"Алтын бесік"

Араб елдері біздің қойшылардың қозысына неге құмар?

Written by Aray2005

Соңғы жылдары Әулиеата өңірінде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Осының нәтижесінде агросалаға бөлінетін қаражат көбейіп, өнім өндіру ісінде де ілгерілеу байқалып отыр. Әсіресе ет өндірісі мен өңдеу алға басуда.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 61- қадамында ет өндірісі мен етті өңдеуді дамытып, өңделген өнімдерді экспорттауды қолға алу тапсырылған. Осыған орай облыс әкімі Асқар Мырзахметов аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыру туралы тапсырмалар берген болатын. Нәтижесінде аймақта ет өндірумен айналысатын кәсіпорындардың тірлігі тіктеліп, мақсаттары айқындалып келеді.

Өткен жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 23,4 миллиард теңге қаражат тартылған екен. Ал өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 266,1 миллиард теңгені құрап, еліміз бойынша 3-орындағы көрсеткішке қол жеткізілген. Аталған нәтижеге жетуде мал шаруашылығының үлесі зор. 2018 жылы аймақта тірі салмақта 128 207,5 тонна ет өндірілген. Қай кезде де тапсырма орындалуымен құнды болатыны анық. Өткен жылы өңірімізде өндірілетін еттің еселеп артуы – қойылған талаптың тыңғылықты нәтижесі екені даусыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, аймақта етті өндіріп қоймай, оны экспортқа шығаруға баса назар аударылып отыр. Бұл тұрғыда да нәтиже жаман емес. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сәйкес, аймақ бойынша 2 647 тонна ет шетелдерге сатылған. Нақты дерекпен сөйлер болсақ, 2017 жылмен салыстырғанда сиыр еті 9 есе, қой еті 5 есе артық экспортталған. Республика көлемінде 3 800 тонна қой еті сыртқа сатылса, оның 43,6 пайызы Жамбыл облысына тиесілі. Сәйкесінше, бұл көрсеткішпен Әулиеата өңірі республика бойынша 1-орынға шығып отыр.
Қой еті экспорты көлемінің артуы бекер емес. Өйткені шетелдіктерден оған түскен сұраныс көп. Әсіресе араб елдері Жамбылдың көк майсасында өскен бағлан қозылардың етіне үлкен қызығушылық танытып отыр екен. Атап айтқанда, қазіргі таңда бұл өнімді Иран, Кувейт, Бахрейн, Оман секілді Парсы шығанағы елдері және көршілес Әзірбайжан мемлекеті сатып алуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Балжан Ысқақова мұндай сұраныстың аталған елдердің климатына, географиялық ерекшеліктеріне байланысты екенін айтады.
– Аталған елдерде жайылымдық жерлердің аз болуы салдарынан онда мал шаруашылығы айтарлықтай дамымаған. Олар тұтынатын етті сырттан сатып алады. Бірнеше жылдан бері олардың таңдауы Жамбыл облысына түсіп отыр. Бұл мемлекеттер негізінен салмағы 25 келіге жетпейтін еркек тоқтының етін алуды жөн көреді. Ал жасы асқан малдың етін мүлде тұтынбайды. Сол себепті облысымыздағы ет өндірушілер қозы етін өндіруге ден қойып отыр.
Жалпы облыс бойынша 233 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Оның ішінде 99-ы ет, сүт бағытында жұмыс істеп отыр. Негізгі шикізат көздері – осы кооперативтер,– дейді Балжан Бекболатқызы.
Қозы етін экспортқа шығаруға «Меркі ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүбелі үлес қосып келеді. Тоқырау жылдарында тоқтап қалған комбинат қазір толық көлемде жұмыс істеп тұр. Мұнда бір күнде 150 қой сойылады. Комбинаттың цехтары жаңартылғандықтан барлығы автоматты түрде жүзеге асырылады. Серіктестіктің вице-президенті Сұлтан Әлиасқаровтың айтуы бойынша, экпортқа негізделген өнім дайындау ісі 2017 жылы қолға алынған екен.
– Бұған дейін бұл араб елдері етті Аустралия және Пәкістаннан алып келген екен. Ал 2017 жылы Жамбыл облысына, біздің комбинатқа келіп, зерттеу жүргізуге сынама үшін ет алып кеткен болатын. Нәтижесінде жамбылдық қозылардың етін табиғи таза өнім деп тауып, келісім жасалды.
Десе де олардың бізге қойып отырған талаптары аса жоғары. Біздің өнім «Халал» стандартына сай. Соның өзінде олар жіберілген тауардың әр партиясын жіті тексеріп отырады. Тіпті барлық талаптардың сақталуы үшін өздері тарапынан арнайы мамандар жіберіп, олар тәжірибесімен бөліскен болатын.
Ол мемлекеттерде малға түрлі қоспалармен араласқан жем-шөп беріледі. Сол себепті мал етінің дәмі өзгеріп, құнары төмендейді. Ал біз сойып, етін дайындайтын қозылар даланың табиғи таза шөбімен қоректенеді. Тиісінше, еттің pH қышқылдығы 0 пайызға тең болады. Осыны ескерген экспорттаушылар ұзақ мерзімді серіктестік жасауға мүдделі, – дейді комбинаттың вице-президенті.
Расында, ғалымдар Жамбыл жерінде өскен малдардың еті ерекше дәмді әрі ақуызға бай болатынын айтады. Мәселен, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Хамит Әубәкіров біздің қозылардың етінде түрлі пайдалы элементтердің молдығын растап отыр.
– Қой баққан болсаңыз анық білуіңіз қажет. Бізде серкелер алда жүріп, шөптің басын ғана тістеп өтеді. Ал соңынан ерген қойлар оның қалған бөлігін түбіне дейін жейді. Осылайша олар бар пайдалыны бойына жинайды. Жайылымдық жерлері кең Жамбыл облысындай аймақтарда өскен малдың еті сапалы болатыны осыдан.
1991 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 9,8 миллион бас ірі қара, 1,63 миллион жылқы, 143 мың түйе, 60 миллионға жуық құс пен 36 миллион уақ мал болған. Өткен жылғы санақ бойынша 6,8 миллион ірі қара, 2,4 миллион бас жылқы, 193 мың түйе, 40 миллион құс және 16 миллион қой тіркелген. Ал нақты Жамбыл облысында 2,5 миллионнан астам уақ мал бар. Иә, 28 жыл ішінде қой басы едәуір азайған. Десе де бұл қой етін өндіруге еш кедергі болмайды. Керісінше, оны дамытуға толық негіз бар. Бұл мақсатта суармалы жайылымдарды арттырып, Кеңес үкіметі кезінде қазылған құдықтар аршылса, бұлақтар тазаланса, селекциялық жұмыстар қолға алынса, мал басын арттырып, ет өндіру көлемін ұлғайтуға әбден болады, – дейді ғалым.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017-2021 жылдарға жасаған жоспары бойынша
5 жыл ішінде ет экспортын 417 мың тоннадан 537 мың тоннаға дейін арттыру көзделген. Яғни, жылына 40 мың тонна етті шетелге сату жоспарланып отыр. Бұл мақсатта министрлік осы бағытта жұмыс істейтін барлық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсетуде. Демек, Әулиеата өңірінде де экспортқа бағытталған ет өндірісі дами түспек.

Мұратхан Әлімхан

ПІКІР