"Шабыт"

Арғымақ тектес арынды ақын

Written by Aray2005

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында оқыған жанның жүрегіне өршіл рух, көңіліне асқақ жігер берер отты жырлары өлеңсүйер қауымды дүр сілкіндіріп, поэзиямызға тың леп, соны серпін әкелген көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы ағымдағы жылы ердің жасы 50-ге ат байлап, ақынның мерейтойы ел көлемінде жоғары деңгейде аталып өтуде. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде, Қазақ-Америка университетінде, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында аншлагпен өткен ақынның мерейтойлық кештері ел есінен кеткен жоқ.
Алақандай ғана Игілік ауылының (Сарысу ауданы) топырағына аунап өсіп, есімі алты Алашқа танылған Маралтай Райымбекұлы таяуда туған жеріне табан тіремек. Дәлірек айтқанда 20 мамыр күні облыстық қазақ драма театрында ақынның «Жұлдыз аттас жалғыз шаһар жердегі» атты әдеби-музыкалық кеші өтпек. Арғымақ тектес арынды ақынның кешіне Ұлықбек Есдәулет, Несіпбек Дәутайұлы, Мереке Құлкенов, Есенғали Раушанов, Мейірхан Ақдәулетұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Нұртілеу Иманғалиұлы, Светқали Нұржан, Берік Жүсіпов сынды елімізге белгілі ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатыспақ.
Біз өз кезегімізде қазақ поэзиясының қанжығасына олжа байлаған қаламгерді мерейтойымен шын жүректен құттықтап, арнайы топтаманы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯДАН

Маралтайдың ақындығына талайдан бері сүйінетін ағаларының бірімін. Ақ көңіл, ақ пейіл, адал көкірек жас ақынның болашағынан үлкен үміт күткендердің бірі мен едім. Оның өлең жолдарындағы тегеурінді ойларға ішіңнен риза боласың. Жап-жас баланың жасқанбай өз ойын жарқыратып айтатыны оны қалаған оқырман кеудесін жақсы күйге, зор шабытқа бөлейді.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ,
Халық жазушысы

 

Маралтайдың сол жасында біз мұндай батылдыққа бара алған жоқпыз. Әрине, ақындық өлшемінің шегі біз деуден аулақпын. Көк аспанның қожасы жалғыз өзі секілді қалықтап, жемтігін көргенде төменге құлдилап, бас-көзге қарамай бауырына басатын дала қыраны болатын. (Қазір олар тым сиреп кетті). Маралтайда сондай қыран мінез бар.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,
Халық жазушысы, ақын

 

Көп оқып ғалым болуға болар, бірақ шын ақындықтың жөні бөлек. Ақынды ешқандай оқу орны қалыптастыра алмайды. Ақын болып жаратылады. Мен бұл сөзді Маралтай ініміздің «Кентавр» кітабындағы өлеңдеріне қарата айтып отырмын.

Асанәлі ӘШІМОВ,
Халық артисі

 

Бiрден айтайын, «Алтынкөпiрлiктер» атауын мен ойлап тапқам жоқ. Бұл сөз – Маралтайдың сөзi. Ол өз толқынының әдебиетке келу кезеңiн осылай атаған. Яғни ол толқын сол бiр сапырылысы да, алыс-жұлысы да көп, бүкiл ел тауқыметтi, таршылық заманды басынан өткерiп жатқан тұста, көп ақын-жазушыларымыз не iстерiн бiлмей абдырап, дағдарып, қаламы мен қағазынан көз жазып қалғандай болған кезеңде ұлы мәртебелi поэзияның кешегi жағалауын ертеңге, яғни бүгiнгi жағалауға қосқан көпiр мiндетiн атқарды. Шын мәнiнде алтын көпiр бола бiлдi.

Темірхан МЕДЕТБЕК,
ақын, Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

 

Маралтай Райымбекұлының шығармашылығы тоқсаныншы жылдардағы жас ұрпақтың санасы мен жанындағы жаңару мен жаңғыру, толқу мен түлеу, абдырау мен абыржу, қамығу мен күйзелу, аласұру мен алға ұмтылудың, махаббат пен ғадауаттың бейнесі. Тәуелсіздік тарихи сананың оянуы мен ұлттың рухани серпілуіне алып келді. Ұлт өзінің тамырын және тағдырын іздей бастады.

Ерлан ЖҮНІС,
ақын, «Дарын» жастар
сыйлығының лауреаты

 

Мыңжылдықтар тоғысында қазақ өлеңіне мезгіл мінезіндей құйындатып келген ақындардың бірі – Маралтай. Қазақ халқының елеулі кезеңіне айналған өліара шақта әдебиет табалдырығын аттаған. Ол – белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлы айтпақшы, «Өлеңдегі өтірік ызылудың салтын бұзған ақын». Өз кеңістігін өзі місе тұтпаған шайыр «дәстүрден тыс» өлеңдер жазды. Ол шығармалары белгілі бір жүйеге бағына алмайтын ақынның мінезіндей дауылды да жауынды дүниелер болатын. Өмірді өзінің жүрегінен шыққан жырлардың тағдыры деп түсінетін, басын тауға да, тасқа да соққан тағдыр иесінің көз жасы деп білетін Маралтай ақынның шығармашылығы – бір сөзбен айтқанда, адамдық және азаматтық қасиеттердің жиынтығы.

Хамит ЕСАМАН,
ақын, ҚР Жазушылар одағы
Жамбыл облыстық филиалының төрағасы

ПІКІР