Ардагер журналистің қос кітабы жарық көрді

0 13

Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында облыстық «Aq jol» газетінің ардагері Баймаханбет Ахметтің «Жадымдағы жаңғырықтар» және «Тайталас» атты қос кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Ақындығы мен қатар өңір журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар қаламгердің кезекті кітаптарының тұсаукесер рәсіміне аймақтың зиялы қауым өкілдері, үзеңгілес әріптестері мен шәкірттері, оқырмандары қатысты. Кітаптың лентасын жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан мен ақын, Қазақстан Репуликасының еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов кесті. Кітап лентасын салтанатты түрде қиған Елен Әлімжан өңірде проза жазатындардың қатары аз екенін тілге тиек етіп, Баймаханбет Ахметтің осы жанрға келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Проза жазу – үлкен дайындықты талап етеді. Осы уақытқа дейін журналистік шеберлігінен бөлек ақындығымен елге танылған Баймаханбет Ахмет бұл жанрға дайындығының кемеліне келген дер уақытында келді. Жалпы, елімізге танымал жазушылардың барлығы бұл салаға ақындықтан бастап барып келген. Себебі, проза жазуда ақындықтың тигізер пайдасы орасан. Өйткені, тіл байлығы мен орамды ұйқастары образды ашуға өз үлесін қоспай қоймайды. Сол секілді Баймаханбет те проза жазу барысында журналистік шеберлігі мен ақындық талантын тиімді пайдалана білген, – деген Е.Әлімжан қаламгерге шығармашылық табыс тіледі.
Сондай-ақ құттықтау сөз сөйлеген Қайырбек Асанов Баймаханбет Ахметті бұрын журналист, ақын ретінде таныса, енді зейнетке шыққан соң әдебиеттің тағы бір жанрында қалам тербеп жатқаны көңіл қуантатынын жеткізді. Сонымен қатар осы уақытқа дейін тілшілік тіршілігінде талай проблемалық мақалар жазып, ақын ретінде өресі биік өлең өрген қаламгердің проза жанрындағы еңбегі көпішіліктің көңілінен шығатынына сенім білдірді.
Салтанатты шарада журналисттің әріптестері мен шәкірттері ізгі тілектерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Ал кітап авторы өз кезегінде прозаға келуіне журналистикадағы 35 жылға жуық еңбек өтілі мен ізденісі әсер еткенін сөз етті.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.