"АРАЙ" аруы-2018

«АРАЙ» аруы-2018

«Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың», деп шығыс шайыры Фирдоуси тамсана жырға қосқандай, ақылына көркі сай аруларымыз қазір де аз емес. Әсілінде, әсемдікке жаны құмар қыз баласының бір-бірінен тәп-тәтті қылығымен, білектей бұрымымен, тәрбие тұнығымен, ұлтжандылық ұғымымен ерекшеленетіндігі даусыз. Осы орайда жастар басылымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үн қоса отырып, «АРАЙ» аруы-2018» байқауын бастайды. Сұлулар сайысына жасы 18-29 жас аралығындағы облысымыздың азаматшалары қатыса алады. Ең басты талап – үміткерлер фотосуретке ұлттық киім үлгілерімен немесе ұлттық әшекейлерді қолдана отырып түсуі қажет. Сонымен қатар, фотосурет пен өзі туралы қысқаша мәліметті редакциямызға жолдауы тиіс. Таныстыру өлеңмен өрілсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Ал, жеңімпаздар жыл соңында «АРАЙ» газетінің ресми сайтында ашық дауыс беру арқылы айқындалатын болады.

Еліммен өніп-өсіп, жалындармын,
Жұртыммен жеңістерге жолығармын.
Қызымын кең далада ізгілігін,
Жалғайтын Айша бибі арулардың.

Гүл құшуым – сәлемі жыл құсының,
Ел мен ердің ар-намыс, ырысымын.
Ақылды дос, иманды ардақ тұтқан,
Сұлулық пен сезімнің құрбысымын.

Диана РЫСТАЕВА,
ТарМПУ-дың 3-курс студенті,
21 жаста

ПІКІР