28 сәуірде тек бір күн ғана жауын тоқтап, күн ашылғанымен, ол да ұзаққа бармайды. 28-інен бастап мамыр айының 1-3-іне дейін күн қабағы ашылмайды. Бұл күндері сылбыр жаңбыр болады. Кейде тоқтап, кейде жауып, кей жерлерде тек сіркіреп қоя салуы мүмкін. Мамырдың 3-і мен 5-7-сі аралығында күн алабұлтты болады, негізгі күн райы 5-7 мамырдан кейін жадырап сала береді, – дейді жұлдызшы, Байзақ ауданы, Аққия ауылы­ның тұрғыны Сембек Байдуанов.

Қазақ табиғаттың тілін ертеден-ақ меңгеріп, жұлдызға, жан-жануарға, өткен күндерге қарап, алдағы ауа райы құбылысын болжайтынын жоққа шығара алмаймыз. Десе де ауа райын ғылыми тұрғыда болжайтындар не дейді? Осы сауал жетегімен «Қазгидромет» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыс бойынша филиалының есігін қаққан едік. Аталған мекеменің метеоболжам бөлімінің басшысы Әсия Ермекбаева бұл ай жауын-шашынды болатынын растап, кей жерлерде тұман түсіп, бұршақ ұратынын айтты.
– Егер ауа райының күнделікті құбылысы қалай болатынын айтар болсақ, біз мамыр айының 3-іне дейінгі аралықты ғана болжап бере аламыз. Бүгін нөсер жауын күтілуде. Бұл жауын 26-27-ісінде бәсеңдейді. Осы күндер аралығында Меркі, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарының кей аймағында тұман түссе, кей жерлерде көлемі 3-6 миллиметр болатын бұршақ 3-4 минуттай жаууы мүмкін. Одан ары қарай күн алабұлтты болғанымен күніне +1-2 ̊С қосылып, мамырдың 3-іне дейін күннің ыстығы 24 градусқа барады. 25-і күні 23-28 м/с күшті жел тұрып, дауылдың мал ықтырарлық әсері Жуалы, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандарында байқалады. Жалпы, күн көзі мамырдың 3-інен кейін ашылады, – дейді Әсия Байторайқызы.
«Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады», дейді дана халық. Біздің бір білетініміз – алдағы күннің қалай болатыны жөнінде болжам айтқан мамандар мен сәуегей сөзінің растығына уақыт қана төреші.

Н.БОЛАТҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.