Ардагерлерді ардақтайық!

0 0

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің және аталмыш білім ордасының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Ардагерлер – даналық пен даңқтың үлгісі» тақырыбында кездесу өтті. Студент жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, ерлікке тәрбиелеу мақсатында өткен басқосу мазмұнды өтті.

Жиынды Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов ашып, адамзат тарихында 20 миллионнан астам адамның өмірін қиған Ұлы Отан соғысы зардабын, батыр бабаларымыздың ерлігін тілге тиек етті. Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мұсахан Бердібаев, Бегасыл Белгібаев қариялар өздерінің майданда өткізген күндерінен естеліктер айтып, жастарға жақсы тілектер арнап, ақ баталарын берді.
Ал, тыл ардагері Нареим Сейдуалиев ағамыз сұрапыл соғыс жылдарында жеңісті жақындатуға зор үлес қосып, тылда еңбек еткен азаматтардың, аналарымыз бен жеткіншек балалардың ерлігін ерекше атап өтті.
Басқосуда облыс және Тараз қаласы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің басшысы, ауған соғысының ардагері Дүйсенбек Ермеков, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешевалар сұрапыл уақыттағы қайғылы шежіре жаңғырығы халықтың зердесінде бағасы артып, уақыт алға жылжыған сайын ардагерлердің жасаған ерліктерінің шоқтығы биіктей беретіндігін атап өтті.
Кездесу барысында студент жастар ардагерлерге түрлі сұрақтар қоя отырып, соғыс жылдарындағы жауынгерлердің ерлігі мен өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі туралы толыққанды әрі тың мәліметтер алды.

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.