Жамбыл жаңалықтары

Ардагерлерге айрықша құрмет

Written by Aray2005

Облыс аумағында Ұлы Жеңістің 75 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Өңірде айтулы мерекеге орай Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтау шараларын ұйымдастыру туралы алдын-ала жоспар жасалған.

Жамбылдық еріктілер Жеңіс әнінің сүйемелдеуімен автомұнара арқылы 98 жастағы майдангер Мұсахан Бердібаев пен 94 жастағы Мүтәліп Ережепбаевтың балкондарына дейін көтеріліп, оларға гүл шоқтарын сыйлады. Жастар соғыс ардагерлеріне бүгінгі бейбіт күн үшін алғыстарын білдірсе, қарт майдангерлер өз кезегінде батасын берді.
Айта кетейік, ардагерлерге құрмет пен ризашылық білдіру мұнымен толастамайды. Жеңіс күніне орай облыстағы 57 ардагерге миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.
Тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалған жоқ. Соғыс жылдарында тылда 6 айдан астам жұмыс істеген 4247 адам 50 мың теңгеден алды. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың 350 жесірі мен мүгедектерінің әйелдері де осындай көлемде әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Ал Ленинград блокадасында болғандар мен концлагерьлердің бұрынғы тұтқындарына 60 мың теңгеден төленді.
Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар 100 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек алды.
Барлығы 6650 адамға бірреттік әлеуметтік көмек көрсету үшін 500 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Мереке күндері облыс басшылығы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтайды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР