Қоғам

Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагері, Тараз қаласының тұрғыны Тілеуқабыл Төребековтің шаңырағына арнайы барып құттықтады. Асқар Исабекұлы ардагердің бейбітшілік орнатуға қосқан үлесі мен соғыстан кейінгі ұзақ жылдар бойы атқарған жемісті еңбегін атап өтіп, бүгінгі ұрпақ атынан алғысын жеткізді.

Тілеуқабыл Төребеков 1925 жылы Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, партия мектебін бітірген. 1943-1950 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет атқарып, оның 5 жылында Жапон соғысына қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары қоғамдық, партиялық жұмыстарға белсене араласқан. 1959-1960 жылдары тамақ өнеркәсіп орындары жұмысшылары облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып еңбек еткен. Облыстық әкімшілікте коллегия және облыстық тәртіптік кеңестің мүшесі болған. Одан кейінгі жылдары Жамбыл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. «Отан соғысы» орденімен және 17 мерекелік медальмен марапатталған.
Сондай-ақ бұл күні облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан басшылары да өңірдегі бірқатар ардагерлердің үйіне барып, мерекемен құттықтады.
Айта кетейік, бүгінде облыста барлығы Ұлы Отан соғысының 75 ардагері бар десек, мереке қарсаңында олардың әрқайсысына қалалық және аудандық бюджеттер есебінен 300 мың теңгеден сыйлық ретінде берілді. Ал Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілгендерге 100 мың теңгеден, тыл еңбек ардагерлеріне 50 мың теңгеден қарастырылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР