Жастар.kz Сұхбат

«Әр облыста жастардың проблемалық картасы жасалуы тиіс»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында жастар мәселесіне айрықша назар аударғаны белгілі. Әсіресе, келер жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы көп жастың үмітін оятып, қуанышын еселей түскені сөзсіз. Бұл тұрғыда азаматтық қоғам институтының дамуына атсалысып жүрген замандастарымыз да жарқын жобалардың қолға алынатынына сенімді. Солардың бірі «SANA» оқыту орталығы» ЖШС директорының орынбасары Ернұр Мадияровпен болған сұхбатымызда Жолдау жүктеген міндеттер, мемлекеттік жастар саясатының аймақта жүзеге асуы, қоғамдық ұйымдардың белсенділігі сынды тақырыптарда ой өрбіткен едік.

– Ернұр Берікұлы, сіздің осыған дейін «Жас Отан» Жастар қанатында ысылып, жастар ресурстық орталығы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалдарында басшылық қызметтер атқарғаныңызды білеміз. Дегенмен, соңғы уақыттарда жастар саясатынан көрінбей кеттіңіз. Қазір қайда жүрсіз?
– Соңғы рет «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысы болып, өткен жылдың аяғында ол қызметтен кеттім. Бірақ, жастар саясаты мен облыстың қоғамдық өмірінен қол үзген жоқпын. Қайта қазіргі таңда жастардың қалың ортасындамын. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде белсенділігім төмендегені рас. Оның себебі, 18 жасымнан бастап қоғамдық өмірдің бел ортасында жүріп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен етене тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасадым. Жалпы, қызметтен кеткен себебім, басқа бағытта бағымды сынап көргім келді. Сондықтан қазіргі таңда шығармашылыққа көп көңіл бөліп, қоғамдық жұмыстармен айналысып жүрмін. Осылайша, талабы таудай жастармен қоғамға пайда алып келетін жобаларды іске асырып жатырмыз.
– Белсенділігіңіздің арқасында студент кезіңізден қызметке араластыңыз. Былайша айтқанда, өз біліктілігіңіздің нәтижесінде белгілі бір жетістікке жете білдіңіз. Дегенмен, әп-сәтте қызметтен қол үзіп қалу қиындық тудырған жоқ па?
– Жалпы, мен қызметтен саналы түрде кетіп, уақытша демалыс алдым десем де болады. Айта кететінім, мемлекеттік қызметте жүргендер түсінетін шығар. Ара-арасында осылай демалып тұру керек. Себебі, мұнда өзіндік бір шектеу бар. Яғни, жұмысқа таңғы 9-да кіріп, түннің бір уақытында шығатын кездер көп болады. Осылайша, еш тоқтаусыз 9 жыл еңбек етіп көрдім. Дегенмен, маған да жетіліп, даму қажет болды. Қазіргі таңда білімімді жетілдірудемін. Сондай-ақ, көкейде жүрген жобаларымызды іске асыру қажет болды. Ол бүгінде басталып та жатыр. Атап айтқанда, қоғамдық лекция. Осы арқылы қоғамда тұлға болып қалыптасқан азаматтармен жастардың жүздесуіне, ой-пікір алмасуына жағдай жасап, кездесулер ұйымдастырудамыз. Бұдан жастардың алып жатқан әсерлері айтарлықтай. Сонымен бірге, әртүрлі саладағы жастардың кәсібилігін арттыру мақсатында «Саналы Talks» жобасын да атап өтсем болады. Жоба осыған дейін журналистер, пікірсайысшылар арасында жүзеге асты. Бұдан өзге «JAMBYL» телеарнасында Жасұлан Әбдіхалық ағамыздың қолдауымен «Аламан» атты ток-шоу бағдарламасын аштық. Оның көрсетілімі осы айдан бастау алады. Бұл да болса, көкейде жүрген ойымыз болатын. Аталған жобалар алдағы уақытта өз жемісін беретіндігіне сенім мол. Осы орайда, айта кететінім, адам өзінің атқарып отырған қызметіне өзгеріс алып келіп, жұмысты жаңа деңгейде жандандыра алмаса, ол шаруаны атқармай-ақ қойғаны дұрыс. Бір орында 10-20 жылдап отырған азаматтармен мен келіспеймін. Адам бір жерге басшылыққа келгеннен кейін 5 жыл жұмыс жасауы керек секілді. Мәселен, алғашқы уақытта өзгеріс енгізсең, одан кейінгі жылдарды оны дамытуға арнайсың. Қалған уақытта оның жемісін көресің. Ол уақыттан кейін бірізділік қайта байқалады. Сондықтан басшы бір орында көп отырмауы қажет деп ойлаймын.
– Жалпы, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қоғам тарапынан аз сын айтылып жүрген жоқ. Жұмысты жүйеге келтіру үшін не істеу қажет?
– Жұмыс бар жерде сынның болатындығы әу бастан белгілі. Олардың жұмысын жүйеге келтіру үшін ұйымдарды бір арнада тоғыстыру керек. Мәселен, бұрындары өңірде жастар ұйымдарының басын біріктіретін «Темірқазық» деген қозғалыс болған. Жамбыл облысының барлық ұйымы сол қозғалысқа бірігетін. Яғни, ауызбіршілік болды. Сондай-ақ, бір-бірінің алдын орап кету деген атымен жоқ болатын. Айта кетерлігі, сол уақыттарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қатысарда белгілі бір шектеулер бар еді. Ал, қазір ол жоқ. Былай айтқанда, ешкім өз саласымен айналыспайды. Бұл орайда, үкіметтік емес ұйымдар өз бағытынан танбауы қажет.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде жастарға арналған жиындардың бағытын өзгерту қажеттігі жиі айтылып жүр. Бұл тұрғыда сіздің пікіріңіз қандай?
– Меніңше, Жамбыл облысында жиындардан бұрын жастар саясатының форматын өзгерту қажет. Қазір бұрынғыдай флешмоб, акция, дөңгелек үстел, семинар дегендердің қажеттілігі шамалы болып қалды. Бұлар тек ұйымдасқан жастарды ғана қамтитын шаралардың легі. Мұндайды мемлекет арнайы қаржы бөлмей-ақ, үкіметтік емес ұйымдар ұйымдастырмай-ақ оқу орнындағы белсенді жастар өздері ғана өткізіп жатыр. Ал, мемлекеттік органдар NEEТ жастармен, яғни ұйымдаспаған жастармен жұмысты күшейту керек. Ол үшін кешенді шаралар қажет. Жасыратыны жоқ, жастар ресурстық орталықтары белгілі бір жиындарды өткізетін немесе аудандағы «барып кел, шауып кел» қызметін атқаратын мекемелерге айналып кетті. Енді, бұл мекемелерді «Жастарға қызмет көрсету орталығы» ретінде ауыстыру қажет деп ойлаймын. Яғни, жастар кез-келген сұрақтың жауабын сол мекеме арқылы таба алатын жағдай туындауы шарт. Ол психологилялық немесе құқықтық көмек, сондай-ақ кәсіпкерлік қолдау көрсете алуы тиіс. Мысалы, мемлекет жастар кәсіпкерлігіне миллиондап несие беруде. Бірақ, оны жастар ала алмай жатыр. Неге? Өйткені, жастар қарапайым құжат рәсімдеуді білмейді. Сол секілді аталған мекеме қызметкерлерінің біліктілігін өзгерте отырып оқытып, кез келген сала бойынша көмек көрсете алатын дәрежеге жеткізу қажет. Мәселен, ҰБТ-дан сүрінген жас дуальді оқыту, кәсіптік колледжде білім алу мақсатындағы бағдарламаларды білмейді. Оның себебі, біздегі шаралардың көбі ұйымдасқан жастармен өтеді. Ал, жұмыссыз жастар өзімен өзі ысырылып қалуда. Осы орайда, айтатыным, қазіргі уақыт кабинетте отырып жұмыс жасайтын емес, халықтың ортасында жүріп еңбек ететін заман.
– Байзақ аудандық «жастар ресурстық орталығын» басқардыңыз. Ауыл жастарының ахуалы жақсы таныс болар. Шалғайдағы замандастарымызды алға ұмтылдыру үшін қайтпек керек?
– Ауыл жастары мен қала жастарының айырмашылығы айтарлықтай. Мәселен, ауылдың жастарында баяғыдан қалыптасып қалған тазалық пен еңбекқорлық бар. Оларды тек бағыттап отыру ғана қажет. Себебі, ауылда қала жастары секілді мүмкіндіктері мол емес. Дейтұрғанмен, ауыл жастарын кәсіпке баулу керек. Шүкіршілік, біз де жер деген жатыр. Оларға соны игерудің жолын көрсетуіміз тиіс. Қарап отырсақ, мемлекеттік қызметшіден қарапайым шаруашылық иесінің тұрмыстық жағдайы әлдеқайда жақсы. Жастар осыны түсініп, қызметке емес, кәсіпке ұмтылуы керек. Содан соң ауыл жастарын спортқа баулыған дұрыс. Мұның себебін түсіндірудің қажеті шамалы. Елімізде әлемді бағындырып жүрген спортшылардың барлығы дерлік ауылдан шыққан қарадомалақтар. Сондықтан ауыл жастарымен жұмыс жасауда әуелі спорт және кәсіпкерлік бағытын ұстану қажет.
– Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Сіздіңше, жастарға еншілеп берген сол жылды қалай өткізу керек?
– Біз әр нәрсені түбіне жетпей жатып, науқанға айналдырмауымыз керек. Дегенмен, «Жастар жылында» жастарды баспанамен қамтамасыз ететін жаңа бағдарлама қабылданса деген үміт бар. Үй-жайы жоқ жастардың өндіріп жұмыс жасайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Расында, Үкімет жастарға арналған жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бағыттарына арнайы бағдарламалар шығарды. Елбасы өз кезегінде «7-20-25» бағдарламасын да ұсынып отыр. Бұл тамаша бастама. Бірақ, еңбек өтілі аз азаматтарға тиімсіздеу. Яғни, кеше ғана оқу бітіріп, енді отбасын құрып, жұмыс жасап келе жатқан отбасыларға қолайсыз. Сондай-ақ, біз осы жылды пайдалана отырып, біраз мәселелерді шешіп алуымыз қажет. Мысалы, аймақта әлі күнге дейін «Жамбыл облысы жастарының проблемалық картасы» деген құжат жоқ. Қай ауданда қандай мәселе бар, оның шешімі қалай болмақ деген дүниелер бір арнада тоғыстырылмаған. Меніңше, бұл әлі республикада жоқ. Сондықтан бастамашы ретінде осыны біздің облыс көтеру керек. Сонымен бірге ел жастары болып жастар саясатының белгілі бір құжатын қабылдау керекпіз. Себебі, «Жастар саясатының тұжырымдамасы» 2020 жылға дейінгі ғана мерзімді қамтиды.
– Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке қайта оралу ойда жоқ па?
– Жоғарыда айтқанымдай, бастаған жобаларымды аяққа тұрғызып алғаннан кейін ораламын. Себебі, қандай да бір қызметке менің тәжірибем де, білімім де жеткілікті деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР