Жеңіс-75

Ардақтауға лайықты азамат еді

Written by Aray2005

1994 жылы аудандық газетте майдангер журналист, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Жапар Көпбаевтың «Досым туралы айтамын» – «Расскажу о своем товарище» деген шағын мақаласы жарияланды. Онда аудандық ономастика жөніндегі комиссияның шешімімен аудан орталығындағы Зеленая көшесіне Бейсехан Мірәзімовтың есімі берілгенін хабарлай отырып, бұл кісі туралы біраз мәліметтерді алға тартады. («Қордай жаңалықтары» – «Новости Кордая» №1, 2-6 сәуір, 1994 жыл). Бірақ, белгісіз себептермен комиссияның бұл шешімі заңды жалғасын таппай, кейіннен аталған көшеге мүлде басқа адамның есімі беріліп кеткен.

Ал осыдан ширек ғасыр бұрын есімі ардақталып көшеге берілмек болған Бейсехан Мірәзімов кім еді? Бүгінгі егде жастағы қордайлықтардың көбі оны ұмыта қойған жоқ. Өйткені, ол Қордайдың тумасы, осында өсті, ұзақ жылдар қызмет атқарды. Ерекше биязы, кішіпейіл мінезімен, білімдарлығымен, жүрегіне иман ұялаған, қолының тазалығымен есте қалған жан.
Б. Мірәзімов 1923 жылы Красногор ауданының Шарбақты ауылында дүниеге келеді. Балалық шағы ауыр кезеңге тұс келген Бейсехан ерте есейіп, 1940 жылы тоғызыншы сыныптан кейін Жамбыл қаласындағы ФЗУ-ге (фабрика-зауыт училищесі) түсіп, паровоз машинисінің көмекшісі мамандығын игереді. 1942 жылы тамыз айында оқуды бітірген бойда жасы да толып əскерге шақырылады. Бірден Мəскеуге түсіп, сол кезде «Катюша» деген атпен белгілі бола бастаған реактивті миномет дивизионының командирлерін дайындайтын жеделдетілген курстан өткізіліп, майданға жіберіледі.
Оның өз қолымен жазған өмірбаянында 312-ші гвардиялық минометтік полктың 4-дивизионының командирі ретінде Дон, Брянск жəне бірінші Украина майдандарынан сонау Берлинге дейінгі майдан жорықтары бір-екі сөйлеммен ғана қысқа қайырылған екен. Есесіне оның партиялық жеке парақшасындағы мемлекеттік наградаларына зер салатын болсаңыз, соғыстан І дəрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», Варшаваны, Праганы, Венаны жаудан азат еткені үшін деген самсаған медальдерді, «Үздік артиллерист» белгісін омырауына тағып оралуы көп сырды аңғартады. Осынау наградалардың əрбірінің өмір мен өлім белдесулерінде жауынгердің талай мəрте ажал аузынан қайтқан жанкешті ерлік қимылдарымен келгені даусыз. Ол қандай ерліктер болды екен? Соның біріне жауапты Бейсеханның бала жастан досы Ж.Көпбаевтың кезінде жергілікті газетке басылған шағын ғана естелігінен тапқандай болдық. Ол кісі 1975 жылы жазда «Түрксиб» санаториінде демалып жатқанында қолына орыс тілінде жазылған «Катюшалар» ұрысқа кіреді» деген кітап тиіп, оның 118-ші бетінен «Қазақ батыры» деген екі беттік естелікті оқығанын айтады. Ол өзінің досы Бейсехан туралы екен.
1943 жылы Орталық майдан əскерлері қорғаныстан шабуылға көшіп, жүзден аса деревнялар мен үш қаланы азат етеді. Гвардияшылар майдан шебімен 80 шақырымдық жорық жасайды. Бұған реактивті миномет полкының жауынгерлері зор үлес қосады. Жаудың əскерлері мен техникаларын талқандай отырып, олар гвардияшыларға жол ашқан. Бұл тамыз айының соңғы күнінде болатын. Бейсеханның дивизионы алдын ала дайындалған ұрыс шебіне жетіп орналасу үшін таңертеңнен жолға шығады. Фашистер үш «Катюшадан» тұратын дивизионды байқап қалып, алапат соғыс машиналарын қалайда қолға түсіруге қам жасайды.
Дивизион белгіленген орынға келіп, техниканы ұрысқа əзірлей бастайды, сол мезет минометшілер де өздерін аңдыған жауды көріп қалады. Бейсехан дереу рациямен полкке хабарлайды. Командир: «Катюшаларды» жау қолына түсірмеудің барлық амалын жасаңдар, тіпті болмаған жағдайда жарып жіберіңдер» деп бұйрық береді.
Бейсехан жауынгерлерін жинап, жоспар құрады. Алдымен «Катюшаның» көмегімен жауға өлтіре соққы беріп, сосын тез кері қайту керек. Бірінші «Катюшаның» түймесін басуы сол-ақ екен, бірінің артынан бірі аспанды тілгілеген отты снарядтардың ышқынған даусынан құлақ тұнады. Жойқын атыстан əуе айналып жерге түскендей, дүниені бет қаратпас өрт шалғандай бір алапат болады. Жау жақтың естен тандыра ойранын шығарған осы ұрымтал сəтті пайдаланып дивизион кері оралады. Полк командирі майор Захаров дивизионның адамдары да, техникасы да аман келгенін көріп, əр жауынгерді құшағына ала ризашылығын білдіреді. Кейіннен полк барлаушылары «Катюша» болған маңда 33 немістің күйіп кеткен денелері жатқандығын айтып келеді. Осы ерлігі үшін командир Бейсехан Мірəзімов І дəрежелі, ал жауынгерлері тегіс ІІ дəрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталады. Полк комиссары Давыдов əлгі кітапта осы жайларды айтқан екен.
Бұл ерліктен кейін іле-шала қыркүйек айында Бейсехан кезекті ұрысқа шығар алдында партия мүшелігіне қабылданады. Ол оның бұдан кейінгі өмірінің өзегіне айналған еді. Ақыры 1945 жылы желтоқсан айында əскери бөлімнің командирі майор Брыкин мен саяси жетекші Гусевтің Красногор аупарткомына жолдаған саяси мінез- демемен оралады. Онда «…коммунист Мірəзімов жолдастың соғыс жылдарындағы тəрізді еңбек майданында да Отан алдындағы борышын қалтқысыз орындайтынына сенім білдіреміз», деген жолдар бар.
Қаруластарының бұл сенімін ол еселеп ақтады да. Соғыстан кейін Жамбыл облыстық Красногор ауданы атқару комитетінің жауапты хатшысы, аупарткомның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, ауатком төрағасының орынбасары, Свердлов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде болды. 1954-1958 жылдары Алматы Жоғары партия мектебінде білімін жетілдіріп келген соң бұдан да жауапты қызметтерге жоғарылатылады. Әсіресе, оның 1963 жылдан бастап оншақты жылдай алдымен аудандық партиялық-мемлекеттік (кейіннен халықтық) бақылау комитетінің төрағасы, сосын аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болған кезеңі қордайлықтардың жадында жақсы сақталыпты. Әрине, жақсы жағынан.
Мен осы мақаланы дайындау барысында майдангер хатшы Мірəзімовты жақсы білген, қызметтес те болған біраз адаммен тілдескен едім. Бəрі де оның іскерлігімен қатар адалдығын алға тартады. «Мен алпысыншы жылдардың екінші жартысында алдымен аупарткомның нұсқаушысы, сосын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болдым, деп еді былтыр ғана дүниеден озған Мырзақұл Үйсімбаев ақсақал. Бейсехан Мірəзімұлы өте қарапайым, сыпайы, тіпті, ашулануды білмейтін адам еді. Біз дайындаған құжаттардағы кейбір қатенің өзін кейбіреулерше ұрсып жекімей-ақ, «мына жерін былай етсек дұрыс болар» деп өзі түзетіп жіберетін. Сенбілікте де жұртпен бірге кірпіш тасып, ағаш кесіп жүргенін көргенде басқалар оған қарап бой түзеуге тырысатын».
Владимир Приезжев: «1972 жылы «Казсельхозтехника» бірлестігінде инженер-энергетик болып жұмыс істеп жүргенімде, бір күні аудандық партия комитетіне әңгімелесуге шақырылдым. Менің екінші хатшы Б.Мірәзімовпен таныстығым осылай басталды. Онымен жайбарақат сұхбаттасуда жұмысым жайлы, отбасым, тағы бір жайлар туралы сұрақтарына жауап беріп отырдым. Кенет, маған аупарткомның ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып қызметке келуді ұсынғанда дағдарып қалдым. Партия қатарына өткеніме бір жарым жыл ғана болған, аупарткомдағы жұмыстың ішкі жайынан мүлде хабарым да жоқ. Бейсехан Мірәзімұлы мұндағы жұмыстың оқу үрдісімен ұқсастығын, ұйымдастырушылық қабілеттер, адамдармен жұмыс істеу әдістері біртіндеп меңгерілетінін түсіндірді. Бұған дейін менде партиялық лауазымдық қызмет атқаратындар шетінен өркөкірек деген ұғым қалыптасқан-ды. Өйткені, ондай басшылар кездесетін. Ал, Б. Мірәзімовтың жетекшілігімен жұмыс істеген жылдары ол ойымның мүлде қате екеніне көзім жетті. Бекең кісілігі және адамдармен қарым-қатынас мәдениеті өте биік, өзіне де, қол астындағыларға жоғары талап қоя білетін ерекше адам екен. Барлық жағынан үлгі болатын. Мен оның қызмет бабын пайдаланып, өзіне бір жағдай жасапты деген сыбыс та естіген емеспін».
Ал, Тұрғанбек Байзақов ағамыз ол кезде институтты жаңа бітіріп келген жас маман. 1968 жылы «Көкқайнар» кеңшарында бөлімше агрономы болып жүрген оны ауданға екінші хатшы шақыртады. Барса оны артта қалған колхозға партия жетекшілігіне жіберу туралы ұсыныс күтіп тұрыпты. Бұған дейін де екі мәрте осындай ұсыныстардан бас тартқан ол, агроном болып жүре берейін деп тағы да ат тонын ала қашпақ болады. Сонда Мірәзімов оның қасына келіп отырып: «Қарағым, өз мамандығыңды сүйгенің жақсы. Бірақ, өмір бір орнында тұрмайды. Партиялық қызметте де шыңдалуың керек. Түсіне білсең бұл саған үлкен сенім, осы жолы бармасаң болашағыңа кесірі тиюі мүмкін» деп ақылмен көндірген екен. Одан Байзақов жаман болған жоқ. Оншақты жыл партиялық қызметте саяси тұрғыда шыңдалып, кейіннен облысқа үздік аты шыққан үлкен шаруашылықтың тізгінін ұстады.
Сондай-ақ, бүгінде Жамбыл облысының Құрметті азаматтары атанған Төле Сүгірбай, Анатолий Шупта, сондай-ақ, Балтабай Байділдаев, Ақлима Қабылбаева, Рашида Семирханова, Әбдібек Сейілханов, марқұм Әлхан Кожамқұлов сынды замандастары да бұрынғы майдангер хатшыны әр қырынан еске алған болатын. Бәрінің айтатыны Бейсехан Мірәзімұлының жоғары мәдениеті мен терең білімі, иман тазалығы. Көлденең жатқанға көз алартпайтыны, лауазымын пайдаланып, белден баспайтыны, сұраншақтығы жоқ адалдығы. Бірінші хатшы болған Василий Гордеевич Кравчук екеуінің арасындағы ерекше сыйластық пен өзара сенімнің таңғаларлықтай басқаларға үлгі болғандығы. Оның тәрбиесімен Социалистік Еңбек Ері Л.Хан, В.Городецкий, С.Сарғасқаев, Б.Әденов, И.Кәметов, Н.Бәзілов, А.Бражников, Ю.Морозов, В.Приезжев, Н.Бегалиева, А.Қабылбаева, Ш.Сатылғанова сияқты мамандардың іскерлігі бағаланып, аудан, облыс деңгейіндегі әртүрлі басшылық қызметтерге көтерілген болатын.
Бейсекеңнің отбасындағы тірлігі де көпке өнеге болды. Өкінішке қарай, қазір оның ұлдары Шоқан мен Мұқан өмірде жоқ. Ал, Мұқанның ұлдары Данияр мен Бақтияр білікті азаматтар болып өсіп келеді. Данияр облыстық кәсіпкерлік палатасында сарапшы болып жұмыс істесе, Бақтияр «Болашақ» бағдарламасымен Англияда оқып жүр. Бейсекеңнің қыздары да отбасын құрып, Күлиман Қордайда, Гүлхан Алматыда, Мален Бішкекте балалы-шағалы. Біз оның Таразда тұратын қызы Райхан Сапарбекованы жақсы білеміз. Ол Қордай ауданында сауда саласында әртүрлі басшылық қызметтер атқарған. 1993 жылдан қазақ қыздары арасында облыстық тұтынушылар одағын басқарған республикадағы алғашқы әйел атанды. Ері Зәмірбек ішкі істер қызметінің отставкадағы подполковнигі, қазір де нотариус болып жұмыс істейді.
– Мен әкемді өзіме үлгі тұттым, – дейді Райхан Бейсеханқызы. – Анамыз да бала күнімізден әкеміздің атына кір келтірмеуімізді, босқа мазасын алмауды, оның ел алдында жүрген азамат екенін құлағымызға құйып өсірді. Әкем көпшіл, жайдары, қалжыңқой адам еді. Дана халқымыз «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген. Мен облыста қызмет етіп жүргенімде де әкемнің көзін көрген, бірге қызмет атқарған елге танымал тұлғалармен кездестім. Атап айтсам, Серік Үмбетов, Ғайникен Бибатырова, Нәмелбек Кемелбеков, Лидия Ахметова, Нұрдәулет Әлібеков, Шура Нүсіпова, Нариим Сейдалиев сынды ағалар мен апалардың әкем туралы жылы лебіздерін, естелік әңгімелерін естігенде кеудемді шаттық кернеп, бойымды қуаныш билеп кететін.
Биыл еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуде. Мен әкемнің осы Жеңіске лайықты үлес қосқанын мақтан етемін. Әкемнің өнегелі өмірін балаларым мен немерелеріме үлгі етемін…

Иə, сұрапыл соғыста «Катюшаның» командирі болған майдангер еңбек майданында да жұртты жасампаздық істерге жұмылдыруда парасатты да сырбаз еңбектің шынайы үлгісін көрсетіп еді. Оның жауынгерлік наградалары кейін «Құрмет Белгісі» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, үкіметтік грамоталар, алғыс хаттар түріндегі марапаттаулармен толықты. Ол туралы облыстық, аудандық мұражайларға фотодеректер қойылған. Cөзіміздің басында сонау 1994 жылы аудан орталығында бір көшеге есімі беріліп тұрып, бекімей қалғанын айтқан едік. Енді осы олқылықтың орнын толтырып, Отан үшін, ел үшін қан мен терін қатар сығып берген, кезінде өнегелі басшы, жұртына аға болған Бейсехан Мірəзімов сияқты əдебі бөлек азамат тұлғаға Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында, аудан орталығындағы келісті бір көшеге есімі берілсе рухына құрмет, бізге мəртебе болар еді.

Құрманбек ƏЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қордай ауданы.

ПІКІР