"Шамшырақ"

Әр жастың болашағы өз қолында

Written by Aray2005

Жоғары оқу орнын бітірушілердің алдында тұрған күрделі де, өзекті мәселе – жұмысқа орналасу екені даусыз. Бұл тұрғыда жастардың болашақ мамандығын таңдауда қабылдаған шешімі үлкен рөл атқарады. Елімізде 2020 жылға дейін Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Аталмыш бағдарлама жұмыссыздық мәселесін шешуде үлкен рөл атқарып келеді. Өйткені ҮИИДБ негізінде облысымызда химия өндірісі қарқынды дамуда. Мысалы, Қаратау фосфоритін игеруге «ЕвроХимнің» инвестиция құюы, Шу өңірінде химиялық кластердің өркендеуі, Жамбыл минералды тыңайтқыштар зауытында күкірт қышқылын өндіретін цехтың, Қаратау қаласында натрий цианиді зауытының іске қосылуы химик және химик-технолог мамандарға деген сұранысты арттыра түсті.

Бұл ретте аталмыш бағыттағы мамандарды дайындауда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бәсі жоғары. Өйткені оқу орнының «Химия және бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» кафедрасы 5В060600 – Химия, 5В072000 – Химиялық инженерия мамандықтарынан бакалаврларды, магистрлерді және PhD доктор дайындайды.
Университетті бітірген білікті маман тек Жамбыл облысы аймағында ғана емес, сонымен қатар республиканың басқа өңірлерінде жұмыс табуына мүмкіншілігі бар.
Кафедра ғылыми дәрежелері жоғары білікті оқытушы-профессорлармен қамтамасыз етілген және жастарды тәрбиелеу арқылы магистранттарды, PhD докторларды дайындауда. Мұнда студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысымен айналасуына және магистратураға түсіп, оқуын ары қарай жалғастыруына кафедрада барлық жағдай жасалынған. Сондай-ақ кафедра пәндердің зертханалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға қажетті құрал-жабдықтармен, химиялық реактивтермен толық жабдықталған. Студенттердің, магистранттардың және докторанттардың лабораториялық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын заманауи деңгейде орындауын қамтамасыз ету мақсатында кафедра материалдық-техникалық базасын дамытуда.
Студенттердің, магистранттардың, PhD докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін университеттің «Нанотехнология» және «Қазфосфат» ЖШС зауыттарында ұйымдастырылған оқу-ғылыми-өндірістік лабораториялар пайдаланылады.
Қазіргі таңда химия және химиялық технология мамандарына деген сұраныс өте жоғары. Себебі еліміздің мұнай мен газды, бейорганикалық шикізаттарды өңдеу салаларында және одан өзге де салаларда химиктердің талабына сену керек болады. Ал елдің бар инфрақұрылымы осы өндіріс салаларында жатыр. Елімізде химия, металлургия өндірістері белсенді даму үстінде болғандықтан осы мамандық иелерінің ешқандай жұмыссыз қалып қоюы кезікпейді.

Ә.ШОЛАҚ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
«Химия және химиялық технология»
кафедрасының доценті, т.ғ.к., профессор

ПІКІР