"Топжарған"

Ардагерлер аламаны

«Тараз-Арена» спорт кешенінде мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған волейболдан ардагерлер арасында халықаралық турнир өтті. Үш күнге созылған аламанға елімізден және көршілес Қырғыз және Өзбекстан мемлекеттерінен келген барлығы 10 команда қатысып, өзара бақ сынады.

Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, алты алаштың ардақты ұлы, ел басқару ісінде өзіндік өшпес ізін қалдырған Дінмұхамед Қонаевтың азаматтық бейнесі мен тұлғалық қасиеті жұрт жадында мәңгілік сақталатындығын тілге тиек етіп, додаға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Дінмұхамед Ахметұлының кісілік келбеті туралы естеліктер айтты. Сондай-ақ, КСРО спорт шебері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев пен «Семей машина құрылыс» зауытының бас директоры Нұрлан Омаров та сөз алып, тұлға атындағы турнирдің жоғары деңгейде өтуіне ниеттестіктерін білдірді.

Бұдан кейін ардагерлер жарыс жолына шығып, ширақ ойындарымен жанкүйерлерді сүйсінтті. Барлық командалар жеңіске жетуде аянып қалған жоқ. Десе де, өзгелерден дара шапқан Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Буревестник-1» командасы жеңімпаз атанса, «Тараз ардагерлері» екінші орыннан көрінді. Үшінші орынды «Семей машина құрылыс» командасы мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Буревестник-2» командасы өзара бөлісті.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР