«AQ JOL»-ды іздейтін оқырман өте көп

Облыстың бас басылымы жүз жылға қадам басты

0 10

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтқан жоқ. Облысымыздың бас басылымы «Aq jol» газетінің халықтың мұңын билікке, биліктің саясатын халыққа жеткізіп, қызмет етіп келе жатқанына келесі жылы 100 жыл толмақ. Ғасыр жасаған газеттің мерейтойы қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек газет ардагерлерімен кездесті.

Ең алғашқы нөмірін 1922 жылдың 1 мамырында қалың оқырманға ұсынған бүгінгі «Aq jol» газеті «Aulieata media» холдингінің құрамында жарыққа шығып келеді. Бүгінге дейінгі тарихынан аз-кем мәлімет берген холдинг директоры Нұрбек Бекен:
– Айтулы мерейтой қарсаңында газетте бұрын қызмет етіп, тарихын көзбен көрген ардагерлердің басын қосып, облыс әкімінің орынбасары Дәулет Жамаубайұлымен жүздесуді жөн көрдік. Ғасырлық тарихы бар басылымның 100 жылдығын қалай атап өткен дұрыс? Өз ойларыңызды айта отырсаңыздар,– деп жиынды ашып, сөзді сала ардагерлеріне берді.
Газеттің ширек ғасырдағы мерейтойын ұйымдастырғандардың қатарында болған белгілі жазушы Елен Әлімжан:
– Облыстық газеттің 50 жылдығын атап өтер алдында үлкен дайындық жасалды. Архивтерден тарихи деректер көп іздестірілді. Марқұм Ақпарбек Доспанбетов ағамыз Ташкентке дейін барып, мәлімет жинады. Алғашқы редакторларды іздестірді, көзі тірілерін де, дүниеден өткендерін де түгендеді.
Газетіміз сол жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Оны Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Сабыр Ниязбековтың өзі келіп тапсырды.
Жалпы ел мүддесіне ең жанкешті жұмыс істейтіндер – журналистер. Бір ғана мысал, кешегі пандемия кезінде журналистер нағыз қауіптің ортасында жүрді. Бұрын кеңестік кезеңде журналистерге кезексіз үй берілетін, сауықтыру орындарына жолдамамен жіберілетін. Қаламақылары да болатын. Кейін еліміз егемендігін алғанда осындай барлық жеңілдіктерден айырылып қалды. Және қазір журналистердің жағдайы өте нашар. Оны үй ала алмай жүргендерінен-ақ байқауға болады. Тіпті үй кезегіне тұратын не бюджеттік мекеме емес, не еркін жіберілген рыноктағы кәсіпкер емес. Сол екі ортада қалып қойды. Бұрын жалақылары да ақылға қонымды еді. Енді айлықтары да мардымсыз, қаламақылары да қысқарып қалды. Сол 50 жылдықта газетіміздің 5 журналисіне үй берген болатын, – деп БАҚ саласы қызметкерлерінің тұрмыстық жайына тоқталды.
Ал ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы аталмыш басылымның 85 жылдық мерейтойын қалай өткізгендерін әңгімеледі. Ол кезде газетті белгілі қаламгер Мақұлбек Рысдәулет басқарып, 85 жылдықта газеттің тарихынан мол дерек беретін кітап шығарылған екен.
Өткенді еске салып, мағыналы әңгіме қозғаған ақын Баймаханбет Ахмет басылымның таралымына тоқталды.
– Бұрын «Aq jol»-дың 50 мың данамен таралған кездері де болған. Ал қазір 10 мың ғана. Бұл нені білдіреді? Әрине, қазіргі көпшіліктің газет-журнал оқымайтынын. Кейінгі уақыттарда «басылымға мәжбүрлеп жаздыруға болмайды» деген шықты. Басылымға жазылса, ол әркімнің өзіне пайда. Газет-журнал оқыған адам білімін толықтырады, қоғамдық мәселелерге көзі ашылып, көкірек көзі оянады. Әсіресе мұғалім мәртебесін көтеруге газетке жаздырмауды қосып сөйлейтін болған. Өспірім балаларға білім беретін мұғалімнің газет-журнал оқымауы деген сұмдық қой. Тән азығын ғана күйттемей, жан азығын да ойлайық, – деді Б.Ахмет.
Ал әріптесінің сөзін жалғаған Болат Жаппарұлы:
– Қазіргі қоғамда желідегі жел сөзге еру басым. Ал газет дегеніңіз әр мәселені түп-тұқиянына дейін қазбалап, зерттеп, ақты ақ, қараны қара деп ашып жазып, көз алдыңа дайын күйінде ұсынады. Газет оқымау сауатсыздыққа, қоғамдық мәселелерге немқұрайды немесе біржақты қарауға жетелейді,– деді.
Ал ардагер журналист Жаңабай Миллионов:
– «Aq jol» газетіне 22 жасымда барып, 20 жыл қызмет атқарыппын. Қазір «Ғұмыр Дария» ардагерлер газетінің бас редакторымын. Басылымдарда жазылым кейін келе азайып бара жатыр дейсіздер ғой. Ал ардагерлердің газетінде ондай жоқ. Сол бастапқыдағы таралыммен әлі тұр. Яғни газетті қадір тұтып оқитындар жасы үлкен қариялар болғаны ғой. Біздің ардагерлер әр күнін «Aq jol» газетімен бастайды. Таңертеңгісін жұмысқа келе салысымен «Aq jol»-ды іздейміз. Себебі өзіміз өмір сүріп жатқан өңірдің күнделікті жаңалықтарымен танысып, соған қарай әрекет етеміз, – деді.
Ардагер журналистер облыстың бас басылымының ғасыр жасаған тойында Тараз қаласының көрнекті жерінен «Ақ жол» аллеясы ашылса, ортасынан «Журналист» кафесі бой көтерсе, үлкен-кіші қаламгерлердің сонда бас қосып, жүздесіп жүруіне мұрындық болар еді деген ұсыныстарын жеткізді. Және осы газеттің халықтың талабына қарай жарық көруіне ұйытқы болған қаламгерлер Арғынбай Бекбосын, Ақпарбек Доспанбетов, Бақытяр Әбілдаевқа көше берілсе деген де ұсыныс айтылды. Сондай-ақ арнайы экспедиция ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
Басқосуда ардагер журналистер Маханбет Дүйсебаев, Бекет Момынқұл, Көсемәлі Сәттібаев, Қуаныш Ембердиев те өз ойларын ашық жеткізді. Қаламгерлердің айтуынша, мерейтойды тек мереке ретінде емес, көпшіліктің игілігіне жарайтын мағыналы шара етіп өткізу керек.
Газеттің қазіргі бас редакторы Оралхан Дәуіт:
– Келесі жылы 100 жасқа толатын газетіміздің мерейтойын тойлауға пандемияның жағдайы қалай болатыны қазір ойландырып тұр. Егер эпидемиологиялық жағдай жақсарса, бұл жолғы мерейтой өзгеше сипатта ұйымдастырылады деген жоспарымыз бар. Бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің бәрі де ескеріледі. Басшылықпен бірге сараптаймыз. Мерейтойды ұйымдастыруда поэзия, проза, журналистер байқауын өткізіп, ардагерлердің атынан жүлде тағайындайық деген де ұсыныстар түсті. Бұйыртса, 100 жасаған басылымның мерейтойын оқырмандарымен бірге есте қаларлықтай атап өтуге бар мүмкіндікті қарастырамыз, – деді.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек ардагерлердің ұсыныстары қарастырылып, жүзеге асырылуы зерделенетінін жеткізді.

Қ.Рахметуллина

Leave A Reply

Your email address will not be published.